а) Бетін тырнап, зар салып жылады. ~ Қара қағаздың айтқаны рас деді. Менен жарты сағат бұрын өлді. Тура осылай, көз алдымда жатып жан тапсырды деді. Орақтың апасы бетін жыртып, дауыс салып қоя берді. М.Мағ. ~ Аңыраған дауыс алыстан-ақ аза бойымызды қаза қылды. Екі бірдей боздағынан айрылған кейуана бетін жыртып шашын жұлып, жер тырналап жатыр екен. Б.Тоғ.
ә) Біреудің ісін ерсі көріп, таңдай қағып, бетін шымшылады. ~ Аласа бойлы қартаң әйел қолындағы ұршығын жол-жөнекей иірген бойымен келіп тұра қалып, бетін жыртып, аузын сылп еткізді: «Сұмдық-ау, мына Күреңбайға не болған, іс-міс жоқ қайда кеткелі жатыр!» С.Ом. ~ Ауылдың қатындары Торғын велосипедке мінген сайын бетін жыртатын. «Қанша бастық болса да қыз баланы шайтанарбада селкілдетіп қойғаны несі? Қыздың аты қыз емес пе? Ойбай-ау, әуелі шалбар киіп мініп жүреді» деген сөздерді сан естігенді. К.Қаз.
б) Мазақ етті. ~ Әке оқытам дейді, Абзал оқуға барайық дейді. Өзге қыздармен сөйлессе, олар бетін жыртады. «Қартайғанша оқу оқып, күйеусіз қалар жайымыз жоқ» деп жырқ-жырқ күледі. К.Қаз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТІН ЖҰМСАРТТЫ
Қабағы ашылды. ~ Мұрат тап жауымен айқасуға іштей мықтап дайындалып келген еді. Дербісәлі бірден бетін жұмсартып әкетіп барады. Сондықтан да Дербісәліге соққы беруден гөрі де өзін өзі қайрау үшін бала көңілінде қалған ренішін қатты айтып та салды. Т.Ахт.
БЕТІН ЖЕЛ ҚАҚТЫ
Күн көзінде, жел өтінде көп жүріп, беті қоңырқай тартты. ~ Бетін жел қағып, тотыққан еңгезердей балықшы су-су ауын сүйретіп: – Жәни, мен де жеттім! – деп кіріп келді. А.Байт. ~ … әрқайсың – кепкасы қисайыңқы өңкиген бозбала да, бетін жел қаққан тобылғы торы қыз да, олай болса, екеуінің міндетті түрде клубқа барып қатар отыруы қажеттігін, сеанстан соң жігіттің қызды екі жүз қадам қашықтықтағы үйіне екі шақырым жер жүріп, шығарып салу керектігін ойлайды. М.Қаб.
БЕТІН ӘРІ ҚЫЛСЫН
Ондайдан құдай сақтасын. ~ Қарағай-ағаш біткен тамырымен қопарыла, теңкие-теңкие ағып жатты. Адам шығыны да аз емес болған… «Оның бетін әрі қылсын!» деп, Құмырсқа қыз жабайы алма төгілген етекте біраз отырды. Ш.Құм. ~ Алайда, ол жылдары адасқан бір қазақ жазушылары емес, бүкіл Кеңес жазушылары. Адастырған — уақыт. Адастырған — үкімет пен партия басшылары. Бетін әрі қылсын, бұл бір қиын кезең, қиын мәселе. Қ.Ерг. ~ Нақ осы уақытта кемпір керісінше ойлаған: шал ылғи пошты баланың алдынан шығады, сондықтан жақсы-жаман хабарды да сол бұрын еститіні күмәнсіз. Алла, бетін әрі ғылсын, ендеше. Ж.Нәж.
БЕТІН БЕРІ ҚАРАТТЫ
а). Айтқанға көндірді, қарсылығын басты, ымыраға келтірді. ~ «Ендеше, ақыры мен жер аударылған екенмін, еліме қайтар жол жоқ екен, әкем мен шешемді жеңудің, бетін бері қаратудың басқа жолы жоқ екен… Мен неге осы Арасанбайға… » Бұл сөйлемді аяқтауға қыз жүрегі дауаламады. Ә.Тар. ~ Аузын алдық, бетін бері қараттық деп, өздерінше мәз болып жүрсін. Қ.Жұм. ~ Алдымен саяқ кеткен Талай тайшаның балаларын шөкелетсем, Көкнордың бетін бері қаратсам, Күнделен мен Абылайлар қайда қашар дейсің». С.См.
ә) Жағдайы оңалды. ~ Қазағымның патшасына қуат берсін, Құдайым! Көзі отты, сөзі түкпірлі, құжырлы көрінеді. Түбі жаман болмас… Елдің бетін бері қаратар… «- деп әжей қиялының буына семіріп, көңілі түлеп, күңкілдеп тұр. Т.Рыск. ~ Шипалы шөптің түбі мен тамырынан дәрі жасап, қайнатып ішкізіп, майлап жағып, шал аурудың бетін бері қаратты. С.См. ~ Әлсіреген келіншекті аяп, өздері де қан соқты боп жүдеп келе жатқан жылаулы жұрт Рухияның таңдайына су тамызып, ыстық ішкізіп, бетін бері қаратты. С.См.
БЕТІН БАСТЫ
Өз ісінен қатты ұялып, жүзін жасырды. ~ Оның үстіне, Мақпал: «Қаржауыңыз жоқ, кінәлі менмін», ― деп бетін басып отыра қалды. Қ.Қази. ~ Онсыз да үлбіреп әрең тұрған жас келін бетін басып, есіктен зыта жөнелді. Қ.Жұм.
БЕТІН АШУ
Жаңа түскен келінді таныстыру салты. ~ Қазақта «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген ұғым қалыптасқаны белгілі. Бірақ елдің кей аймақтарында келіннің бетін енесі ашатын болды. Сіздіңше бұл дұрыс па? БАҚ ~ Той алдында беташар жасайтынымыз тағы бар. Өзі жартылай жалаңаш жүрген келіннің бетін ашуда не мән қалады?”, – дейді Ахметова. БАҚ.
БЕТІН АШТЫ
а) Жаңа түскен келіннің беташар рәсімін жасады. ~ …Шәйіні әкелген топ Екі Ашаға түнделете жетті. Ондағылар күтіп отыр екен, Тазабектің бес-алты үйлі туысқаны үй ішіне әп-сәтте толды да кетті. Шашуларын шашып, келіннің бетін ашты. Қалиша: — А, құдай, келінімнің қадамын құтты қыла көр! — деді көзіне жас ала Шәйіні құшақтап. Б.Нұр.
ә) Әлдебір беймәлім жағдай туралы шындықты айтты, жария етті. ~ Шағи баласын көтеріп, Боранқұлды ертіп үйіне қайтқан жол үстінде-ақ саудырлап талай сырдың бетін ашып тастады. Ғ.Біл. ~ Абыз ақсақал өзінің саналы ғұмыры жайында көп нәрсенің бетін ашты. Қ.Бег. ~ Кәрім ентігін басқандай болып азғантай отырған соң, тағы біраз шындықтың бетін ашты. Б.Тоғ.
б) Пәктігін бұзды. ~ Ертеңіне барып ЗАГС-ке жазылдық. Апырмай! Жақсы болған екен! — Несін айтасың!.. Айтпақшы «ЗАГС» дегеннен шығады-ау. Жазылуға барсақ, баяғы менің бетімді ашатын қара мұрт орыс сонда қызмет қылады екен. Ж.Айм.~ Кімім бар осыдан басқа? Екі баласын шырылдатып, әйелін жылатып, мен үшін екіге жарылып жүр емес пе? Бекбол емес пе, тұңғыш бетімді ашқан? Ол болмаса, қауызым жарылмай, тұл кетер ме едім!? Кім біледі! Сол байы құрғыр жолықпай ма!? Ж.Әбд-а. ~ Әңгімені бықсытып жүрген Төкеннің өзі. Ішіп алғанда: «Өтірік айтсам, өліп кетейін. Қыз екен. Үш жыл еркектің
қасында жатты дегенге кім сенеді. Өзім бетін аштым!» деп, сол түнгі жігітшілігін әржерде айтып мақтанатын көрінеді. Т.Сәу.
в) Ойын жеткізді, жөнін айтты. ~ Аяғында, қыз сөзінің көбі Оспанның үмітін әбден нығайтқан соң, қырдағы мүсіні тәуір әйелдің бәріне істеп жүрген дағдылы машығына салып, төре белгілі тілек айтуға ауысты. Көптен қалжыңмен жағалатып айтып отырған сөзінің бетін ашты. М.Әу.
БЕТІН АУЛАҚ (АРЫ) ҚЫЛСЫН
Ондайдан құдай сақтасын д.м. ~ Сол қол жаздың сарша тамыз ыстығында тасып шығып… құдай сақтасын, тасып шықса, жолында жатқан мына сәнді қаланы бар ғой… тіпті аузың бармайды, әйтеуір пәлекеттің бетін аулақ ете көрсін деңіз. С.Шайм. ~ Ал, мына ақсақалдың тоғыз ұл, он алты немересі бар. Шаруасы сенен де көп. Бірақ ол бірде-бір баласын ұмытып сен секілді масқара болған жоқ. Солай ма, ақсақал? — Құдай бетін аулақ қылсын,— деп шал сақалын ашулана сипады. Д.Ис. ~ Нұрлыбай мұны ойласа тұла бойы тітіркеніп салқын тердің қалай шыққанын да сезбей қалады. «Тек құдай бетін аулақ қылсын!» — дейді ішінен күбірлеп. Б.Май. ~ Мезгілсіз қаза бар өнерді, бар жақсылықты ешкімге бұйыртпай суық көрге ала кетерін білесің ғой. Тек бетін аулақ қылсын. Күйеу елінің сұсы жаман деседі. С.Жүн. ~ Ертең өзінің де көзін қарға- құзғын шұқып жатса… мұны ойлағанда Жүкең көзін тарс жұмып алып, басын шайқай берді. Құдай оның бетін ары қылсын. Ж.Сәм.
БЕТІН АУДАРДЫ
а).Басқа жаққа бұрып әкетті. ~ Апаңның дені сау, үй арасы жақын. Араласып тұрамыз,— деді Ақбота, әңгіменің бетін аударғысы келіп. Мен үндемедім. Ғ.Мүс. ~ Айтпақшы, Долли қасында Стива да кабннетте ұзақ аялдауға айналды ғой деймін, — дегенді кірістіре, Китидің байқауынша, әлденеге көңлі жарым болған адамша, әңгіме бетін аудара сөйлеп, түрегелді Анна. Л.Тол. ~ Шындығын сезе тұра күншілікпен Мін іздеп, арсыздыққа салмас едім. Жақыным, жұрттың бетін аударуға Қара боран салса егер, нанбас едім… С.Тор.
ә) Назарын салды. ~ Бір көрген адамның Ханпадшайымға қызықпауы екіталай. Аппақ қардай ақшыл бетін аударып, тостағандай қарақат көзін күлімдетіп бір қарағанда, көңілдегі қайғысын ұмытпас бірде-бір еркек дүниеден табылмас. І.Ес. ~ Қоңырқұлжа шаңырақтан түскен күн сәулесінен бетін сәл әрірек қозғады да, қайтадан тоқалына қарады. Одан бетін аударып босағаға көз тастады. Босағада керегеге жібек бүлдіргісінен ілінген сегіз қарыс, өрімі қос саусақты ырғай сапты қамшы тұр. І.Ес.

