Босанды, нәрестелі болды. ~ Галиева бір кезде Жәркенттегі ұйғыр театрында актриса болған екен, күйеуге тиіп, егіз бала тапқан екен. Б.Соқ. ~ Тағы да сол ауылдан бір қыз алған екен. Оны бала таппадың деп қоя берген бе, әйтеуір, бір бәлесі бар… Ш.Мұр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАЛА СҮЙДІ
Перзентті болды. ~ Шаңырақ көтерді, бала сүйді, немере көрді. Жалынды шығармаларын да осында жазды. Д.Рам. ~ Торғыны тоса алмай, шықылдаған капитанға қатын бопты. Екі бала сүйіп, аузынан ақ майы ағып, қазір райпотребсоюз бастығының әйелі көрінеді. К.Қаз.
БАЛА ҚАЗДАЙ БАЙПАҢДАДЫ
Аяғын маңғаздана, жай басып, теңселе, еркелей жүрді. ~ Тәңірім болсын панаң,– деп, Ер Шеге бата береді. Бала қаздай байпаңдап Жақындап ерге келеді, Бірін-бірі көреді. «Қыз Жіб.» ~ Ой жағалап ойнақтаған шұнақ қара қасқа лақша ыршып-ыршып түскісі келеді. Бірақ Күнікей ыршымайды: ол енді өзінің сəулім болғанына көзі жетті. Сəулім болса, бала қаздай байпаңдап, салмақпен жүру керек. Ж.Айм. ~ Жауыма да жатсың деп айта алмадым, Бала қаздай алдында байпандадым. Талай-талай сөзімнің әкесі өліп, Талай сөздің кезегін қайтармадым. М.Мақ.
БАЛА КӨТЕРМЕДІ
Бала тумаған әйел туралы. ~ Әліптің баланы алуының да өзіндік есебі бар. Үлкен бәйбішесі Мәмила Елісханнан кейін екі қыз тауып,одан кейін бала көтермеді. Ж.Шәк. ~ Менің есіме жамағайын біреудің бала көтермеген әйелі «босаныпты» деген хабар естігенде әкемнің жылағаны түсті. Т.Әбд. ~ Бала көтермей, не баласы тұрмай жүрген жас әйелдер келіп, өздерінше ырым етіп жалынан сипап кетісетін. Н.Дәут.
БАЛА КӨТЕРДІ
Жүкті болды, аяғы ауырлады. ~ «Мені бұрынғы ерім тоқалдыққа алғанда бала үшін алған еді. Барған соң кешікпей-ақ жүкті болып, бала көтердім. Бірақ балам туып өле берді. С.Сей. ~ Тәнті жыл жарым аралатып, құрсағы құрғамай бала көтеріп, айналасы он-он бір жылдың ішінде алты баланың анасы атанып шыға келген. Е.Жең.
БАЛА КӨҢІЛ
Бейкүнә, аңғал, қиялшыл, сенімпаз көңіл. ~ Алтыншы класта өзімен бірге оқитын, интернатта жататын жолдасы демалысқа қарсы Сайлаубекті аулына қонаққа шақырған. Бала көңілге бейтаныс нәрсенің бәрі ермек, бәрі қызық көрінеді ғой. С.См. ~ Өз шешесіндей бұларды таптаушылар да мықты болса керек. Бала көңіл біресе олай, біресе бұлай толқиды. К.Қаз. ~ Табан астынан ұзақ сапарға бекінген бала көңілін түн пердесін ысырып, мына тылсым, мылқау дүниені жарық сәулесімен оятқалы келе жатқан ай өсіріп жіберді. Н.Сер. ~ Даланы басқан аппақ қар күміс түсті дария секілді. Сол дарияның кез-келген тамшысы жылт-жылт етіп күнмен шағылысып тұрғандай. Қысты күнгі осы бір көрініс бір сәт бала көңілімді елітіп жіберіпті. К.Қаз.
БАЛА КӨКІРЕК
Албырт, сенімпаз, қулық-сұмдықтан ада көңіл. ~ Шұға — сұлулық, сұлулық — адалдық, адалдық — әділдік болатын. Сол сұлулыққа бала көкірек адалдық танытады. Т.Қан.
БАЛА БОЛМАЙДЫ
Түк шықпайды, ештеңеге жарамайды. ~ Содан күнде жиналыс. Қым–қиғаш айтыс. Жұрттың көбі: «Қой, мынау бала болмайтын сөз, оған көлік қайда, күш қайда?» – деп безіп шықты. Т.Әбд.
БАЛА БОЛДЫ (БОЛЫП КЕТТІ)
Балаға лайық қылық жасады. ~ Мен білсем тап осының қой мен шошқаның арасынан туған шата. — Жұрт күледі… Райқан ыза болып түйіліп, тұтанып қап: — Ата, қойшы, бала болмай… М.Әу. ~ Сен кімсің? Құдай деген ишарамын… Дуана… Аллай-хақ… Асқар қарнынан салып қалды. — Тек. Бала болма. М.Әу. ~ Қалқам, бала болып кеттің бе, жылама,- деді әкелік ілтипатпен, − Одан да концерттің қалған жағын қалай өткіземіз, соны ақылдасайық. І.Ес. ~ Сол кезде мына балғын денелі келіншектің қасында ол өзін шынымен-ақ бала болып кеткендей көретін. Ә.Нұрп.
БАЛА БАСТЫ
Көп балалы, бала бағудан көзі ашылмайды д.м. ~ Қазақтар бір кезде ерте үйленген. Он бесте отау иесі. Көшпелі өмірде бала басты әйелдер елуінде саптан шығып қалады. Қ.Жұм. ~ Жап-жас жігіт Әміров үйелмелі — сүйелмелі төрт кішкене балаға әке болып үлгерген. Әйелі бала бастылықтан салақсып кеткен салпы етек біреу. Б.Соқ. ~ Қанша оқыды дегенмен әйел адам, ертең бала басты болған соң қиын болмай ма? – десіп жан аши сөйлесе … С.Жүн. ~ Бала басты боп кеткесін қиын екен. Жарты ақыға істеп жүрмін. Т.Ахт.
