Ынтымағы, ауызбірлігі жоқ, сан-саққа бөліну. ~ Ол қазақтың еркін күнін, ескі дәуірін жоқтады, бұрынғы өткен ерлерді, батырларды, билерді жоқтады Ол күндегі байлықты, берекені, бірлікті, ерлікті, серілікті өлеңге қосты. Бері таман келген соң, қазақтың алты ауыз болып орысқа бағынғанын, елдің азғанын, жаттан көрген зорлығын, қала салғанын, жерді қақол алғанын, қол-аяқты кісендеп, жылдан-жылға өрісті тарылтып бара жатқанын сөйледі. Ж.Айм. ~ Алты ауыз қып қазақты, Басында патша ел алды. Елді өзіне қаратып, Төре, сұлтан шен алды, «Түтінге төрт теңгеден» Шаңырақ ақша жем алды. Алғашында алдаумен «Терісіндей өгіздің» Деп қана сұрап жер алды. Сол жеріне кент салды. І.Жан.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛМА МОЙЫН, АРШЫН ТӨС
Келбетіне көз тойғандай. ~ Жұғымды ғана, биялайға жуық кісі тəрізді. Несі бар? Бұрынғы қатыны да пəлен алма мойын, аршын төс кісі емес- ті. Ж.Айм. ~ …келесі мезетте көгілдір айдынның бетімен көгілдір жиекке қарай жүзіп бара жатқан.., келесіде көгілдір алқапта төбесінен төмен қарай көк гүлдер жауып тұрған.., келесі бір сәтте алқынған ақ бұлақтар алма мойын, аршын төсін аймалап аққан… Ия, ия, осының бәрі лезде із–ғайым жоғалып, денесін әлдене түтіп жеп жатқандай, сұрапыл сұмдықпен азап шегеді. Н.Дәу.
АЛТЫ БАҚАН АЛАУЫЗ (АЛА АУЫЗ)
Бір-бірімен сыйыспайтын, қырық пышақ дүрдараздық туралы. ~ Бірақ… Қарақалпақ жақсылары баяғы алты бақан алауыз қалпы… Нұртай олардың сөз әлпетінен шошып келеді… Бір оқыс іс көрсетуі керек… З.Шүк. ~ Айналайын елім-ай, алты бақан алауыздық атадан жауың емес пе еді? С.Дос. ~ Жасы жетіп қажығандікі ме, әлде ағайын арасының алты бақан, ала ауыз болып, діңкеге тигендігінен бе, әйтеуір соңғы жылдары әке мінезінде көп өзгеріс бар. Қ.Жұм. ~ Ру-руға бөлініп, басы бірікпей жүрген алты бақан, ала ауыз көшпелі жұртқа шынында да осындай бір орталық керек сияқты. Қ.Жұм. ~ Бірақ сенің жолың да тым оңай болмас. Әркім өз лағын текешік қойғысы келетін, алты бақан, ала ауыз елің — мынау. Қ.Жұм.
АЛҚЫМЫНА ТЫҒЫЛДЫ
Дем алуы қиындады. ~ Шал күмілжи беріп, алақанымен аузын басып күрк- күрк жөтелді. — Баламнан артықсың, иә. Сенен айрылып қал-сам… — Әлдебір түйнек тағы да алқымына тығылды ма, әлде тысқа жеңілдеу шыққан ба, жөтелмен булықты. С.См. ~ Өз дауысынан өзі шошып оянған. Жүрегі тым қатты соғып, бұрынғы ауыратынындай емес, демі алқымына тығылып әзер жатыр екен. І.Ес. ~ Екі өкпесі алқымына тығылып, тынысы бітіп барады. Қайда қашып келеді, ― оны да білмейді. Әйтеуір, тоқтағысы жоқ. Ә.Кек. ~ Семей қалалық емхананың сенімді дәрігеріне анықтатып алып, Жанұзақ сорлы ашуы алқымына тығылып, кіжініп келеді. Т.Ры ск.
АЛҚЫНДЫ СӨЗ
Аптыға, толқи айтылған сөз. ~ Жүз жыл өтті, мың жыл өтті, бәлкім, қас қағым сәт өтті, түгін білмеймін, менің құлағымда мәңгілікке қатып қалғаны: «Тасжан, мен тұрмысқа шығамын» – деген алқынды сөз ғана. «Кімге?» – деймін әрі-сәрі болып. «Сенен басқа жігітке». О.Бөк.
АЛҚЫН-ЖҰЛҚЫН
~ Үй ішінің ұсақ шаруарсына алданып, қашанда алқын-жұлқын асығыс жүруші еді. Көпжасармен көбінде сондай аяқтамас күйбіңнің үстінде кездесіп қалатын. Т.Рыс. ~ Самат алдындағыларды итеріп, алқын-жұлқын ішке кіріп кетті. Б.Тоғ. ~ Кеш батқанша күтті. Келмеді. Енді өзі баруға бекінді. Асығыс, алқын-жұлқын киінді. Б.Нұр.
АЛҚЫНЫП КЕЛІП, АБЫҒЫП ЖЕТТІ
Асығыс-үсігіс, жанталаса. ~ Ол жақтан келген соң тағы бір жыл жұмыс істеп, ақша тауып, жолға қаражат жинадым. Содан жаз шыға жалғыз сөмкемді көтеріп Ленинградқа тарттым. Алқынып келіп, абығып жетіп Репин академиясына құжат тапсырып едім, ол жылы емтиханнан мұрттай ұштым. Ә.Асқ.
АЛЛА (ҚҰДАЙ) СӘТІН САЛСА
Құдай қаласа, орайы келсе. ~ Сонада есіңде ме, үш келеп жіп жудық қой, соны бояу керек еді, Алла сәтін салса саған арнап үлкен бір терме алаша тоқымақ болғанмын. Ж.Нәж. ~ Құдай басқа не салмайды. Алла сәтін салса, қолым жеңіл еді, әлі-ақ құлыншақтай шауып кете барасың. Ал, қане, жаным, шыда,— деп күбірлеп сөйлеп жүріп, қасындағыларға кеудесін басып отырыңдар деп ымдап қойды. С.Жүн. ~ Ендігі айтпағым: «Ау, ұлықтар, әділдік болса жер бетінде, өзі сау адам да емес, ауру адам, бұлай қорлатпаңдар, ендігі қалған өмірінде құдай сәтін салса, жазылар, не өзінің ақ өлімімен өлер, тым құрмаса күн көрсетіңдер, қолдарыңнан қағаз беріңдер. С.Жүн.
АЛЛА ДЕП АРАҚ ІШІП, ҚҰДАЙ ДЕП ҚУЫРДАҚ ЖЕДІ
~ Халің қалай, бауырым?—дедім аузыма сөз түспей.
— Қалай болушы еді, алла деп арақ ішіп, құдай деп қуырдақ жеп жүріп жатырмыз. Б.Қыд.
АЛЛА НӘСІП ЕТСЕ (ЕТСІН, ҚЫЛСЫН)
Құдай қолдаса д.м. ~ Алай-түлей болып тұрған аласапыран көңілде «Алла нәсіп етсе аяулы ак ботам әне, міне келіп қалар деген қуанышпен бірге алыс жолда әлдебір пәлеге ұшырап қалар ма екен» деген қорқыныш та бар. С.Дос. ~ Бұл дүниеде көрісе алмасақ, арғы дүниеде пайғамбардың ақ туының астында ойнап-күліп кездесуді нәсіп етсін, Аллам… Ж.Шәк. ~ Оңтүстіктің ұйғырлары да тыныш жатқан жоқ. Бізді үкімет тегін шақырмаған шығар? Бір қатердің төбесі көрініп тұр… Аман көрісуге Алла нәсіп қылсын!.. — деді. Т.Рыс.
