Уақытша нәрселер өтіп кетсе де, мәңгілік дүниелер орнында қала береді. * Заман су болса, аспан секілді қарапайым адамдар сол судың табанындағы тас сынды, мәңгі өзгермеген қалпында қалады. Сондықтан да қазақ «су ағады, тас қалады» – деп бекер айтпаған. Ес біліп, етек жапқалы осы Еңбек аулында қаншама бастық ауысты десеңізші… О.Бөк.
СӨНЕ БЕРДІ
Біртіндеп көмескі тартты; көз алдынан алыстай бастады. * Көз алдынан бағана таңертеңгі тып-тыныш, ап-аман тұрған көңілді өмірі сөне бергендей болды. М.Әу. * – Анау шаңды көрші, Абай аға! Сол жау! Жатақтың азғантай жылқысына тиген жау. Айдап, қуып әкетіп барады, әні. Тағы тиіп әкетіп барады сойқандар! – деп, жігіт жылап жібергендей болды. Теңіз де, қиял да жоқ. Аз алданыш, қуаныш та сөне берді. М.Әу. * Қазір де бір рет көлбең етіп, бұлаң берді, де, сумаңдай жөнелді. Үстіндегі күміс тұрмандары айға қарсы жарқ етіп барып, сөне берді. М.Әу. * Аузы қыбырлағаны болмаса, шүңі рейген көздері тастай қатып қалған. Қарауыта түскен бөлмемен бірге сол шүңірейген көзден де тіршілік сәулесі сәт санап сөне бергендей. Д.Әш. * Қарсы алдына қараған беті: — Ұйықта! Мен… жазамын,— деп мыңқ етті. Көрпе астынан жылтырап, күйеуіне қарап жатқан жас келіншектің қара көзінен ұшқын жайлап сөне берді. М.Қаб. * Соңына екі түрлі әсер қалдырып ылым-жылым сөне береді: қармаған сәтте беймәлім жаққа алып кететінін ойлап, бір қорықса, сондағы бір сұмдық рахатты жаны іздеп, жанып аңсайды. С.Нұғ.
СӨНГЕН ІС
Болары болып, бояуы сіңген іс. * Зорлықпен кеткен көп малдың соңынан қуынып, інілеріне қайтарып әкелмекші боп керіп еді, ел ішіндегі Нұртазаның жақтастары мен ояз Коновалов түгілі, көңілі жақын адамдарының өзі сөнген іс екенін аңғартты. С.Жүн.
СӨКЕТТІГІ ЖОҚ
Ұят та, ерсі де емес, орынды. * Екеуі де күлкілерінің еш себепсіз, тіпті орынсыз екендігін де енді сезгендей, әйтсе де пәлендей сөкеттігі жоғын тек ойламаған жерде кездесіп, бірін-бірі маң далада, көлденең кеселді көзден бөлек, еркін қызықтай көріп, тілдескендеріне қуанышты еді… М.Сүн. * Сондықтан Маралтай мен Оралтай, Әмірхан мен Жарас үй сұраса, оның еш сөкеттігі жоқ, өзінің заңды құқығын сұрап отыр деп ойлаймын. Т.Әс. ~ Түйсігі алдамапты. Жанын қуырған қысталаңда Оразбек қол ұшын беріп, көмек көрсетті. «Онда тұрған не бар, келіп қонсын. Ешқандай сөкеттігі жоқ» деді жайбарақат. Осыны естігеннен кейін Жасаралдың сәл де болса тынысы ашылып, арқасын кеңге салды. Ә.Ыб.
СӨКЕТ (СӨЛЕКЕТ) КӨРДІ
Әлдебір істі орынсыз, ұятты санады. * Тіпті сол сәттерді кейінде, әйелі екеуі еске алғанда: «сондағымыз не, ей, біздің? Ақымақ екенбіз- ау! » деп сөкет көретін. С.Мұр. * Қаптаған қалың елдің ішінде қайыршымен сөйлесуді өзіме сөлекет көрсем де тыңдауға ниет таныттым. Қ.Мүб. * Еркек пен еркектің сүйісуін сөлекет көрген Балжан құдағи: — Кім білген, бажа деген немелер күшік тәрізді болады екен ғой, — деп, мысқылдап күліп қояды. Б.Соқп.
СӨЙТКЕНШЕ БОЛМАДЫ (БОЛҒАН ЖОҚ)
Сол заматта, ілезде; әне-міне дегенше. * — Байладық, байладық! — деп шу ете түсті көп; сөйткенше болмады болыстың үйінен теңселе басып, шалқақтап он шақты кісі шықты, топқа қарай жүрді. Ж.Айм. * Сөйткенше болған жоқ, ұзын составтың басындағы қаңқиған кәрі паровоз тұлыпқа мөңіреген сиырдай бірер рет ыңырсып алды да, ысылдап-пысылдап, ышқынып- түшкіріп ақырын жылжып жүре берді. О.Сәрс. * Сөйткенше болған жоқ, тұс-тұстан жамырай дуылдап соғыста жүрген әкелеріміздің, ағаларымыздың үйде қалған киімдерін еске алып, олардан шығатын иісті сөз етіп кеттік. С.Мұр.
СӨЙЛЕС ҚЫЛДЫ
Үй иесін сыртқа шақырып, жөн айтысты. ~ Жолаушылар сол отаудың сыртына келіп тұра қалды. Есік алдында көрінген бір балалау жігітті шақырып, сөйлес қылды. Ж.Айм. ~ Сусар бөрік басында, Үстіне киіп құлпыдан, Керейұлы Келмембет Сөйлес қылып кідірді, Ауылдың келіп сыртынан. Аяғын жерге жай басып, Манаурап көзін зорға ашып, Әзімбай шықты далаға, Тұрғандай болып ұйқыдан. "Қамбар батыр". ~ «Сіз», «біз» деп сыпайысуына, киіміне, түріне қарап, «алыстан келе жатқан қонақ болар және мына түрімен тегін де кісі болмас» деген оймен, сөзін сыпайы бастап: — Жол болсын, қонағым! — деді бұрыла қарап қойып. — Жол болса әлей болсын!.. Жолдамақ сізден болсын!.. — Таныспадық па, қалай, қонағым!.. — Сөйлес қылмасақ айып бізде. Сөзге шықпасаңыз айып сізде. Сыртта көрісіп, төс тақасып амандаспаған соң, енді жата- жастана таныса береміз де… С.Мұқ. ~ Ер Ғалы елге қарай жүрді дейді, Бір шалқардың ілгіне кірді дейді. Бір еркек жоқ көрінген, бәрі ұрғашы, Бір қараша үй көріп, келді дейді. Келді де қараша үйге сөйлес қылды, Сөйлес қылса, бір жаман кемпір келді. — Кемпір-ау, тірі еркегің еліңде жоқ, Сұраймын, жөніңді айтшы, не елсің? — дейді. М-Ж.Көп.
СӨЙЛЕП КЕТСЕ СӨЗІ БАР
Тілге жүйрік, ойын әспеттеп жеткізе алатын адам туралы. * Егер, менің айтқан ақылымды қабылдасаң, жұрт алдында беделі, сөйлеп кетсе сөзі бар ел арасын алыс татпай, жақындата білетін біреуді жіберерміз. Ә.Шәр.
СӨЗІҢЕ ҚҰЛДЫҚ
Біреудің сөзін мақұл көріп, қолдау ретінде айтылады. ~ Сол жақ бүйірде, төменде отырған орнынан: — Уа, Тайлеке! — деп жан кеудесі жұлқынғандай саңқ ете түсіп: — Сөзіңе құлдық -ақ болсын! Мен өзгедей ел басқарып, жұрт шүйлеп жүрген адам емеспін. Бұл сөзіңде жұмысым жоқ — ақ кісі болайын! Ж.Ахм. ~ Осыған екеуміз сенейік, – деді Сейіт «сөзіңе құлдық» дегендей екі қолын көтеріп. – Бірақ сен мынаны білесің бе? Осы идеяны таратушылардың өздері «біздің халық адал, әділ болыпты» дегеннен гөрі, «біздің халық бай, әрі күшті болыпты, басқа елдерді өзіне бағындырыпты» дегенді мақтаныш тұтады. Т.Әбд. ~ Сондықтан сен енді бұдан былай жаман жездеңді қырғыз-қырғыз деп қоңаштай бермей, қазақ-қазақ деп қолпаштай берсеңші! — Сөзіңе құлдық! Сені қолпаштамағанда, кімді қолпаштаймын? Б.Нұрж.
СӨЗІҢЕ БОЛАЙЫН!
Біреудің сөзін қош көрмегенде айтылатын кекесін, "сол да сөз бе екен" д.м. ~ — Ой, сөзіңе болайын!- десіп, Жүндібайды орнынан тұрғысыз қылды жігіттер. Бір уақытта Қартқожаға көзі түсіп кетіп: — Е, мынаны қайда апарасың?деді. Ж.Айм. * Нұрқан. Е, бәсе, Мөржанды айтсайшы! Мен десе аза бойы қаза тұрады. Тәрізі, қорықса керек менен. Не жазған кісі екем осы мен? Білдің бе, жеңеше? Жүзтайлақ (жақтырмай). Сөзіңе болайын! М.Әу. ~ – Бә-ә-ле, неге тартындыңыз? Астыңыздағы қаракөктің жүрісі, тіпті ерен еді ғой. Жарыспағаныңыз бекер болды, — деп өкініш айтты. — Ау-у, сөзіңе болайын, бауырым, — деп қарқылдай күлген Маро. С.Ғабб.
