Жүзі нұрланды. ~ Тәрбиесі, күтімі жақсы сәбилердің бәрі де, беттерінде қаны ойнаған көрікті, балтырлары бесіктей ет-жеңді… С.Мұқ. ~ Әй, балам, жүр шайыңды іш те екі шелек су әкеліп қой. Ана інішегің оянған соң, сонымен болатыныңды сезіп тұрмын. Ол оянғанша бар істі бітіріп алайық, – дейді анасы. Өзі – қунақ. Ыңқыл–сыңқылы да сезілмейді. Бетінде қан ойнап, мейірлене қараған көзі нұр шашады. АҚ. «Өткен өмір…»
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТІНДЕ ҚАН ЖОҚ, СӨЛ ЖОҚ
Өңі сұп-сұр, қуқыл тартқан. ~ Үйге шегір көз, бетінде қан жоқ, сөл жоқ, қатқан сары жігіт кірді. Түрі кісі өлтірген адамдай сұсты екен. Есіркегеннің бойы әлденеге дірілдеп кетті. І.Ес. ~ Өзі жоқта Ақбөкенді Наурызбайдың алғанын Байтабын естіген тәрізді. Әзер жүріп келеді. Бетінде қан жоқ, сөл жоқ, тістеніп алған. Ал Кенесары жаққа тесіле қараған көзінде бір ғажайып қайғы тұна қалған. І.Ес. ~ Күн шалмаған боп-боз бетінде қан-сөл жоқ, көзінің айналасында білінер-білінбес күлгін көлеңке бар, қуқыл — сарғыш реңді бет-әлпетін түгелдей май басып, немесе ісініп кеткендей. Л.Тол.
БЕТІНДЕ ҚАН ЖОҚ
Жүзі қуқыл тартып, сұрланып кеткен. ~ Шөмішпен пеш ішінде сақылдаған мысты көсіп алып көтергенде жез қармақша иіледі. Боран үдей түседі, маңдайдан тер суша құйылады. Бетінде қан жоқ, сұп-сұр. Денесінде жөнді ет жоқ, сіңір… Ғ.Мұст. ~ Міне, сөйтіп, жұмыстан бір күні тізіліп қайтып келе жатыр едік… «Славодканың» бір кішкентай, жапырайған пәтерінің алдында бір қазақтың әйелі шығып тұр екен. Қабағы қатқан. Бетінде қан жоқ. Жанына ауыр қайғы батқан тәрізді. С.Сей.
БЕТІН ШЫМШЫДЫ
Әлде бір істі шектен шыққан ұятсыздыққа, тым өрескел қылыққа балағанды білдіретін ишара жасады. ~ Ой қағынғыр, тыныш отыр. Жаның шығып бара ма? Үлкендер отырғанда о несі — ай, — деп ақ келіншек бетін шымшыды. Н.Сер. ~ Маңдайшаның саңлауынан сығалап тұрған, бағанағы сүйінші сұрайтын қара келіншек: — Бетім — ау, орыспен көрісіп жатыр ғой!—деп бетін шымшып, аузын сылп еткізді. Т.Әл. ~ Ойбу, ұяттағы-ай, — деп, Шоқай апа бетін шымшыды. – Атпалдай бригадирді ұрып қорқытқаныңа қарағанда, мен сені есі кіріп қалған ересек десем, әлі бала екенсің ғой. Ш.Мұрт.
БЕТІН САТТЫ
Жағымпазданды, жауына берілді. ~ Және Шыңғыс хан Дегетейге де былай деді: «Боршы, Мұқылай бастаған нояндарым! Тұдай, Доғылқу бастаған шербилерім. Сіздер, қара түнде қасқыр болып жауға шапқанда, жарық күнде қарға болып көшкен кезде, жырылып жұртта қалмаған, бөлінгендерге бірікпеген, сатқын біреулерге бетін сатпаған, кекті біреулерге келісім етпеген Дегетей мен Кәкеше екеуінің рұқсатынсыз еш уақыт өз беттеріңмен әрекет қылмаңдар», — деп әмір етті. Ж.Шәк.
БЕТІН ҚАҚТЫ
Қатты сөзбен арынын басты, тиып тастады. ~ Судия: — Мына қатынның арызы туралы не айтасыз? — дегенде: — Тақсыр, тақсыр… — деп тамағына бірдеңе тығылып қалғaндай жауап қата алмады. — Тақсырлама, — деп судияның жарамсақ жасауылы байдың бетін қақты. І.Жанс. ~ Атауыңды ары тартшы! – деп Биназар сілкіп тастады, бұл көргелі бірінші рет «ақаңның» бетін қақты, шүйілген жағынан бет бұрар емес. Т.Сәу.
БЕТІН ҚАЙЫРДЫ
а) Біреудің орынсыз сөзін ұнатпай, тиып тастады, аузын жапты, меселін қайтарды. ~ Осы сен сөйлемеші, сен. Сен аузыңды ашсаң, жыным ұстайды,- деп бетін қайырып тастайды. Т.Әбд. ~ Бұл өзі мүлдем өлген кісі ме? Жоқ, өлмеген кісі ме? – деп, сұрайды. Қарт шыдай алмай: – Өлмесе жерлеуге апармайды ғой! – деп жігіттің бетін қайырып тастайды. Жігіт үндемейді. ҚЕ.
ә) Дұшпанның шабуылын тойтарды, қарсы соққы берді. ~ Бас душпанның бетін қайырған соң, Алпамыс қыздардың бір кездегі мыстанмен бірге келіп жасаған қаскөйлігін қаперіне де ілмеді. А.Сей. ~ Қалмақтардың бетін қайырған соң, ұзақ жылдар бойы, Орта жүздің шын мәнісіндегі әміршісі болып келген Абылайды Үш жүздің бас көтерер адамдары 1770 жылы ақ кигізге көтеріп хан сайлады. І.Ес.
БЕТІН ҚАЙТАРМАДЫ
Қарсы келмеді, еркіне жіберді; айтқанын екі етпеді. ~ Бұл үйдегі жас бала болғандықтан еркелетіп, бетін қайтармайтын. Ж.Айм. ~ Орталықта, мектеп-интернатта жатып оқитын бес балл демалыс деп, іркес-тіркес саулап келе қалса: «Әкелерің шаршап жүр, бетін қайтармай тілін алып жүріңдер»,— дейтін әлсін-әлі пысықтап. М.Қаб.
БЕТІН ҚАЙТАРДЫ
а) Тойтарыс берді; мысын басты; райынан қайтқызды. ~ Осы Жамал жаста болса өлеңге де, қарасөзге де бек пәле болып барады, бүгін кешке бір өзіне өлең айтып, бетін қайтаралық … М.Дул. ~ Көбейді өстіп аузына ерік беріп, әспенсітіп қойған мұның өзіне де обал жоқ… Кездескен сайын мылжыңдатып сөйлете бермей, неге бетін қайтарып тастамайды? Ә.Асқ. ~ Көбентайға да сондай сылтаудың бірін айтып, әрең бетін қайтарды. О.Сәр.
ә). Бәсеңдету, емін табу. ~ Бұл шешімім, бәлкім, сізге ерсілеу де көрінер, бірақ амал не, қанға сіңген атқұмарлық еркімнен тыс меңдеп әкетті. Оның бетін қайтара алмайтындығыма көзім әбден жеткен соң, лажсыз өтініп тұрмын. А.См. ~ Ең өкініштісі, осындай адамдардың іс- әрекеті бадырайып көзге көрінбейді тек, әйтеуір, бойға белгісіз тараған удай әрбір адал жанның жүрегін шым- шымдап сыздатады да тұрады. Әттең, сол удың бетін қайтаратын керемет бір күш болса. Д.Әш.
БЕТІН КҮН ҚАҚҚАН (ҚАҚТАҒАН)
Күнге күйіп, жел қаққан, тотыққан, қоңырқай өңді. ~ Беттерін күн қаққан, кісінің көзіне тайсалмай, тік қарайтын, денелері сымбатты өрімдей-өрімдей бозбала жігіттер. М.Мағ. ~ Екеуі өстіп тәжікелесіп, салғыласып тұрғанда бір жас жігіт қораптан қарғып түсіп, бері беттеді. Күн қаққан қоңыр жүзі қап-қара боп түтігіп кетіпті. Қолында күрегі бар. М.Қаб. ~ Қалай, балам, ат-көлік аман, көңіліңнің қошында жүрсің бе, қарағым? — деп жатыр. Күн қаққан, шомбал жүзі күреңітіп, өзінің байырғы үлкен сабырымен отырған, кеңілі жұмсақ, ақсақалдың мұңдар күйін ұғып, Мақсұт та қариядан жәй — жағдай сұрап отырды. Ж.Ахм. ~ Жамал баяғысындай емес, таралыпты. Бетін күн қақтап, ашаң тартыпты. Дөңгеленіп тұратын жұмыр иегі сүйірленіп кеткен бе қалай… Ә.Кек.

