БІР КЕСЕЛІ (СОЛ)

Қиыны сол, гәбі сонда. * Сонымен не керек үш жүз аттың алды боп, Құлагер келді. Бірақ бір кеселі сол, жапа-тармағай ұмтылған қалың нөпірден үріккен ат, басына мінген алпамсадай Шәкейге бой бермей, қарақшыдан әрі бұрылып, тауға қарай ала қашты. С.Жүн. * Тағы бір кеселі, Абай Тобықтыны «зорлықшыл» деп, өзі айыптап шықса, айналада отырған осы Семей оязындағы Сыбан, Керей, Бура, Матай, Уақ, Найман – бәрі-бәрі сөз біріктіріп, жабыла түседі. М.Әу.

БІР КЕСЕЛІ (СОЛ) Read More

БІР КЕРЕМЕТІ БАР

Ерекше қасиеті, қызығы бар. ~ Оның және бір кереметі бар, әсте елден ерекшеленіп киінейін, сылаңдап көзге түсейін демейді, қарапайым күйден бір танбайды. С.Ом. * Ханның баласы айтады: — Сен не де болса, осы құдыққа түс, осының бір кереметі бар шығар, әйтпесе, құдыққа жылына бір ту бие тастап кетеміз, неге ол сасымайды? – дейді. ҚЕ. * Ақбауыр үңгірінің тағы бір кереметі бар. Ол оның қабырғаларындағы есте жоқ, ескі замандарда салынған ұсақ-ұсақ пиктограммалар. БАҚ. * Жағалаудың адам көзінен тасада жатқан тағы да бір кереметі бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жағалаудың астынан тұщы су шығып жатыр. БАҚ.

БІР КЕРЕМЕТІ БАР Read More

БІР КЕРЕМЕТІ

Таң қаларлығы, ғажабы, ерекшелігі. * Енді айтпаска шарам жоқ, «Жерік — сүзектен жаман» деген рас екен… жерік болып жүрмін. Бір кереметі, адал асқа тәбетім шаппайды, арамды көңілім қалайды. Жазмыштың бұйрығы сол шығар, бір қабылан атып берсең, тойғанымша жеп, жерігімді басар ма едім деп ойлаймын. А.Сейд. * Сосын бір кереметі, Қазақстан Республикасының әнұраны орындалған кезде бүкіл зал орнынан тұрды. БАҚ.~ Іссапардың бір кереметі осында. Жол үстінде жүріп түрлі жандармен танысып, пікір алысуға, сұқбаттасуға мүмкіндік туады. Небір жаңалықтар естисің. Ә.Ысқ.

БІР КЕРЕМЕТІ Read More

БІР КЕРЕГІНЕ ЖАРАР

Әйтеуір пайдаға асар, бірдеңеге жарап қалар. * Тарихы тереңде жатқан еліміздің, кейбірі бұл күндері ұмыт бола бастаған әдет-ғұрпын, ырым-тыйымдарын, салт-жоралғыларын халқымыздың түбінде бір керегіне жарар деген ниетпен барынша ыждағаттылықпен жазып алдым. Ж.Баб.

БІР КЕРЕГІНЕ ЖАРАР Read More

БІР КЕБІСТІ БІР КЕБІСКЕ КИГІЗДІ

Сөзі мен ісінде қулығы мол адам туралы. ~ Осы ауылдағы мықты команданың бірі «Құйынның» капитаны Амантай — Саматтың кластас досы еді. Ол — өте қылжақпас, қашанда бекер жүрмей, бір кебісті бір кебіске кигізіп кететіннің өзі. З.Төл.

БІР КЕБІСТІ БІР КЕБІСКЕ КИГІЗДІ Read More

БІР ІШЕК БОЛДЫ

Тәбеттен айрылды. ~ Бір ішек боп қалған қалалыққа қалақ-атаның қалжасы сауап еді. Көк ет кекірік аздырмайды ғой, – деп Іңкең өкініштің төркінін танытты. Т.Әл. ~ Тамақ үстінде үй иесі еттің шұрайлысын Қараштың алдына қарай ысырып, қаупалақтап жатты. — Бәрекелде, ер — жігіт осылай қарбытар болар! «Досыңның асын дұшпан» деген. Мына бала сияқты бір ішек боп қалмай, бұла өсіпсің. Тағы да бір алып жібер! Т.Әл.

БІР ІШЕК БОЛДЫ Read More

БІР ІЗГЕ ТҮСІРДІ

Бір қалыпқа, жүйеге келтірді, тиянақтады. ~ «Жүрек соғысы сұрапыл ұрыс даласындағы сүргін салып соғыс ашып жараланған патшадай, жоқ жерден омақаса құлаған, ойламаған тұста ат ойнатып аблығып шыға келген шатақ қолбасшы мінезіндей – қиын еді, бір ізге түсірдім. Д.Дос. ~ Қазақтың тілдік қорында шамамен он миллиондай сөз бар деп бір сөзімде айтқанмын. Оны жүйелеу, зерделеу, бір ізге түсіру – бір күннің, бір жылдың жұмысы емес… Ж.Баб. ~ Солардың бәрін Мұқаң бір жүйеге келтіріп, бір ізге түсіріп, терең түсіндіріп, талдағанда тек аузыңды ашып қаласың… Б.Тоғ.

БІР ІЗГЕ ТҮСІРДІ Read More

БІР ЗАУАЛ (ЗАУАЛЫ) БОЛАР

Ақыры жақсылыққа апармайды. * Неколайдан күшті «құдірет» те табылар: жазықсыз елді шулатып, зарлатса, оған да бір зауал болар деген жұбанышпен жатып, көзі ұйқыға кетті. Ж.Айм. * Қой, бұлай болмас. Елді қан қақсатқан Неколайға да зауал болып еді. Күштілерге де бір зауал болар. Бірақ қашан болады? Ж.Айм. * Христиандар шошынып маңдайы мен кеудесін оңды-солды шұқылап шоқынды; мұсылман «Астағфираллаһ» деп аһ ұрып жағасын ұстаған. «Мынаған бір зауал болар!» дескен. Т.Сәу. * Жауапсыз кетпес қиянат. Мұның да бір зауалы болар. Қанша арыстан болсаң да айға шауып, асқақтама, қолбасы. С.Дос.

БІР ЗАУАЛ (ЗАУАЛЫ) БОЛАР Read More