Жасарғандай болды, қутыңдап шыға келді. ~ Менің мысымды құртып отырған жайларды жоғарыда жағалатып айттым.
Дегенмен саған ойымды айтқан соң арпа жеген аттай қунап қалдым. Пұстыларымыз жас жүрсе қунайды, қарт жатса
қунайды дейді ғой. Ал мен сенімен сөйлескенге-ақ қунап, қарға аунаған түлкідей жайнап қалдым. Б.Қыд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АРҚАСЫН КЕҢГЕ САЛДЫ
Бейғам, жайбарақат, алаңсыз күйге түсті; байыпты күн кешті. ~ Үлкен шаһардың ың-жыңға толы асығыс өмірі жүйкесін әбден жұқартып тастаған ба, әйтеуір ел ортасына жеткелі бері арқасын кеңге салып, пейілді жүр. О.Сәр. ~ Айналадағы дүмпуден сескенсем де күдiктенбедiм. Арқамды кеңге салдым. Қылша мойныма қыл тұзақ түскенше сенгем жоқ. Т.Сәу. ~ Матеннің мейманасы тасып, арқасын кеңге салғаны сонша, әлгі сөзге титтей де ашуланбады. Қ.Жұм. ~ Атам да «оқу қайда қашады, барасың әлі» дегендей, арқаны кеңге салып асықтырмады. Ә.Асқ. ~ Алдарында — көшпелі елдің арқасын кеңге салып сайрандайтын ұзын сонар жаз. Тойлы, ойын-күлкілі, әсем айлы түңді, ыстық сезімге толы думанды, қызық жаз. С.Елу. ~ «Ұшарым аман болса, аштан өле қоймаспын» деп, арқасын кеңге салатын. Т.Сәу.
АРПА ІШІНДЕ БІР БИДАЙ
Елден ерек, басқаларға ұқсамайды. ~ Омбы дамаларының бағасында бұл қалада нелер сымбатты сұлу жігіттер болғанмен, Шоқан «арпа ішінде бір бидай», «қаршығалар ішіндегі лашын». С.Мұқ. ~ Қызылқұлақ күнің әне-міне дегенше қылпылдап батып кетеді, тез барып, тез келмесек, қараңғыда арбаны аударып аламыз. Арпа ішіндегі бір бидай арқардың жайын жолшыбай менен сұра, сен тыңда, майын тамызып айтып беремін. М.Қаб. ~ Жұрт оған одырайып қарайтын, езу тартып күлетін, бас шайқап мүсіркейтін… бірақ «арпа ішінде бір бидай» әпенді кемпірдің жан түкпіріне үңілген кім бар? Т.Сәу. ~ Е, Сәлиманы білуші ме едің? Арпа ішіндегі бір бидай ше? Қазір көрсең, танымайсың. Қол-аяғы балтадай сылыңғыр келіншек. М.Қаб. ~ «Иә, біреудің «арпа ішінде бір бидайы», әлпештеп, әндігерлеп өсірген қарақат көз еркесі, бір ауылдың көркі еді ғой Қырмызы. Ш.Рах.
АРҚАСЫН ТОСТЫ
1.Озбырлыққа мойын ұсынды, көндікті. ~ Міне! Орыстың малайлары неге үнін шығармайды, таяққа арқасын тосып жүре береді, өз байларын атпайды? Ә? Қазақ малайынан олар әлде қайда ақылды емес пе? Ж.Айм. ~ Ондағы ойы — халық әлі де болса асаулық танытып, мінез көрсете ме, жоқ әлде қара тұяқтан хал кетіп болдырған жылқыдай, кессең — міне, басым деп, арқасын тосып тұра бере ме, соны сынап көрмек еді. Қ.Жұм.
2. Қиындыққа жасымай, төтеп берді. ~ Нар көтерген ауырға Арқасын тоссын жасымай! Ж.Жаб. ~ Жетекке жүрмейтін ағайынды ел қылам дейсіз. Қияметте ақыл қоса алмайтын, қиянатта арқасын тоса алмайтын масылдың несі ағайын, жаттан несі кем? Қ.Ысқ.
АРҚАСЫНА АЯЗДАЙ БАТТЫ
Жанын қинады, жүрегіне ауыр тиді. ~ Анадайдан орағытып өтсе де, Ақбөбектің ауыр халін алыстан сезіп, арқасына аяздай батып, біртүрлі аяп кеткен. Ү.Жлк. ~ Жуықтан бері «қызылдар жеңсе, байларды тәркілейді, мал-мүлкін кедейлерге тегін үлестіріп береді» деген суық хабар шығып, арқасына аяздай батып жүрген. Б.Тоғ. ~ Абылайдың аруағынан, Қасым төренің қаһарынан сескеніп, не істеуді білмей, оның үстіне абыройы айрандай төгілген қызының күйігі де арқасына аяздай батып отырған Байболат ақсақалға Кенесары көп кешікпей «Күнімжанды маған берсін» деп кісі салған. І.Ес. ~ Әсiресе, араларындағы жалғыз шешелерiнiң халi Жапардың арқасына аяздай батты. Ә.Ыб. ~ Сол жайдың арқасына аяздай бататындығын айта келіп, шапағат-мейірім мол ханнан рақым тіледі. П.Дүйс.
АРҚАСЫНАН ҚҰМЫРСҚА ЖҮГІРІП ӨТКЕНДЕЙ БОЛДЫ
Денесі шымырлады, жүрегі мұздады. ~ Мұны естігенде Голощекиннің денесі мұздап, жон арқасынан құмырсқа жүгіріп өткендей болған. Б.Тоғ.
АРҚАУ ЕТТІ
Негізгі тақырып етіп алды. ~ Алдындағы ағалары секілді, Сейтжан Омаров та Қазақстанда кеңес өкіметі орнаған кезеңді, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы, Тың секілді қадау-қадау тақырыптарды шығармаларына арқау етті. Қ.Ерг.
АРҚАУЫ БОС
Жасық, бос белбеу. ~ Бірақ бір оларға емес, бүкіл халыққа туған күн ғой. Оның үстіне Торғын да арқауы бос, ашық ауыздарға жатпайды. Далбассыз болмаса керек. К.Қаз. ~ Келіншектің көңілі Тұрардан қатты қалды. Араларын жалғастырып тұрған, онсызда арқауы бос нәзік жіп үзіліп кеткендей. Т.Сәу.
АРҚАУЫ БОСАДЫ
Әлсіздік танытты, жүні жығылды. ~ Бар қайратын жиып өзін қайрап ұстаған Уәли енді арқауы босап окоптан басын көтергісі келмеді. Т.Ахт. ~ Сары бала әжесін алдаудың тәсілін біледі. Жүгіріп кеп мойнынан құшақтады. Бибі апаның арқауы босап кетті. С.Елу. ~ Алдындағы адамның арқауы босап, жүні жығылып, ішкі тіреуі сынып, желді күнгі қамыстай майысып тұруы өзінің беделін асырып, қасиетін көбейтіп, қайратын еселеп, аруақтандырғандай жігерлендіре түсетін. С.См. ~ Арқауы босап отырғанда адамға сөз біткеннің қандайы да сүйеу бола алмайтынын Байтаңат шал жақсы ұғушы еді. Ғ.Сл.
АРҚАУЫ ҮЗІЛДІ
Мән-мағынасы жоғалды. ~ …күйеуінің жылын берген күннен былай Ақбөпе үшін бұл тұрмыстың арқауы үзілгендей болды. С.Жүн.
