Мәтел. Ұяты жоқтың тойы бітпейді д.м. ~ Елең-селеңге табиғатынан жоқ ол, «арсыздың айты алты күн» дегендей, көп қыдырыстамайтын да. Ш.Құм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АРТ АЙНАЛАР ЖЕР ЖОҚ
Өте тар, тығыз, аяқ басар жер жоқ. ~ Ителгікөз қапелімде тынысы бітіп бара жатқандай болды да, соңынан түтінді қолқасынан созалаңдата шығарды. Тіпті орнынан да тұрып кетті. Ары-бері жүргісі келіп еді, тар бөлмеде арт айналар жер жоқ-ты. Ш.Айт.
АРТҚА ТАСТАП КЕТТІ
Көш ілгері озып кетті, шаңын қаптырды. ~ Біздің қазақ балалары математикадан әлемдегі ең мықты балалар. Көке, дүниежүзі бойынша 425 мың оқушының математика пәнінен білімін тексерген бір зерттеуде қазақ жастары ағылшындарды артқа тастап кетті. Зерттеудің нәтижесінде 37 елдің ішінде қазақтар бесінші, ағылшындар жетінші орын алды. Қ.Түм.
АРТТАН КЕЛЕР (КӨМЕК)
Ауылдағы әке-шешесінің, басқа жақындарының демеуі. ~ Арттан келер көмек жоқ. Бірі – жесір кемпірдің баласы, бірі – жетім. Т.Сәу.
АРМАН ҚУДЫ (ҚУАЛАДЫ)
Арман-қиялының жетегінде кетті. ~ Сеніменен бас қоспасам, бұл қалада не қимақ бар? Қимас кімім бар сенен басқа? Кетемін, кетемін алысқа арман қуып…» Н.Сер. ~ Әз-ана ауылдан аттанған ұлын «Арман қуып кетті» деуші еді ғой. Бұл қайдағы Арман. Менің көңіл көгімді қас-қағымда тілгілеп өткен ой тіркесі осылай. Ә.Ысқ. ~ Керек десеңіз мен әлгі Қозы мен Баян күмбезін де жай ғашықтарға арналған күмбез дей алмаймын. Халық арман қуалаған әманда. С.Шәй.
АРМАН ҚҰСЫ
Жүрек қалауы, қиялындағы ғашығы. ~ Ждақай осы үйдің жалғыз қамқоршысы тәрізденіп, Шегенің жанашыр досы тәрізденіп қала беруі керек. Сонда мұның арман құсы алдынан өзі-ақ шығып, қолына қонбақ. Құшағына топ ете түспек. С.Ел. ~ Өткен уақыт… оттарымды тонаған, Қайда ұшсаң да… арман құсым, бол аман. Нені сезіп, нені білді? бұл күнде, Сені маған жамандайды «Сол адам»… Қ.Бұғ.
АРМАНДА КЕТТІ
Дегеніне жете алмай кетті, мақсат-мұратына қолы жетпей, құса боп өмірден өтті. ~ Бәтішті тауып алды. «Ел құлағы елу», естімей тұра ма? Елінен кісі келіп, көп шүйінші беріп алып кетті. — Сорлы-ай! Арманда кеткен екен! — Ой, бәрекелді-ай!— десті жігіттер. Ж.Айм. ~ Қайран Базаралы-ай, күнің өтті-ау… Сен болсаң, тым құрыса, адал жолыма арам қанды қатар төгісіп қалар ем-ау! Азаматым-ай, арманда кеттің-ау!— деп отыра кетті. М.Әу. ~ Тектұрмас деген батыр… Айша Бибі сұлу қалындық. Тектұрмасқа жетуге бір күншілік жер қалғанда сол күмбез көтерілген жерде, қаза болған… ─ Екеуі де арманда кетті десеңізші?…─ Иә, арманда кеткен, ─ деп Бағдан күрсінді. С.Шай. ~ Менің ойыма өз заманынан бұрын туып, арманда кеткен үлкен жанның бейнесі біржола ұялап, шегеленіп қалды. Ғ.Мүс. ~ —Шіркін боздақ, арманда кетті ғой! Әйтпесе, адам болатын баланың бірі еді! Б.Соқ.
АРМАНДА ӨТТІ
Өмірі діттеген тілегіне қолы жетпей өтті. ~ Жалғасудың орнына жыртылатындары да бола бермей ме? «Арманда өтті» дейтін ғашықтар солар емес пе? С.Мұқ. ~ Каншама ер-азамат туған жерге жете алмай, туған елдің топырағында өскен қызыл гүлдей қыздардың ақ жүздерін көре алмай, арманда өтті. Ә.Нұрш.
АРҚАСЫН АЛДЫРДЫ
Запы болды, қорлық көрді. ~ Өзінше сұхбатты демеп, шалды көтермелеген түрі еді. Жапекең де тыныш отырмай: «Е, мен не деп едім осы?» — деп, тілін қышытып, әңгімеге итермелеп болмады. Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме деген. Ақыры, міне, кәрі айғырға арқасын алдырды. М.Қаб.
АРМАН-ҚИЯЛ ЖЕТЕГІНДЕ (ЖҮРДІ)
Тәтті ойға беріліп кетті. ~ Арман-қиял жетегінде жүрген Шәмші Қалдаяқов жас шағында, бір күндері сыған таборына
қосылып кетіп, сол табордағы Изольда деген сыған қызына ғашық болады. Сол ғашықтық сезімінен «Сыған серенадасы»
атты ән өмірге келеді. БАҚ. Ту сыртымнан өткір пышақ жараласа Қалдым ба екен арман қиял жетегінде? БАҚ.
