Ұяттан жерге кіре жаздады. ~ Жапар iнiсiне түсiн бермей алдыға қараған қалпы мұз құрсанып, сұлқ отыр. Оның iстеген iсiне өкпелi, тiптi, ағайын-туғанның алдында ұятқа қалып, бетiмен жер басқанын ұғындырды. Ә.Ыб. ~ Ояу жатыр. Бұл – анық. Бірақ өкпелі. Күндіз одаққа барғанын, бетімен жер басып кері қайтқанын осы үнсіздіктен білді. Өлген деген – осы. Өкіріп жылағысы келді. С.Әб. ~ Ертеңіне Ханбибі Шонаевнаның алдында отырды бетімен жер басып. С.Досж. ~ Жағада кір жуған әйелдерге де тура қарай алмай, бетімен жер басып жүргенде, Жолдыбай ұрын келген соң, өткелден өткен Қымбат, кекететіндермен кездескенде маңғазсып, оларға басын изеп паңданып өтетін. Т.Рыс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТІМЕН (БЕТ-БЕТІМЕН) КЕТТІ
Жүгенсіз кетті. ~ Балаға елжіреп жұмсақ қарайсың. Бала деген қоймен бірдей, қатал болмасаң бетімен жайылып кетеді. Н.Сер. ~ «Мүлікті тəркілейді, тоқалдарды тартып алады», – дегенді, байы кетсе, қызметкерлердің де бетімен кететінін ұқпайды-ау, ұқпайды. С.Досж. ~ Қарамаса, бақпаса өз бетімен кетпегенде қайтеді. Т.Сәу. ~ «Балаларыңыз қайда?»- десем, қолын сілтейді. Бәрі бет-бетімен кеткен. Аналарының хабарын да алмайды. Д.Ис.
БЕТІМЕ ТҮКІР
«Өтірік айтсам, не ісім ақ болмаса, не істесең де еркің» д.м. ~ Шауып ал аулын! Тәуір барқ етті. — Сен шаппасаң мен шабам! Ауылға тірі жетейін! Бес жүз үй Сырлыбайды түгел атқа қондырмасам бетіме түкір! З.Шүк. ~ Ондай сөздердің кейбірі үй ішінің құлағына да шалынатын сияқты. Кейде не әжем, не шешем: «Бұл не сөз, өзі?» деп Қалисадан сұраса, Қалиса:—«Былшылдай берсін! Тек, аманшылық боп Бүркіт келсе, ақ-қарасын бір-ақ көресіңдер. Егер сонда қара боп шықса, Еркежанды ғана емес, менің де бетіме түкіріңдер» дейтін көрінеді… С.Мұқ.
БЕТІМ-АУ
«Ұят-ай!» деген мағынада. «Ұят-ай!» деген мағынада. ~ Бұртаң-бұртаң, Жыртаң-жыртаң, Ой, сезім жоқ көк есек. Бұқа мойын, Тұтам бойын Көрмеген мен — көбелек. Шіркін жастық, Ессіз мастық, He айла бар? Бетім-ау: Жансыз жанды, Сол соққанды, Соны да сүйдім дедім-ау! М.Жұмаб. ~ Көтек! Бетім– ау, манадан айтсаң ғой… Әй, ақымақ басым! Екеуіңнің бірге кіргендеріңді көрдім. Мені қайдан қара басты, ә! С.См. ~ Босағада отырған екі қатынның ауыздары сүйреңдей жөнелді: — Бетім-ау, Шайзада айрылысып кетіпті! — Жиырма бес жыл отасқан күйеуімен бе? Т.Берд.
БЕТІ ШЫЛП ЕТПЕДІ
Шімірікпеді, ұялмай-қызармай өтірікті соқты. ~ Үш солдат аузына түскен өтірікті соққанда беттері шылп етпеді. Ғ.Мүс. ~ Үш айдан кейін келеді,— деді Елтай беті шылп етпестен. М.Қаб. ~ «Ардагермін, контузия алғамын, жәбір көрдім» деп жыланған соң қалай сенбесін. Содан тура милицияға тарттым»,— дейді беті шылп етпей. М.Қаб. ~ Аға, мен сіздің атыңызға сыртыңыздан қанықпын, менің әке-шешем Қарекентте сондай бір ағаң бар деп аузынан тастамай отырушы еді! — деп, беті шылп етпей өтірік соғып жіберді. Ә.Тар.
БЕТІ ШЫЛП (БЫЛШ) ЕТПЕСТЕН (ЕТПЕЙ)
Ұялмай-қызармай. ~ Мына тұсқа қолыңызды қойыңыз!.. Мына бір қыздың суретіне назар салыңызшы», — дейді әлгі арыз жанрының шебері беті шылп етпестен. Д.Дос. ~ Үш айдан кейін келеді,— деді Елтай беті шылп етпестен. М.Қаб. ~ Түсінікті-е… Бастық жарты минуттан соң беті шылп етпей: «Анау журналдың пәлен санын кітапханадан іздеп келші. Менің поэзиямды жариялапты. Бір үлкен кісі сұратып жатыр»,— дейді. М.Қаб. ~ «Шата» дейді- ау. Осы бір қаңқау сөз үшін өзінен ары намыстанып, талай баланың мұрнын дал қылған аманжан, енді міне, ес біліп ер жеткенде, беті былш етпей өзі айтып
тұр. О.Бөк. ~ Келесі аптада зыр етіп жетіп келді. Түрік енді басқа әуенге басты. — Сендерді тентіреп
жүргендеріңде қанша күн асырадым. Менің осы жомарттығыма рахмет айтыңдар, — деп қасқайып тұр. Беті шылп ететін емес. Д.Шал.
БЕТІ ШЫДАМАДЫ
Ұяты жібермеді, дәті бармады. ~ Ақбілек әнтек именіп, бетінің ұшы ойып алғандай қызара береді. Бекболаттың бетіне тура қарауға беті шыдамайды. Ж.Айм. ~ Əлде Бас корпустың арғы жағындағы қорамен шығып кетті ме? Мүмкін, маған көрінуге беті шыдамаған шығар. З.Қаб. ~ Дудар бас дүр қара еркектің құдды жараған бурадай, аузынан ақ көбік бұрқырап, тісін шықыр-шықыр қайрап үйелмендей боп үстіне төніп келе жатқанын көргенде, онсыз да зәресі ұшқан тыр жалаңаш әйелдің бүкіл денесі бір уыс болып жиырылып, көзін тас қып жұмып ала қойғанын айтқанда, бұл соның ар жағын тыңдауға беті шыдамай, сыртқа ата жөнеліпті… Ә.Нұрп.
БЕТІ ШІМІРІКПЕЙ (ШІМІРІКПЕСТЕН)
Еш ұялмастан, беті бүлк етпестен. ~ «Жұрттың ойы» десе де: Ұрқияның өз ойы да осы еді. «Орыстар апарған соң не істеді екен?» деген сұрау өз аузына да келіп қайтып тұрушы еді. Бірақ өзі мынадай сорлы боп отырған «Шырайлымнан» қалай беті шімірікпей аузы барып сұрасын? Ж.Айм. ~ Бәрі де алдарындағы тышқанкөз нүктені басып- басып қалды. Жалпақ таблоның беті шімірікпей 99 депутаттың 9- ы қолдап дауыс берді деп көрсетті. Қ.Түм. ~ «Бешташтың» адресіне айтылған осы іспеттес сөздердің талайын естігенбіз дегендей, беті шімірікпестен Қаратай жай тыңдап отыр. Ш.Айт.
БЕТІ ШИҚАНДАЙ
Жүзі нарттай жанып тұр (көбінесе адамның семіздігін сипаттайды). ~ Бұл сияқты болам деп кім ойлаған. Бір кезде екі көзі мөлдір қара, беті шиқандай қызыл, үріп ауызға салғандай бала еді. Б.Майл. ~ Бұрынғы бастығы беті шиқандай, бұқа мойын семіз кісі болатын. Бастық десең де, басқа десең де күдірейген тұлғасына жарасқандай еді. Ә.Асқ.
БЕТІ ШИЕДЕЙ БОЛДЫ
Ашу қысып, қызарып кетті. ~ Әй, Қадиша, сенсіз де осында өлеңшілер жетеді ғой. Жастармен жас болмай, шаруаңа жүр, — Қадишаның екі беті шиедей болы кетті де, теріс қараған күйі: ─ Сізбен жарысып қайтем, аяқ-табаққа өзіңіз де жетесіз ғой, − деп, Сұлтанмұраттың қасына барып отырды да, өлең бастады. С.Жүн.

