БІР ҚҰЛАҒЫНАН КІРІП, ЕКІНШІ ҚҰЛАҒЫНАН АҒЫП КЕТЕДІ

Айтылған сөз есінде қалмайды, естігеніне мән бермейді. ~ Айбаланың нашарланғанын, Ботагөздің жылағанын көріп аяған көршілес жатқан жүмысшылардың әйелдері, түні бойы жұбатқысы кеп, Ботагөзге әртүрлі сөздер айтып еді, ол сөздер Ботагөздің миына бармай, бір құлағынан кірсе, екінші құлағынан ағып кетіп жатты. С.Мұқ. ~ Қанипаны зорлықпен жеңіп алатын болған соң әбден көкіп кеткен Әли алдында тау тұрса қарайтын емес. Айтылып жатқан қытымыр кінә бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан ағып кетіп жатыр. С.Ом.

БІР ҚҰЛАҒЫНАН КІРІП, ЕКІНШІ ҚҰЛАҒЫНАН АҒЫП КЕТЕДІ Read More

БІР ҚҰДАЙҒА ТАПСЫРДЫ

Енді не болса да Жаратқанның қолында д.м. ~ Қызметші қатынға «Мырзам келмей, мен ешқайда көшпеймін», – деді де сырттағы шаруаларын тындырып, сол бəленің өзінен де, баласынан да аулақ деп бір Құдайға тапсырды. С.Досж. ~ Мен қалсам қайтеді, Күлше? Бір құдайға тапсырдым, онан соң мына балаларға тапсырдым. Апарып салар роддомға. Әрине, Ақиқат пен Сазанбай апарып салады. Ш.Мұр. ~ Құшақтап келген бөстекті әйелінің астына төсеп, үстіне көрпе жапты, қымтап «ал, бір құдайға тапсырдым» деді де, отарға жүгірді. О.Бөк.

БІР ҚҰДАЙҒА ТАПСЫРДЫ Read More

БІР ҚҰДАЙ БІЛЕДІ (БІЛСІН)

Не нәрсенің де шындық-өтірігі Аллаға мәлім. ~ Қашан келіп, қашан үйренісе бастағанын бір құдай біледі. Әлгі неме түлкінің баласындай боп ыржиып күледі. Д.Дос. ~ Оқу жағы онша қонбаған, басқа жағы да шикілі–пісілі бірдеңе еді, ненің құдіреті екенін бір құдай біледі, шаруа қожалығын құрып, жер жекешелендіріп, байып алыпты. Н.Дәу. ~ Менің бұдан бұрынғы тірлігім қолдан–қолға өту болды. Бұрын ғой әркімге бала болып өткен едім. Енді Шөкеден айырылған тірлігім қанша адамға әйел болып өтерімді бір құдай білсін. Б.Жұм. ~ Қаншасы рас, қаншасы дақпырт – бір Құдайға аян. Т.Сәу. ~ Шындығында да бір кездері әкесі айтқан «батырға ажал бірін-бірі аямай шабысқан қан майданда келе ме, әлде бейбіт күндегі бір әумесердің қолынан келе ме, ол саған емес, бір құдайға аян»- деген сөзінің растығына талай рет көзі жетті. О.Көш.

БІР ҚҰДАЙ БІЛЕДІ (БІЛСІН) Read More

БІР ҚУЫС

Көзден таса, назардан тыс, көңілден аулақ жер. * Іштен келген жау дейін десе, бұл ауылдың бозбала-жігіттері қызға аш бөрідей қапылыста бас салмақ түгілі, бетіне тіктеп қарай алатын ба еді… Елшіекеңнің екпіні-ақ оларды бір қуысқа тықпай ма. Ш.Құм. * Аспан тұнжыр, жел үні бір сембейді, кез келген бір қуысқа кірсең дейді. Алба-жұлба өңірін қаусыра алмай ыққа айналып бұталар бүрсеңдейді. Ж.Нәж. Содан кейін тығылып бір қуысқа, Шөлім бастым, толтырып жырды уысқа. Шырақ аман. Қалды артта ауыр сыным, Саусағымда сыңсиды қауырсыным. С.Нұрж.

БІР ҚУЫС Read More

БІР ҚОЛЫН ЕКІ (ЕКЕУ) ЕТЕ АЛМАДЫ

Жұмыстарын бітіруге үлгіре алмай, жанталасты, әуре-сарсаңға түсті. ~ Роза көз ұшында бұлдырап көрінген қыстауға қарай келе жатқан. Ауылдан алты-жеті шақырым. Күзгі қарбалас басталып, совхоздың бір қолын екі ете алмай жанталасып жатқан кезі. Т.Сәу. ~ Б а ғ и л а. Құдай-ай осы, кісі бір қолын екі ете алмай жатқанда сен де әміріңді бересің де жатасың. Қыл қимылдату деген жоқ-ау сенде. Жұрттың еркегі адам сияқты. Үйдің шаруасы десе елпілдеп тұрады. Т.Ахт.~ Қой, қарағым, бiр қолымды екi ете алмай жүргенде сенiң үшкөлiңе барып, жұмысiстейтiн жағдайым жоқ. Б.Алд. * Сұраса басқарма тұрғай, ферма меңгерушісі Ықсан да өгіз-арба жағынан жәрдем етер еді; сондық колхоз алдында да еңбегі барын біледі. Әйтсе де бір қолын екі ете алмай жатқанда тілемсектене аяғына оралуды ар көрді. М.Сүн. ~ «Мен сияқты алтын басты маман далада жатқан жоқ. Бір қолын екі ете алмай отырған Үкімет ертең өзі-ақ «қайдасың, көке!» деп іздеу салар. Т.Сәу. ~ Бұл шіркін де бір қолын екеу қыла алмай, жанын жалдап, титығы құрып жүр екен. Соны көре тұрып, қол үшін неге жалғамаймын. С.См.

БІР ҚОЛЫН ЕКІ (ЕКЕУ) ЕТЕ АЛМАДЫ Read More

БІР ҚОЛТЫҚ

Шамамен қолтық астына сиятындай мөлшердегі зат (шөп, тамызық, отын т.т.) * Ал мен болсам бәсіре тайыма төлдерге деп сақтап қойған жоңышқадан бір қолтық әкеліп тастай саламын. Б.Байәділ. * Соған күні бойы ақтарған бір қолтық журналдарды құшақтап тапсыруға келе жатыр ем, қарсы есіктен үстіне алабажақ сұрғылт пиджак киген сұңғақ бойлы ақ құба жігіт кірді. Ә.Кек.

БІР ҚОЛТЫҚ Read More

БІР ҚОЛДАН ШЫҚҚАН

Ұқсас, бірін -бірінен ажырату қиын. ~ … автобус ішіндегі жаңқадай шашыраған жаңғырық аралас музыка да бір қолдан шыққандай ұқсас‚ барахолка базарынан сатып алынған әуесқой ансамбльдің кассетасы болатын. Қ.Түм. ~ Өмілдірігі, құйысқан, жүген, ноқтасы бір-ақ қолдан шыққан болса керек, бәрі қайыс таспадан өрілген. Б.Қыд. ~ Үшеуінің де етіктері бір қолдан шыққаны анық. Мырзабек ағайдың жасағаны. Демек, бәрінің ым-жымы бір. Б.Ыб. ~ Қоржын көздің жауын алады, ісмер бір қолдан шыққан. Алғашқы ұсталайын деп тұрғаны да осы шығар. К.Қаз.

БІР ҚОЛДАН ШЫҚҚАН Read More

БІР ҚОЛДАН

а) Бәрі бірдей, түгел қатысты д.м. ~ Екінші бірлік қып бір ауызға қарау керек, Оның әмірін парыз деп санау керек. Алаштың барлық күші, барлық малы, Бір қолдан керегіне тарау керек. C.Тор. ~ Кешті 1 курс студенттері бір қолдан дайындап, ұстаздармен жоғары курстағы аға-әпкелерін қуантуға тырысты. БАҚ. ~ Куәлердің үшеуі бірдей бір қолдан Есентай барлық баласын нұсқап: “Ат ұрлаған Аманкелді мынау, міне, біз өз көзімізбен көрдік”, – деді. М.Жұмағ. (ауд. Ғ.Қай.)
ә) Бір адам, жалғыз өзі. ~ Мұрданың руында тапқан табысын ақсақалының қолына тапсырып отыратын əдет болатын; рудың қамын ақсақал жеп, бəрін бір қолдан тарататын. Бұл салтты Лене жақтырмайды. Ж.Айм.

БІР ҚОЛДАН Read More

БІР ҚИЫРДЫ БІР ҚИЫРҒА ҚОСТЫ

Алысқа, шалғай жер, жер түбі, қиянға сапар шекті. ~ Осындай себеппен басына қатер төнгенде көптеген сұлтандар пана іздеп, бір қиырды бір қиырға қосты. Алда-жалда барған жерінен сая тауып, аяғына нық тұрса — көкейінен кетпейтін хан тағының тақсіретін тартып, туғандарына деген кегі асқындай түсетін. Ә.Ыб. ~

БІР ҚИЫРДЫ БІР ҚИЫРҒА ҚОСТЫ Read More