АРҚАСЫ БОСАДЫ

Әлдебір жұмыстан, міндетінен босап, тыным тапты. ~ Көктемгі егіс аяқталса, пішенге түскенге дейін біраз бір күндер болады. Бұл шаруа адамының арқасы босайтын бір шақ. С.Шәй.

АРҚАСЫ БОСАДЫ Read More

АРҚАСЫ ЖАЗЫҚ

Пейілі кең, қолы ашық жомарт адам т. ~ … ал үшеуін үш жаққа бөліп жіберсең, … кешегі алды дарқан, арқасы жазық кеңпейілің – қой аузынан шөп алмас көнтері момынға, жігерсіз ынжыққа, кешегі қызылсөзден түйін түйген кемеңгер ділмарың – әншейін жағын сауып зар қақсаған арзымсыз бәдікке, кешегі ерке шора ерің – өз жағасын өзі жыртып, көрінгенге көз алартқан арсыз ұрыншаққа айналып шыға келер-ді. Ә.Кек.

АРҚАСЫ ЖАЗЫҚ Read More

АРҚАСЫ ЖАЗЫЛДЫ

Бойының құрыс-тырысы жазылып, жайдарланды. ~ «Жарайсың, Сауқа, топты жарып шықтың ғой, қарсы жақты жерге тұқырттың, бәйге аттай алдында келдің, арқамыз жазылып қалатын болды», – деп жиналған ел адамдары мақтаныш ете сөйлеп отырды. Ә.Шәр. ~ Еңіске қарай сатылы арба жылдам жүріп кеткенде Байжұман ата өзінің замандасы Орынбайды байқамай, сәлемдеспей өте шыққан ғой. Бастан құлақ садаға деген. Бас аман. Жон арқасы жазылар. Ш.Мұр.

АРҚАСЫ ЖАЗЫЛДЫ Read More

АРҚАСЫ КЕҢ АДАМ

~ — Сендер сияқты қашанғы үйкүшік болып отырайын. Ошақ түбін аңдуды саған–ақ бұйыртсын. Менің қатыным жоқ, балам жоқ. Салт басты, сабау қамшылы, арқам кең адам емеспін бе. Сен–ақ қатыныңды құшақтап жата бергін. Б.Мом.

АРҚАСЫ КЕҢ АДАМ Read More

АРҚАСЫ КЕҢІДІ

Өзін еркінірек сезінуге мүмкіндік туды, көңілі жайланды. ~ Сұлуды Алтай сүйіп, деді: «Қалқам! Оңаша кездесіп бір кеңіді арқам. Сонда да күйеу келед деген сөзден, Жүрегім күні бойы болды талқан. С.Мұқ. ~ Жұрт арқасының кеңитін тұсы – мамырдан басталған сары жаз. Т.Әл. ~ Зигфрид атқа үйренгеннен бастап Ахаңның арқасы кеңіді. Таңертең ұлын атқа мінгізіп жібереді де, рахаттанып отырып, шайын ішеді. М.Мағ. ~ … қасқырлардың ортасына түскен қызыл түлкідей қайда тығыларын білмей ыңғайсызданды да, ән басталғанда ғана арқасы кеңиін деді. С.Жүн. ~ Тауларым да тұрады қалқан болып, Соны көріп қалады арқам кеңіп. Өлі ұйқыдан осылай оянамын, Оянамын, көңілім талқан болып. М.Мақ.

АРҚАСЫ КЕҢІДІ Read More

АРҚАСЫ ҚОЗДЫ

Рухтанды; шабыттанды. ~ Байтақ шаһардың барша көк күмбездері мен көк мұнаралары да байлаудағы тұлпардай арқасы қозып жер тарпып тұрғандай, күллі дүние тітіреп кетті. Ә.Кек. ~ Бір оқыған мәтінді жаттап алатын ерекшелігі, орысша-қазақша таза сөйлейтін ерекшелігі, мінберге шыққанда арқасы қозып, тақпақтай жөнелетін таланты, және басқа қасиеттері бастықтарға ұнады: халық қалаулысы да болды, уәзір тағына да жантая кетті. Ә.Тар. ~ Әр қазақтың ат десе, алғыр құс десе арқасы қозып тұратыны да осыдан болса керек. Астындағы аты үшін небір қияметке де көнуге бар. Б.Мом. ~ Зағипа: — Өлең жазарда ақындардың арқасы қозып кететін көрінеді ғой,— деп кейуананы жұбатты. Т.Әл.

АРҚАСЫ ҚОЗДЫ Read More

АРҚАСЫ ҚҰРЫСТАДЫ (ҚҰРЫСТЫ)

Ашуы келді, ыза болды, жаратпай қалды. ~ Кедей-кембағал, жетім-жесірге тізесін батырмаса ішкен асы бойына сіңбейтін осы әпербақанды көргенде бұның да арқасы құрыстап қоя беретін. С.Ел. ~ Жастық шағымның барлық өкініші үшін барлық көрген қорлығым үшін кегімді қайтаруым керек! — деп жұдырығымен үстелді қойғылады арқасы құрыстаған Федор Павлович. Ф.Дос. ~ Төле мана таңертеңнен бері–ақ Жәнібектің мынадай тар заманға жараспайтын манаураған маңғаздығын, қолындағы темекісіне дейін ұнатпай, арқасы құрысып отырған–ды. Қ.Жұм. ~ Әй, Бәтжан, осы көп мыжыған сөз не керек, көне бірер ауыз өлең айтып, мына арқасы құрысқан шалдардың терісін жазайықшы,— деп, домбыраны алып, шертіп-шертіп жіберді. С.Жүн.

АРҚАСЫ ҚҰРЫСТАДЫ (ҚҰРЫСТЫ) Read More

АРҚАСЫ ҚЫЗДЫ

Бойына желік бітті. ~ Арқасы қызып, домбыраны алып жіберіп қызық қисса секілді жырлап шыққысы бар. Д.Дос. ~ Ортаға шыққандар көбейген сайын кезек күтіп отырғандардың арқасы қыза түскен сияқты. Ә.Кек.

АРҚАСЫ ҚЫЗДЫ Read More

АРҚА-ЖЕҢІ КЕҢІДІ

Өзін еркін сезіне бастады; жайланды. ~ Ол ендi орнына жайғасқан Пұсырманға көз қиығын тастап қойып, арқа-жеңi кеңи бастаған жұрт тiзгiнiн тездетiп қолына алғанды жөн көрдi. Б.Алд. ~ Болмаса да самсаған тал-терегі, кең болатын қазақтың арқа-жеңі. Отын іздеп, су іздеп жүргенде де, даламыздай жанымыз дарқан еді. Ф.Оңғ.

АРҚА-ЖЕҢІ КЕҢІДІ Read More

АРҚАСЫ ҚЫШЫДЫ

Әлдебір жамандыққа, таяқ жеуге көрінді. ~ Саймаранға тиген соққы өздеріне тиетінін сезгендей, Қаблан мен Қаратай қамшы тиместен ыршып жатыр. Арқасы қышып жатқан болар дегендей Мәди анда-санда оларға да қамшының ұшын садақша атып тұр. Ә.Әб. ~ Жирен қасқаның дауысын естісе ақырда тұрған аттың арқасы қышитын еді, керік ұстаған шал біткен қырғын боп шуласып, айғыр емес, ауылға аю алып келдің деп қарғысының аяғын Веттехниктің адресіне бағыштайтын болған. Қ.Ысқ.

АРҚАСЫ ҚЫШЫДЫ Read More