Түгел, түгін қалдырмай талдады; бір нәрсеге терең бойлады. ~ … олардың өлеңін сынамай жібере берсең, «шілдірік» сұйық өлеңдері жас әдебиетімізді қотыр ала қойдай болдырады, аздырады. Сондықтан Саматтың өлеңдерін бақайшағын шағып, тәптіштеп қарауды қажет көрдім. Ә.Бөкей. ~ Бала кезімнен аңқаулау едім, біраз нәрсенің бақайшағын шағып, байыбына бармаппын да, біраз нәрсені аңғармаппын — ау. Т.Ахт. ~ …енді ол ескі ұйқастармен ешбір көңіл күйіңді жеткізіп айтып бере алмайсың. 7 буын, 8 буын, 11 буын дегендердің де бақайшағын шағу керек, олардың енді қол орамал ғұрлы пайдасы жоқ! Ғ.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАҚАЙДАН ҚАҚТЫ
Кекетіп, мұқатып, тиісе берді, аяқтан шалды. ~ «Құдайым анау көзілдірікті жігіттің қолына түсіре көрмесін. Әбден мәлтектетті-ау, ә? Не деген пәле… Тіпті бақайдан қағып, сөйлететін емес. Сонша шұқшиғаны несі? М.Сүн. ~ Сен қашаннан бері жетісіп қалып едің. Мені бақайдан қағатын кім едің? Әкеңнің…— деп тереңнен бастап еді, кыли қара оның жағадағы қолын қағып жібергенде Ақназар етпетінен кетті. Б.Қыд. ~ Әй, сен апаңа дауыс көтере берме. Білдің бе?! Meн қазір барып көмектесем. Ертіп келем. — Отыр… Отыр деймін. Істесін, не бітіреді басқа. — Аяқ– табаққа араласып қалған қу емес пе. Жібер мұны… Лайқаты сол, нақұрыстың,— деді Сәрсен бақайдан қағып. М.Сүн.
БАҚАЙ ҚУЛЫҚ
Жымысқы айла, жалғандық, көзге ұрып тұратын майда қулық. ~ Осы бақай қулығым арада жүрген қазақтар жағынан Елісханның құлағына жетіп қойған жоқ па» дегенді ойлаған Ма Буфаң бекерден-бекер қалтыраған жоқ еді Ж.Шәк. ~ Ертең сөз болып жүрсе сытылып кетуге оңай болсын дейтін бақай қулығы бар-жоғын өзі біледі, әйтеу, пышақтан ат бойын ала қашады. Ғ.Біл. ~ Қалайдан- қалай, енді қалған «күнәкарларды» үштен- төрттен қабаттап қойып, оққа ұстаған. Қандай бақай қулық екені беймәлім, Таңжарық бастаған елудей тұтқын ажалдан аман қалды. Т.Рыс. ~ Арамзалығы ма, аңғалдығы ма, беймәлім. Есіктен кіре еңкейіп, тоңқаңдап төрге шыққан соң, кеудесін керетін қытайдың бақай қулығы есіне түсті Қанаттың. Т.Рыс.
БАҚАЙ (БАҚАЛ) ЕСЕП
Жеке басының мүддесін ғана көздейтін ой, қитұрқы жоспар, арам ой. ~ Орталық газеттерге интервьюлер бердi. Көр-жердi бықсытып, баспасөзде қаралайтын мақалалар ұйымдастырды. Көбi өсек-аяң. Дәлелденбеген күннiң өзiнде күдiк қалады деп, бақай есеппен жасалған көрбiлте зымияндық. Т.Сәу.~ Апырым-ай, осы жұрт көлденең көк аттыға сырын айтпайтын, аз сөзбен-ақ құйрығын ұстатпайтын бақай есепті қалай үйрене қояды екен? О.Сәр. ~ Бұл – асыра мақтау не бақай есеп шеңберіндегі желсіз, көлгірси көтермелеу де емес, керісінше болар елдің балаларына айдай анық ақиқат, кіреукесіз шындық, құдайлық сөз. Қ.Бегм. ~ Ал, Баймахан — қулық-сұмдықты, бақай есепті білмейтін, тап-таза баланың өзі емес пе. Алдындағы ақ қағаз қандай пәк болса, Баймахан да сондай кіршіксіз. Қ.Жұм. ~ Бұл жолы ерегесті, өйтпеді. Жаңағы бақай есеп әңгімеден кейін шайға шашалып қалар еді. М.Қаб. ~ Ту биедей толыса бастаған дене былқ- сылқ. Балық алуға келген бизнесмендердікі бықсыған бақай есеп. Қ.Жиен. . ~ Мен қойды колхоздың дәулеті, халықтың ризық,- несібесі, өз малым деп бағам. Пайда тауып, жан асырайын деген бақай есептен аулақпын, қарағым! Ө.Кәр. ~ Абай Тәкежанға сазара қарады. — Біле білсең, менің сенен бөлек үятым жоқ болар, Тәкежан. Сен үялтар іс қылсаң, мен ұялмай аман қалар дегенге итім сенер ме! Сені ұялтып, соған мен семіреді деген бақал есепті қашан қоясыңдар осы, түге!?- деп, Қаражан мен Әзімбайға да суық қарады. М.Әу.
БАҚАЙ-ШАҚАЙЫНА ДЕЙІН ШАҚТЫ
Егжей-тегжейін тәптіштеп берді. ~ Ертеңнен бастап бұрғыға кірісіңдер. Шуруфті қайтып, қалай теседі, перфоратордың мінезі, анатомия мен физиологиясы қандай, оны бақай-шақайына дейін шағып, құлақтарыңа қорғасындай құю үшін маман жұмысшы бөлеміз. Тек қол қусырып, бас иіп сый-сияпат» .пен қарсы ала біліңдер,- деп көзін қысып қойды. М.Қаб.
БАҚАДАЙ (ҚҰРБАҚАДАЙ) ШУЛАДЫ
У-шу болды, даңғаза қылды. ~ Жаңа ғана бақадай шулаған қалың елдің жұртында қалып, әудемде меңіреу иенге айналған меңзығыр өлкеде сылбыраңдап қар жауа бастады. Ғ.Біл. ~ Бұл ауылдың сәні де, салтанаты да анау құбыла бетіндегі шалқар көлде құрбақадай шулап, шомылып жатқан қара сирақ балалар. М.Сүн.
БАҚА ТІРЕС
Бәсеке, бақталас, көре алмау. ~ Еске алып қаза берсең мұндай улы әзілдердің не бір сорақылары айтылады-ау екеуінің арасында. Екеуі талай рет бірін-бірі қақ маңдайдан салып қалғандай етіп, не бір ащы, улы әзілмен аямастан мұз тақырға талай отырғызды ғой. Сонау бала күндерінен бастап бірімен-бірі бақа тіреспен келеді емес пе. С.Мұр.
БАҚА СИСЕ КӨЛГЕ СЕП
Азғана болса да, көмек д.м. ~ Біздің елде 56 аз санды ұлт бар. Біз соның біреуі. Адамға зәру ел емес. Жетіп жатыр ғой. Қазақтың қай жеріне қызығасыңдар? Қазақстанның жері кең, адамы аз екен. «Бақа сисе көлге сеп» емес пе? Т.Рыс. ~ Жә, ел ішіндегі бір тентектің еркелігін кешірейік бір жолға. — Көлдей орамал тершіген маңдайды әлденеше сүрткіледі. Сәлден соң асаба өз сүрлеуіне қайта түседі; — Бұл атақ шығаратын бәсеке– жарыс емес, бақа сисе — көлге сеп. Азды — көпке, көпті — Алланың бергеніне балаймыз. Қ.Жиен.
БАҚА БАС
Жалпақ бас; сиықсыз, нашар, бишара. ~ Жаздың күнінде аяғына екеуі екі пұт шығатын, шұбар табан, бақа бас көн етік киіпті. Б.Қыд. ~ Бақа бас қызметкердің ойы — басқа. Бақа бас қызметкер бастық атаулыға қарсы емес-ті. О.Сәр. ~ Еркек шіркіндер ғой опасыз. Көзі тіріде бақа бас еркектің алтын басты әйелді аяққа басып, үстінен жүріп, өлгесін де төсектегі орны суымай жатып, сұқақтап әйел іздейтінін қайтерсің бұлардың?..» Ә.Нұрп.
БАҚ ТІЛЕДІ
Бақытты болуын қалады, игі тілегін айтты. ~ Қош уақыт, құтты қадам, елім кепсің, Аға, іні, құрбы-құрдас, келін — кепшік. Айналдым аузындағы ақ тілеуден, Батырға бақ тілепсің, өрле депсің… М.Әу. ~ Сен менi ойламайтын да шығарсың, бәлкім!.. Бiрақ, мен сенi санамнан шығарған емеспiн. Бақытты болшы, жаным, тек тiлерiм сол! Бiрақ, сүйгенiңе бақ тiлеп, бақытсыз боп жүргеннің, несi жақсы?!. Мүмкін, мен де бiреудiң шаңырағына бақыт әкелермiн!.. Десе де, жүрегiм жаралы… Д.Рам. ~ Құдайдан маңдайына бармақтай бақ тілеген әйел сорлы басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел буып шықса да, жеме-жемге келгенде артына қарайлап жіпсіз байлана беретін әдет емес пе? Ә.Нұрп.
