ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АРСА-АРСАСЫ ШЫҚТЫ
Тоз-тоз болып, берекесі кетті. ~ Жапырағынан айырылған селеу-селеу кәрі бұтақтың басында қарқылдаған тозған қара тағандай сөзі де, басы да бірікпейтін бізде енді не қауқар қалды. Әділ билік те түтеленіп барады. Аз жылдың өзінде ел билігі шабағы тозған арбаның доңғалағындай арса-арсасы шықпады ма? С.Жүн. ~ Үстіндегі көкжелегін тұт жалаңаш сыпырып алып, төбесіндегі мың жылдық мұзарт еріп, арса-арсасы шыққан кәрі тау сорасы ағып жылап тұрды. Т.Сәу. ~ Олар да қазір жемін оңайлықпен таба алмай, көк теңізде сабылып жүр. Таңдай жібітер су іздеп, жаны қыдырып жосып кеткен осы теңіздің азын-аулақ балығын қуа-қуа қазір арса-арсасы шыққан. Еті азайып, сүйегі өсе берген. Әсіресе сүйектері арбиған баста үңірейген қомағай көз бен ауыз ғана. Ә.Нұрп.
АРТЫ ҚЫЛП ЕТТІ
Кенеттен бойын үрей кернеді, жүрегі ұшты. ~ Кенет гүрілдеген машина даусы шықты. Биекеңнің арты қылп ете қалды:
«Мына иттер әлі де осы жақта жүр екен ғой». Қатынына «бар, қарашы!» ─ дегенше болмады, есік ашылып, шетен қалпақ
кіре берді. С.Шәй. ~ Бұл сөзді естігенде Пайсаның арты қылп ете қалды. Сонда да сыр бергісі келмеген
Пайса: — Адамға? Оны кімдер атты екен? Мен мылтықсыз барғанмын. Өзім бұхаралық болып Қоқан
жеріне қарумен барсам, олар тірі жібермес мені. АҚ. «Арпалыспен…»
АРС-ҰРС ЕТТІ
Арсылдасып, өршелене арпалысты. ~ Сені кім отқа салған шырылдатып, Қойыпты тамағыңды қырылдатып. Құтырған көк
төбеттей арс-ұрс етіп, Бақсыны кім әкелген ырылдатып. С.Тор. ~ Олар бір-біріне бураша шабынып тұрып, сарт-сұрт ұстасып
қалысты. Шолақ дамбалдан басқа етінде дәнеме жоқ, бірін-бірі жұлқыласып, езгілесіп, жеп жүр. Екеуі де пар келіскек екен,
аударылып-төңкеріліп, арс-ұрс етіп алысқанда халық шулап орнында отыра алмады. І.Жан.
АРТЫҚ КЕТТІ
Жараспайтын қылық жасады, шектен шықты, өз-өзін тежей алмай қалды. ~ Е, мен ондайды көңіліме тоқи беретін адам емеспін, қарағым. Өз асығыстығыңды өзің білсең, өз артық кеткеніңді өзің түзей алсаң, болды. Ғ.Мүс. ~ Арызыңыз тексеріледі, тексерілмей қалмайды. Бірақ, ол үшін біраз уақыт қажет. Мүмкін, сіз де кінәсіз емес шығарсыз. Сіз жолаушы жолдастардың да артық кеткені бар шығар. Б.Соқ. ~ Бірақ, қылп еткен қимылдың артық кеткен ағаттығы қырғыншылыққа, жайы келсе әлсіз-күйсіздер тұқымының құрып жоғалуына ұшыратар қатерін ол қайдан аңғарсын?! Ғ.Біл. ~ Ит неме, өзім ғой, өзім… Қырсық… Артық кеттім-ау деп, күні бойы бармағымды шайнап ем. М.Қаб.
АРСЫ МЕН КҮРСІ
Қуатты, мықты, күштілер д.м. ~ Керей Қожаберген жыраудың Абылайға айтқаны – Абылай! Сен мен көргенде Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Әбілмәмбет ағаңа Қызметкер болған ұл едің, Үйсін, Төле билердің Түйесін баққан құл едің. Сен жиырмаға келгенде Ақсұңқардай түледің, Алыстан тоят тіледің. Ақтан болды күніңіз, Арсы менен күрсіге Дау таласты үніңіз, Енді сенің бұл күнде, Бір көшеге сыймайды Азаткер де құлыңыз. А.Байт.
АРТЫҚ КЕТІП (АЙТЫП), АҒАТ БАСТЫ (КЕТТІ)
~ «Көресiнi отары қылған елден көрiп, ата мекенге көш түзеген аз қалмақты аяй көрiңдер. Артық кетiп, ағат басқан әрекетiмiз үшiн кеңдiк жасап, кешу жасаңдар. К.Сег.
~ Артық айтып, ағат кетсем, ренжи көрмеңіз, – деп ол иіліп тағзым етті де, ошақтың отын тұтатты. К.Сег.
АРСЫЗДЫҢ АЙТЫ АЛТЫ КҮН
Мәтел. Ұяты жоқтың тойы бітпейді д.м. ~ Елең-селеңге табиғатынан жоқ ол, «арсыздың айты алты күн» дегендей, көп қыдырыстамайтын да. Ш.Құм.
АРТ АЙНАЛАР ЖЕР ЖОҚ
Өте тар, тығыз, аяқ басар жер жоқ. ~ Ителгікөз қапелімде тынысы бітіп бара жатқандай болды да, соңынан түтінді қолқасынан созалаңдата шығарды. Тіпті орнынан да тұрып кетті. Ары-бері жүргісі келіп еді, тар бөлмеде арт айналар жер жоқ-ты. Ш.Айт.
АРТҚА ТАСТАП КЕТТІ
Көш ілгері озып кетті, шаңын қаптырды. ~ Біздің қазақ балалары математикадан әлемдегі ең мықты балалар. Көке, дүниежүзі бойынша 425 мың оқушының математика пәнінен білімін тексерген бір зерттеуде қазақ жастары ағылшындарды артқа тастап кетті. Зерттеудің нәтижесінде 37 елдің ішінде қазақтар бесінші, ағылшындар жетінші орын алды. Қ.Түм.
