Орайына қарай бармақтың үлкендігіндей, кішкентай не үлкен деген мағына беретін теңеу. ~ Мылтық пенен садақты, — Өзі жөндеп, өзі атқан. Бас бармақтай бөдене, Басынан байлап, көзге атқан. Н.Әбу. ~ Кенет сайрап қоя берген бұлбұл үнi естiлдi. Тiзелерiн түйiстiре қатар отырған екi әйел селк етiп бастарын көтерiп алды. Бас бармақтай әншi құс таңдайы тақ–тақ етедi. Құлақтан кiрiп бойды алған нәзiк дауыс, нәзiк жүректерге әл берiп, өңдерiне нұр жүгiрттi. Р.Рай. ~ Мылтық пенен садақты, – Өзі жөндеп, өзі атқан. Бас бармақтай бөдене, Басынан байлап, көзге атқан. Азулы аңнан бөрі атқан. Сегіз Сері. ~ Апам нәресте шағымда бесігіме сылдырмақ орнына бас бармақтай жез қоңырау байлап қойған екен. Н.Сер. ~ Бас бармақтай әншi құс таңдайы тақ-тақ етедi. Р.Рай. ~ Зәре-құт жоқ, анамда сұр қалмаған, Қарсы алдында аждаһа сумаңдаған, Бас бармақтай басында сағат тілі, Өтті-кетті дегендей жылмаңдаған. М.Мақ. ~ Жыланнан қорқып, ұясын мәжнүн талдың суға төнген солқылдақ шыбығының ұшына салып, шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген бас бармақтай зымыранның өзі маса-шіркей қақшып тамақ асырайды. Ал сойталдай инелік ұстау зымыранға соғым сойғанмен бірдей ғой. Ш.Мұр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАС БАҚТЫ
Қара басының амандығын ғана ойлады, жан сақтаудың амалын жасады. ~ Ондай оқиғаны өзіңде басыңнан кешіп келе жатқан жоқсың ба? Біздікі бас бағып, жан сақтаудың қамы емес пе. Т.Ахт.
БАС БАЙЛАДЫ
Қауіп-қатері мол іске бел буды, тәуекелге барды. ~ Ескілікті тастап, жаңа заманға аяқ басқан дәуірде адамға жаңа талап, жаңа жігер керек. Жасымас қайрат, жалынды жүрек, қайтпас ерлік керек. Идеяның жолына бас байлауға, жан қиюға жас буынды үндеу керек. Келешекке торығып қарамай, түңіліп, жыламай, келешектен таудай үміт күту керек. Үмітсіз, селқос істе мардым береке болмайды. Жеміс шықпайды. Өмір қалыпталмаған дәуірде нағыз өмір емес, өмірдің сәулесіне мәзденіп, соған ұмтылу керек. Ж.Айм. ~ Байқа, балам. Қатерлі іске бас байлап тұрсың… Бір әкеден жалғыз қалғаныңды ұмытпа. Б.Тоғ.
БАС БАҒЫП (ОТЫРДЫ, ҚАРАДЫ)
Жасырынып, тығылып, жан-жағына сақтана қарап д.м. ~ Сендердің көрген– көрмегендеріңді білмейім, дәл сол кезде ауылдың алдындағы дөңде аттарын ұстап, бас бағып үш кісі отыр емес не еді? Соның бірі Серікбай Әділге: — Әне, әне, әне, ән салған дауыс Зылиқаның даусы! Әне, жіңішке дауыс Марияның даусы! Әділ, қалыңдығыңның даусын есіттің бе? Шәк. ~ Аяғының ұшымен ептеп басып терезе түбіне барды да бас бағып, сығалады. Қарап қалды – селк етті, оқ тиген аңдай, жарқ берді… Сұмдық! .. Хатиматайды құдай ұрыпты! .. Қойнында еңгезердей біреу жатыр. Ж.Айм. ~ Мінекей, мынау үңірейіп, аңырап жатқан құр өзен. Жылқыны талай буып тастап, бекінетін құр өзен. Кемеріңде бас бағып қарауыл қарап жататын құр өзен. Ж.Айм. ~ Тимофей қарт көк ала мұрт басқан аузын бір бұраң еткізді де, кетіп қалды. Баранов терезеден ақырын бас бағып қарап еді, ол Интернационалды» ақырын әндетіп кеңсеге қарай кетіп барады екен. Ә.Әб. ~ Олар аюдың терісіне таласып, қырылысып жатқанда, орманның алаңында бас бағып, қызыға қарап, мұртынан күліп аю– екеңнің өзі тұрды. Ж.Айм. ~ Теріні сілкіп– сілкіп қанжығасына байлап алды да, жебені қолынан тастамай атқа қонды. Жан– жағына абайлай қарап, сақтанып барады. Мына жебенің иесі бір жерде андып, бас бағып отырғандай сезінеді. С.См.
БАС БАҒЫП
Абайлап, дымын білдірмей. ~ Ешкім білінбейді. Тағы жүрді. «Қашан келер екен? Шыға алар ма екен?» деп жүрегі дүрсіл қағып, жар астында бас бағып, Жүніс отыр. Ж.Айм. ~ Тар ауызда тас тасалап, сүр шекпенді, бес атарлы біреу жатыр, бас бағып. Ж.Айм. ~ Жыртық киім киген, үрпиіп тоңған жүздері бар үш-төрт кішкене бала есіктен бас бағып, оты маздап тұрған үлкен үйге сығалайды. М.Әу. ~ Төргі терезе жарық. Ау, түнгі екіде жарығы несі, күлегеш әдемісі іс тігіп пе, әлде кітап оқып па кешеуілдеп отыр ма деп, кеудесін күдік кеулеп… бас бағып келіп үңілмей ме… Д.Досж.
БАС АУЫРТЫП, БАЛТЫР СЫЗДАТТЫ
Қам жеді, жаны ашыды. ~ Саусағын қалам, шынтағын үстел қажап, қағаз тексеруден жүздері жүдепжадап, халқы үшін бас ауыртып, балтыр сыздатып, жүріп көзге түскендер ғана өсіріледі. Ғ.Біл.
БАС АУЫРТТЫ
а) Мазасын кетірді, ығыр қылды. ~ Құрғақ сөз бас ауыртар, Құрғақ қасық ауыз жыртар. М.-М. ~ Брендонның үйінде мен бар әлем-жәлемді жапсырып алған, атақ пен байлыққа ие жесірлер мен бас ауыртар академиктермен он минуттан әңгімелесер-әңгімелеспегенім сол-ақ екен, ту сыртымнан біреудің қадалып қарап тұрғанын сезіп қалдым. О.Уай.
ә) Қобалжыды, жаны ашып, уайым қылды. ~ Шекарадан өтердегі құжаттары мірдің оғындай. Дәрігерлік сараптамаға бір-екі жерден мөр басылған. Яғни, Сейілбектің Ақбақай үшін бас ауыртуы артық. АҚ. («Найзағай түскен түн») ~ Өй, бүйтіп бал ашып бас ауыртқанша, шақыр анау Құнафия шалды. Талай жыл мылтық асынып, орман кезген перғауын, мұның жайын бір білсе, сол біледі, — деп жөн сілтеді Бейсенбай. М.Қаб.
БАС АУЫРТПАЙДЫ
Алаңдамайды, уайымдамайды; ойлап, басын қатырмайды. ~ Ақан жымиды: Серік ақыл айтуға сұмдық құмар. Ең өкініштісі, ол ақылы басқаларға керек пе, жоқ па, оған бас ауыртпайды. М.Қаб. ~ Олардың үйінде əкелері нағыз ƏКЕ, əйелі мен балалары не кием, не ішем деп бас ауыртпайды. С.Досж. ~ Бірақ солардың едәуірі мемлекетті тегін астай көріп, не бас ауыртпайды, не алақан тоздырмайды. Ғ.Біл. ~ Олар үшiн Отан – жейтiн нан, киетiн киiм, мiнетiн машина, тағатын алқа… яғни қарынның қажетi ғана. Идея үшiн бас ауыртпайды. Т.Сәу.
БАС АУЫРТПАЙ
Көп ойланып әуре болмай. ~ Капитан иығын қиқаң еткізді.
– Қайтеміз, бұл сорлыны ендеше бос сөзбен бас ауыртпай-ақ борттан лақтыра саламыз да. Дж.Лон. ~ Әрине, сен оның не істеп жатқанын білмейсің, білгің де келмейді; сондықтан оған онша бас ауыртпай «бір қажеті бар шығар» дей салатынсың… Ә.Нұрп.
БАС АУҒАН ЖАҚҚА
Қайда болса сонда, жөн-жосықсыз, беталды. ~ Көзімнің асты көлкілдеп, Ақ сақалым желпілдеп, Кәрі басым селкілдеп, Бас ауған жаққа барамын. Іздесем кімді табамын? Бағыт сілте, әулие?! М.Мақ. ~ Айналадағы бар тірлік өліп-өшкен тәрізді. Аралда иттер бар-ды, иелері: тас түссе талайыңнан — деп тастап кеткен. Үш төбет қалған еді, олар бас ауған жағына қарай жортақтап, Матёраны кезіп кеткен-ді, бірақ бүгінгі түнде олардың да үні өшкен. Тым-тырыс. В.Рас.
