АЛҚАЛЫ ЖИЫН

Әлдебір маңызды мәселені шешуге жиналған таңдаулы адамдар мәжілісі. ~ Барымтаға тәуекелі жетіп тұрған адамның алқалы жиын алдында бес– алты ауыз сөз айтуға жүрегі дауаламаушы ма еді. Ә.Кек. ~ Түсін өңінде жорыса, бұл сол бес жылда бір есеп беретін кәмөнестердің дүниежүзілік маңызы бар алқалы жиыны болып шықты. Қ.Түм.

АЛҚАЛЫ ЖИЫН Read More

АЛЛАНЫҢ АҚ ЖОЛЫ

Дін жолындағы, иманы берік адам. ~ Мен ғой, қалқам! Әсемім! Ғұлама діндар ағаңмын. Алланың ақ жолындамын. Ауырып жатып қалды дегенді естіген соң, жаным тынбай, Байпатшаевтан адресіңді жазып алып, көрейін, жайыңды білейін деп жеткенім қазір! Д.Дос. ~ Ібіліс сол күннен бастап Аллаға, оның сүйікті құлы Адам Атаға жауласып алды. Адам Ата ұрпағын заманақырға дейін Алланың ақ жолынан тайдыруға серт етті. С.Ел.

АЛЛАНЫҢ АҚ ЖОЛЫ Read More

АЛҚАЛЫ ТОП

Игі жақсылар, таңдаулы адамдардың жиыны. ~ Қазір Шерудің бар абырой, намыс баққан дейтін, салмағы ауыр, алқалы тобы алдында «жесір — кесір» деген сөзге шыдамай тулағаны болмаса, Әбділданың құтыла алмай отырғаны белгілі. Ж.Ахм. ~ Ал маған келсеңіз, менің сөзім – осы отырған игі жақсылардың сөзі. Олардың сөзі – патша ағзамға бодан болып отырған қазақ жұртының сөзі. Сондықтан осы алқалы топтың айтары менің де жауабым болады. Ә.Кек.

АЛҚАЛЫ ТОП Read More

АЛЛАНЫҢ АҚ ӨЛІМІ

Ақ бұйрықты, абыройлы қаза. ~ Бірақ Ақбілек «Барсакелмеске» кетті. Жай кеткен жоқ, сүйекке таңба салып, масқара боп кетті… «Пәленшенің қызы сондай бопты…» деген атақ мәңгі жайылар ма? Әкесін бүйтіп қор қып кеткенше, алланың ақ өлімінен кетсе, не арманы бар еді. Ж.Айм. ~ Біреулер асарын асап, жасарын жасап, әбден жасы жеткенде, өлім жастығына армансыз бас қояды. Екінші біреулер ем қонбас дертке ұшырап, көп уақыт төсек тартып жатып, әлсіреп барып үзіледі. Ал үшінші біреулер оқыста аттан жығылып, не соғыста, барымтада кісі қолынан мерт болады. Бұлардың барлығы да Алланың ақ өлімі, немесе ажалына тура келген тағдырдың жазуы деп қаралатын, жұрттың еті үйренген, күн сайын болып тұратын қазалар. Қ.Жұм.

АЛЛАНЫҢ АҚ ӨЛІМІ Read More

АЛҚЫМНАН АЛДЫ

Қыспаққа алды, қинады. ~ Қуанышқан алқымынан ала түскен Жәкеннің екі қолынан екі «жау» ұстай алды да, біреуі көпшіліктің көзіне арашалаған болып көрінді. Қ.Шаб. ~ Тартылған жебедей тұсынан зырғып өте бергенде сақ етіп алқымнан алды. Д.Дос. ~ Ақжарқын келін боп түскен үйдің қай тұста екенін сұрап біліп, әлгі басбұзар жаман трактористі алқымнан алып, буындыра салғысы келеді. Қ.Жиен. ~ «Егемен ел болдық», – деп қуанып жүргенде нарық келіп алқымнан алды. С.Досж.

АЛҚЫМНАН АЛДЫ Read More

АЛЛАНЫҢ ЖАЗҒАНЫ (ЖАЗҒАН ІСІ)

Тағдырдың маңдайына жазғаны. ~ Сізді айтса, бізді де айтар кейінгілер, Қояды кімді жұтпай бұл қара жер. Алланың жазғанына ризамын, Атақсыз, атсыз елер кей пенделер. Шәк. ~ Сөйтсе де дерт күшейіп, Ғалидың халі нашарға айналды. Нағашылары: «Еліне хабар жіберелік», -деп еді, Ғали рұқсат етпеді. — Алланың жазғанынан қашып құтылмаспын, құдай сақтар жібермеңіздер, — деп тоқтатты. М.Дул. ~ Сосын ол байғұстың өліп қалғанына мен де сене бастадым… Сөйтіп, Алланың жазған ісіне лажсыз көніп, мойындағандай болып едім. Ә.Асқ.

АЛЛАНЫҢ ЖАЗҒАНЫ (ЖАЗҒАН ІСІ) Read More

АЛҚЫМЫ ІСТІ

Ашу қысып, булықты. ~ Әке балаға сыншы дегендей, қысылшаңға келгенде тынысы тар екі ұлының алқымы ice қалғанын сырттай бағдарлап, үнсіз шыдап отырған кірпияз Жаңыл осы тұста Мұхамбетке зекіп тастады. С.Жүн. ~ Түтіккен қаһарлы хан күйіп-пісіп, Булыққан ашу қысып, алқымы ісіп. Сазарған бір қызарып, бір қуарып, Кеткендей екі беті, аяғы үсіп. БС. «Есекқырған».

АЛҚЫМЫ ІСТІ Read More

АЛҚЫМЫНА ӨКСІК ТЫҒЫЛДЫ

Көкірегін шер кернеді; дауыстап жылауға шақ қалды; көмейіне кептелген өксікті әзер тежеді. ~ Еркектік намысы жібермеген
Түгел алқымына өксік тығылып, көкірегі сыздағанмен оларға қосылып жылаудан өзін- өзі әзер тежеп қалды. Ү.Жлк. ~ Даусы
дір-дір етіп, алқымына өксік тығылғанын сезіп тұрмын. С.Мұр. ~ Жеңеше,—деп алқымыма өксік тығылып әрең сөйледім.
Ш.Мұр. ~ Жалғыздық…Адамы шұбырған үлкен қалада жалғыз болудан өткен қасірет бола ма өзі? Алқымына өксік тығылды.
Ж.Шам. ~ Баласы Қайсар мен келіні Роза есіне түсуі мұң екен, иегі кемсеңдеп, алқымына өксік тығылды. Ш.Бейс.

АЛҚЫМЫНА ӨКСІК ТЫҒЫЛДЫ Read More

АЛҚЫМЫНА ТЫҒЫЛДЫ

Дем алуы қиындады. ~ Шал күмілжи беріп, алақанымен аузын басып күрк- күрк жөтелді. — Баламнан артықсың, иә. Сенен айрылып қал-сам… — Әлдебір түйнек тағы да алқымына тығылды ма, әлде тысқа жеңілдеу шыққан ба, жөтелмен булықты. С.См. ~ Өз дауысынан өзі шошып оянған. Жүрегі тым қатты соғып, бұрынғы ауыратынындай емес, демі алқымына тығылып әзер жатыр екен. І.Ес. ~ Екі өкпесі алқымына тығылып, тынысы бітіп барады. Қайда қашып келеді, ― оны да білмейді. Әйтеуір, тоқтағысы жоқ. Ә.Кек. ~ Семей қалалық емхананың сенімді дәрігеріне анықтатып алып, Жанұзақ сорлы ашуы алқымына тығылып, кіжініп келеді. Т.Ры ск.

АЛҚЫМЫНА ТЫҒЫЛДЫ Read More