БАРМАҒАН ЖЕРІ, БАСПАҒАН ТАУЫ ҚАЛМАДЫ (ЖОҚ)

Көп елді аралады, көп жерді шарлады; тау-тасты көп кезді; жүрмеген жері жоқ. ~ Бұл Іскендір дуананың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бұл Өскеменің, бұ Зайсаныңыз, бұ Семейіңіз, бұ Қарқаралыңыз — бәрін де Іскендір жалаң аяқ шарлаған. Ж.Айм. ~ Он алтыншы жылы осы жерлерді үш-төрт ай кезгенде бармаған жерін, баспаған тауын қалдырмағандай едік. Б.Қыд. ~ Қарқ-қарқ күліп Ғинаят қалады. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ неме қазақшаңды былай ысырып қойып, орысша, татарша, өзбекше, украинша жеті атаңнан бермен қарай марапаттап бергенде бүкіл ауыл іштерін басып, шек-сілелері қатар еді. Ә.Кек.

БАРМАҒАН ЖЕРІ, БАСПАҒАН ТАУЫ ҚАЛМАДЫ (ЖОҚ) Read More

БАРҚЫТ ТҮН

Жаздың маужырап, сүттей ұйыған жайлы түні. ~ Басындағы барымта аздап сап болды. Енді оның көз алдына сонау жылдары Ақжайлауда өткізген көркем күндер мен барқыт түндер елестеген. О.Бөк. ~ Ынтыққан екі ыстық жүрек емін-еркін ұғыссын дегендей барқыт түн тыныштық күйін бұзбай, маужырайды да тұрады. Б.Соқ. ~ Тұрғандай шыңда ұялап, Барқыт түн, дала таңы да. Басына шықсаң қиялап, Алматы алақаныңда.. С.Мәу. ~ Сол жұлдыздан моншақ тағынған саршатамыздың барқыт түннің төсіндегі әлгі сансыз жұлдыздар елбіреп, мәңгі қуақылығымен әлсіз бірақ аса қуатты сәуле шашар кірпікті жанарымен жаудырай елжіреп қараған. О.Бөк.

БАРҚЫТ ТҮН Read More

БАРҚАДАМ ТАПТЫ

Шапағаты тиді, пайдасын көрді. ~ Орайы келіп, оңтайына ілінген іс қана діттеген жеріне жетіп, барқадам табады. Қазақ мұны «ұқсаттыру» дейді. Т.Жұр. ~ Ол осы теріс әдетінен барқадам таппаса да, сүйекке сіңді мінезден қартайғанша арыла алмаған екен. БАҚ («Сыр бойы»). ~ Қасиетті қазақ шапанын, дінімізді, тілімізді, ұлттық дәстүрімізді білмейтін, білгісі де келмейтін, менсінбейтін кім көрінген қайдағы бір кірмелердің иығына жауып, не барқадам таппақпыз? Ж.Көк. ~ Тіпті, Әзілхан екеуінің бір оқиғаны жеріне жеткізгені сондай, екеуі де егіздің сыңарындай екі хикаят жазғаны бар. Ақыры өздерінің осы тәсілдерін баспасөз арқылы түсіндіріп барып, барқадам тапқаны бар. Т.Жұр.

БАРҚАДАМ ТАПТЫ Read More

БАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ

Бәрі, түгелдей. ~ Өнеш үйге өң мен түстің арасында жетті. Өзіне–өзі көпке дейін келе алмаған. Оқтау жұтқандай қылғынады. Ішіне біреу қолын білегіне дейін сұғып жіберіп, не бардың барлығын мыжғылап, езіп жатқан сияқты. Н.Дәу. ~ Біресе жердің бетінде бардың барлығын бедерлендіріп, мыңғырып жатқан қора-қора қойларды шалқыған теңіздің толқынына ұқсатады. Ә.Әб.

БАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ Read More

БАРДЫ БАЛАМАЙДЫ, ЖОҚТЫ САНАМАЙДЫ

Шаруаға қыры жоқ, барды қанағат етіп жүре беретін, қолы ашық. ~ Кейде: «Кемпірдің наны… отыны бітіп қалыпты» деп, сасқалақтап жүгіріп жүргені. Біреуден ат, біреуден арба, біреуден қарызданып азық, ақша алып жүргені. Ол «барды баламайды, жоқты санамайды», өзінің бірдемесін сұрасаң бере салады, кісінің нәрсесін, киімін өзі де киіп жүре береді. Ұят екен- ау демейді. Ж.Айм.

БАРДЫ БАЛАМАЙДЫ, ЖОҚТЫ САНАМАЙДЫ Read More

БАРДЫ (БАРҒА) ҚАНАҒАТ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ, ТҰТТЫ)

Қолда барға шүкіршілік қылды; қолын алысқа сермемеді.
~ Бірақ әзірше барды қанағат ете тұруымыз керек. О.Сәрс. ~ Бірақ осы татулық барға қанағат етуге, бойкүйездікке, жаңалыққа ұмтылмауға, алда-жалда біреу бастама көтере қалса, көп болып жауып тастауға соқтыра ма деп қорқам, — деп бастады… Қ.Жұм. ~ Ел сияқты барды қанағат қып тып-тыныш алдымдағы кәсібімді істеп жүргенде, қазір жылы үй, жұмсақ төсекте жатпас па едім. Т.Сәу. ~ … кейбір жазушылар шығармаларының аудармасына мүлде көңіл бөлмейді, мән бермейді. Екінші тобы барды қанағат тұтады, я орысша шыққанына мәз болады. Г.Бел.

БАРДЫ (БАРҒА) ҚАНАҒАТ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ, ТҰТТЫ) Read More

БАРҒАН САЙЫН КҮШ АЛДЫ

Уақыт өткен сайын қарқындады. ~ Біз де ел қатарлы бастаңғы жасап, ел қатарлы көңіл көтеретіндігімізді дәлелдейік өзгелерге! » дейтін… өзеуреген, гүжілдеген дауыстар барған сайын күш алып, барған сайын даңғыр– гүңгір көбейе түседі. Қ.Жиен.

БАРҒАН САЙЫН КҮШ АЛДЫ Read More

БАРҒАН САЙЫН

Уақыт өте келе. ~ Оттар жоғалды, бірақ қасқырдың ұлығаны барған сайын үдей берді. Мұрданың арбасы дөңгелегі жерге тимей ұшып барады. Ж.Айм. ~ Ал, әлгі әзірдегі бүтін батысты тұтас буына ұстаған алтын сәуле барған сайын солғын тартып, ажарлы өңінен біржола айрылуға таяу, — деді Әлібек батысқа көзін қадап тұрып. Х.Ес.

БАРҒАН САЙЫН Read More

БАРҒА ТОҚ, ЖОҚҚА ҚАНАҒАТ

Азға риза болу, қолда барға шүкіршілік ету туралы.
~ Сенің шаруашылықты шала білетінің, ақкөңілділігің, аңғалдығың керек оған. Анда-санда жиналысыңды ашып, кабинетте отырғаның, барға тоқ, жоққа қанағат деп тыныш жүргенің керек оған! Б.Тоғ.

БАРҒА ТОҚ, ЖОҚҚА ҚАНАҒАТ Read More

БАРҒА ТОҚ

Қол жеткеннен басқаға талпынбады, азға қанағат етті, қолда барға тоқмейілсді д.м. ~ Бірақ ел соған да разы. Оларға не керек – сырт пішіні келіссе болғаны, қауқиып тұрса жетті де. Қой мінезді ел емес пе, әйтеуір, барға тоқ. К.Хам. ~ Бұдан соң вагон. Екінші класс. Менің қарсы алдымда отырған қырықтар шамасындағы әлдебір мырза таңқиған шелектей келте танауына алтын көзілдірік киіп алып, мені менсінбей осқырынып қайта-қайта тұра береді де қайта-қайта қапталған чемоданын қозғап-қозғап қояды. Жинақы, әрі сабырлы, әрі өзіне сенімді, барға тоқ мырза бағасын да тым жоғары бағалайтын болса керек… И.Бун.

БАРҒА ТОҚ Read More