Жасырынуға жарамды, таса жер. ~ Келе жатқан жүргіншіге қоян-қолтық кездестіріп, құшақтаса түсіргендей болып, артынан қуғыншы болса, қарасын тез жасырып әкететін Бақтығұлға оңай, жауға қиын балта сабы иек артпа керек. Орта Қараштан сол табылды. М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАЛТА САБЫ ӨЗІМІЗДЕН
Шығу тегі өзіміз д.м. ~ Олардың айналасында «Ғалия», «Хүсайниялардан» оқығың дейтін жәдит жаялығында өскен бір топ төленгүттері бар. Амалың бар ма, балта сабы өзіміздің ағаштан, төренің атшысы өзіміздің алаштан… Қазақтың соры әлі қайнап отыр. І.Жан.
БАЛТА САБЫ КЕЗЕҢ (ҚЫРАТ)
Бекініс боларлық, тасалануға да ыңғайлы қалтарыс жота. ~ Сол жерге келіп: балта сабы екі кезеңнің түбінде қақ бөлініп тұра қалдық. Түрлерімізден адам шошығандай болып кеткен екенбіз: тымақтың құлағын тегіс жымыра байлап алғанбыз; өңіміз сұп-сұр, қолда — бір — бір шашақты найза, қара сойыл, ұзын айбалта. М.Әу. ~ Енді екеуің айланба. Арттарыңа қарап, алаңдаушы болма. Қара қысаңды аз өрлеген соң, оң жағыңа айлансаң, шолақ сайдың басында балта сабы кезеңшеге алып шығатын секірме, аттама бар. Соған жетпей аттың басын тартпа. Ж.Сәм. ~ Балта сабы қыратқа шыға бере тайшұбардан домалап түскен Боранқұл қылышты жендеттердің бірнешеуін қадап атып құлатып жіберген еді, қырат үстінен атып тұрған мылтықты адамды көре сала әлгіндегі көк көз офицер мойнындағы мылтығын алуға үлгірмеді, Ғ.Біл. ~ Көштің алды суат басына қарай балта сабы қыратшадан аса төгіліп келе жатқанда қарсы беттен сақылдап-тақылдап қоя берген оншақты мылтық шалғыдай сыпырды. Ғ.Біл.
БАЛҚЫҒАН ТЕМІРДЕЙ
Қып-қызыл боп қызара батқан күн көзінің көрінісі. ~ Зауал ауа аспан қарауытқан. Мұның себебі жер мен күн арасын қызыл түсті бұлт торлағаннан еді. Жұрт шошып, далаға жүгірісіп шыққан. Ақыр заман болды деп ойламаған жер қалмаған. Қараңғылық күшейе берген. Көк қып–қызыл балқыған темірдей көрінген. А.Байт. ~ Бұл екі арада шаңырақтай үлкейген кешкі күн балқыған темірдей қызарып, дөңгелей домалап көкжиекке құлаған. С.Жүн.
БАЛҚЫҒАН (БАЛҚЫТҚАН) ҚОРҒАСЫНДАЙ
Көз ұшында жалт-жұлт еткен құбылмалы көрініс туралы. ~ Қазан–аяқ жақта табақ жинасып жүрген ұзын бойлы сұйық қасты қайқы ерін егде қатын еңкейгенде алдына түсіп кеткен шашбауын түзеген боп, артына бұрылып, иығынан асыра төр жаққа бір қарады. Балқыған қорғасындай жалт ете қалған кезінде суық сұс бар екен. Ә.Кек.~ Бұлт керуені асығыс. Аумағымен қопарыла түйдек — түйдек жөңкіліп, бірін-бірі кимелей өңмендейді. Балқытқан қорғасындай сырғыған қарасұр кейбіреулері тым төмендеп кетіпті, бауырымен жер сызардай, ызбарлана жылжиды. С.См. ~ Бәріміз жапа-тармағай аспанға қарадық. Шынында да жұлдыздар жайшылықтағыдан әлдеқайда көп еді. Баттиып-баттиып, балқыған қорғасынша сорғалап ағып түсердей боп жарқырайды. С.Мұр.
БАЛҚАН ТАУ
Аяқ жетпес алыс жер д.м. ~ Кәнігі қол мен көз қалаған бұйрығы мен жарлығын қалт еткізбей орындатады, ол анық. Орындамаса барар Балқан таулары анау тор болмақ. М.Қаб. ~ Қабағыңда – қамырықты жоқ па мұң? Балқан таулар, бұйырмаңыз айыпқа Талқандалған өмірімнің соқпағын. Үшқараның қабағында жоқ па мұң? Д.Аман. ~ Алды-алдына би болсаң, Алатауға сыймассың Бас-басыңа би болсаң, Балқан тауға сыймассың! М.-М. ~ Ары қарай тыңда. Балқан таудың басында, Боз жорғасы қасында, Бозымбай батыр келе жатыпты. Темір мылтық асынып, Дұшпандарын басынып… – деп əжесі ертегісін жалғастырады. С.Досж.
БАЛДЫ ДА, БАЛСЫЗ ДА БОЛМАДЫ
Анық-қанығын білмеді, екіұдай пікірде болды. ~ Қардың жауар, жаумасына балды да, балсыз да болмаған қарт, түнде іздеп барып Шымболатқа жолықты. С.Мұқ. ~ Қалисаның сөзіне балды да, балсыз да болмаған қалпыммең әкем мен әжеме еріп кете бардым. Оның сөзі растығына алдағы қыста ғана көзім жетті. «Бүркіт елге келе жатыр дейді» деген хабар естілгенде: — Айтпадым ба,— деді Қалиса маған оңаша жолығып, шүйінші сұрап,—«сүйгені рас болса оралады» демедім бе? С.Мұқ.
БАЛДАЙ ТАМЫЛЖЫТТЫ
Нақышын келтіре, әдемі дауыспен ән шырқады. ~ Балзияның әуезінде де терең сыр жатыр. Әйел айту үшін ғана жаралғандай жіңішке, нәзік «Уайда — ай» әнін жібектей есілтіп, балдай тамылжытып отыр. Т.Әл.
БАЛДАЙ БАТЫП, СУДАЙ СІҢДІ
Бөтен ортаға еркін еніп, кірігіп кетті; барған жеріне ұнамды болды.~ Ал осындай кең жаны,
жылы жүрегі, еріген бауыры бар елдің басқа халыққа балдай батып, судай сіңер дәстүрі,
әдеті, әдебі адамзаттың бар ұрпағына ортақ болса артық бола ма, інім. Б.Қыд. Жаңа ортаға ұнамды болды, бойы үйреніп, сіңісіп кетті. ~ Оның арты тегі Ажы руынан емес. Жас кезінде еліне өкпелеп біржола кетіп, осында сіңген арғын атаның бір бұтағы. Бірақ оны ешкім кірме демейді. Осы ауылға балдай батып, судай сіңіп, қадірлі қарты болды. Қолының өнерімен көпке жақты. К.Қаз.
БАЛДАЙ БАТТЫ
Сіңіп кетті. ~ Алдымен осы оқиғаны тықырши күткен қала жастары мен шекараға таяу ауылдар өтті. Олардың «балдай батып» кеткенін көрген соң, алыс ауылдар мен аудандар қозғала бастады. Қ.Жұм.
