Баз-біреу сияқты (жоқпысың) д.м, ~ Ал енді Асекеңді аттауға, шынымды айтайын, менің дәтім бармады, – деді алғашқы үніне ауысып. – Асекеңнің құнын бір кісі ғұрлы мен де білемін. Т.Әбд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР КІСІ
Әлде біреу. ~ Біресе: «Омбыдан бір кісі келген соң, әскери сот ашып, тексеріп, бастықтарының бәрін атады екен…» —деп хабар таратады. С.Сей. ~ Ертеде таңертең ерте намазға мешітке бара жатқан бір кісі, мешіттің иығынан самұрық құсты көреді. Ж.Шәк.
БІР КІРІП, БІР ШЫҚТЫ
Мазасы кетті , әбігер болды, бір жерде отыра алмады. ~ Күні– түні күзет. «Қой бүйтіп, бейшараның күйін кешу жарамас, тұйықтан шығатын жол іздейін» деп Қоңырбай іштей тас түйін бекінген. Қымбат шылымды да өстіп үсті– үстіне сорғыштады. Қамыс сарайға бір кіріп, бір шықты. Қ.Жиен. ~ Үстіне апасы берген бар жақсысын киіп алады. Шапаны биқасап, қызылала бəтес көйлек, дүрия жеңсіз. Ақ үйдің салтанатты баспалдақтарымен сыртқа бір кіріп, бір шығады. С.Досж.
БІР КІНДІКТЕН ТАРАДЫ (ТУДЫ)
Бір атадан жаралды. ~ Қазақ салтындағы бір кіндіктен тарайтын туысты жеті атаға толтырып, сегізінші атаға жеткенде қыз алысу – биологиялық ғылымға жатады. Ж.Баб. ~ Түсте тақта отырған ханның басы кеште жерде домалап жатты. Бір кіндіктен тараған тақ мұрагерлерінің қайсысының шашбауын көтерерін білмей жақсы-жайсаңның шақшадай басы шарадай болды. Т.Сәу. ~ Алақандарына салды десе де болғандай. Бірақ енді Бименді ағасына обал, қанша айтқанмен, бір кіндіктен туған емес пе. К.Қаз.
БІР КИЕР
Той-томалаққа, ерекше жағдайларда киетін тәуір киімі. ~ Қайыр сұрап, салмақ салып, ел үстінен күн көріп жүретін бейшара да жан емес, бір киері қай уақытта да бүп-бүтін, тап- таза, көңілі тоқ, ниеті ақ, күпіршілігінен шүкіршілігі мол адам еді ол. Д.Әш. ~ Бір киер киім-кешек, көрпе-төсегіміз, қазан-табағымыздан өзгенің бәрі осы, жігіттер! Үйге кіріп көріңіздер!— деп Айтжановқа есік ашып ізет қылды. С.Елу. ~ Әлгі аталған бағалы киімдерді рызығым таусылып, демім біткен күні сүйегіме түскендер алсын дейді. Сол үшін де шаң жуытпай қорып, көзінің қарашығындай сақтайды. Өліп жатып, өлігіне жиналған жұрттан: – Е, бейшара-ай! Бір киер бүтін киімі де жоқ екен-ау! – деген аяныш сөз естігісі келмейді. Б.Соқ.
БІР КӘРІ БОЛАР
Бір жөні болар, көре жатармыз д.м. * Сүгір: «Қой, бір кәрі болар», – деп тысқа шықты.Т.Әл. * «Әзер болса, аяқ-қолымды байлап, Арқаға алып кетер. Барғасын бір кәрі болар» деп, сыздан бауырын көтеріп, жүрелеп отырды. Т.Әл.
БІР КӘКІР БАР
Әлдебір шикілік, күмәнді, дүдамал тұсы жоқ емес. * … Дүйсековтың әр тұста жасаған кіріс-шығыс документтерінде бір кәкірдің барын Бәйменнің кәнігі көзі о бастан шалып еді, қателеспеген секілді. О.Сәр.
БІР КӘДЕГЕ ЖАРАДЫ (АСТЫ)
Керегі болды; бір пайдаға асты. ~ Қараңғыда құмырсқадай қыбырлап жер қазып жатқан солдаттарды жағалап, әрқайсысымен қысқа тіл қатысып келе жатып Кәкібайдың үстінен шықты. Қарулы жігіт жұмысын өндіріп тастаған екен. Қасында митыңдап Көжек те бір кәдеге жараған боп жүр. Т.Ахт. ~ Мен қартайдым. Қолымнан келетіні саған сұрағаныңды айтып беру ғана ғой. Қалғанын өзің көрерсің. Білгенімді көрге ала кетпейін, түбі елдің бір кәдесіне жараса болды ғой әйтеуір… Ж.Баб. ~ Мен айтам: «Жас адамдай қайдан өтімді бола қояйық», — деймін. (Ойланып.) Еңбегімді зая жіберген жалғыз Пүліш шірік! Шіркін-ай, бір кәдеге де жарамады-ау. Б.Май.
Пайдаға жарап қалды. ~ Ноғайқұл Қисықмойынмен қалай құда түскенін Рахматуллаға айта келіп: – Күржік бір кәдеге асты. Енді бордақылап қыста сойып жеймін, – деді. Т.Әл
БІР КЕШТІК
Уақытша, өтпелі, ұзаққа созылмайтын. * Білемін деген білместік Екен ғой желік бір кештік. Тынарын немен кім білсін, Әйтеуір соған мінгестік. Ә.Тәж.
БІР КЕУДЕДЕН
Бәрі бірден, қосыла, бір демде. ~ Колхозшылар тегіс бір кеудеден: «ойпыр-ай, не дейді?» — дегендей, жағасын ұстарлық сұмдық есіткендей гу етісті. Сол сәтте Айшаға да өз жайының барлық бүгінгі қорлық азабы ап-айқын боп ашыла кеткен еді. М.Әу.
