Талаптанды, үлкен мақсатқа қол созды, тәуекелге бел буды. ~ Москваға барып бағын сынаған, ізімқайым жоқ боп кетті ақыры, үйде отырған өзіндейлер жүр аман…» К.Мырз. ~ Жейтін тамақ болмаған соң «көпес» көп айналмай, бағын сынап көруге жұмыс сұрап жүрген жағына кетті. М.Карим. ~ Әкемнің қара бүркіті касқырдың арланынан жазым болып еді… Мейлі, тәуекел, бағын бір сынасын. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАҒЫН БАЙЛАДЫ
Біреудің бақытына кедергі болды, кесірі тиді. ~ Аңызға айналған қайран Нарқызылдың бағын байлаған, сөйтіп өзінің бағын жандыруы үшін оның табанына құмшеге қағып жіберген біздің ауданның сойқанын да білетінмін. Т.Жұрт. ~ Ертең қыздарың өседі, сен қартаясың, сонда еркек күшейеді қырыққа қарай. Сол кезде сенің өзіңе қиын болады. Жолдарыңды бөліп алыңдар. Сен оның бағын байлама, – дейді. С.Досж. ~ Сонымен қыз жіпсіз тұсаулы көрінеді. Әйткенмен, қыздың бағын байлап отырғаны болмаса, калың малын да түгендемей, ұрын да келе алмай, өз әйелінен де аса алмай, шырмалып жүрсе керек… Б.Тоғ.
БАҒЫМ – СОР
Бақытымның да құны жоқ д.м. ~ Базарым – қытай, бағым – сор, Құлдыққа көнген халім сол. Тіл де жоқ бізде тілдейтін, Үн де жоқ біз де үндейтін. Б.Әл. ~ Қайратым бар, бағым – сор. Күн батып қалды ма, көз байлаған қараңғы. Осыншама қорыққан өлім еш қорқынышты емес. Д.Аман.
БАҒЫ ҰШТЫ
а) Құдай оңдады, жолы ашылды, тасы өрге домалады. ~ Ойы: аманшылық болып Шыңғыс ер жетсе, үйленсе, бағы ұшып әкім болса, өзіне тәуелді үй тіге қалса, қара шаңырақты соған көтерту. С.Мұқ. ~ Айғаным Омбыға он жасар Шыңғысты ерте келген еді, сондағы ойы – «патшалардың, патшасы» деп түсінетін орыс патшасы Николайға маңдайынан сипату. «Құдай оңдап, құдай жақсылыққа қол жетсе, – деп ойлады Айғаным, – баламның бағы ұшқаны!». С.Мұқ.
ә) Кері мағынада — соры қайнады, жолы болмады. ~ Жарлы менен жақыбай намысты ойлап, Артып берді екі тең қамыс байлап. Тілсіз жауға тірексіз тура тартса, Жылым жұтып, жігіттің бағы ұшпай ма? М.Мақ.
БАҒЫ ТАЙДЫ
Дәурені өтті, ырысы шайқалды, құты қашты. ~ Арада сойқан соғыс бола жаздап, ақыры қара ат Керімбайға опа бермей, бағы тайып, шабыстап қалғаны… Ш.Мұр. ~ Төбесі опырылып ішіне түскен ескі қыстау дәурені өткен, бағы тайған тіршіліктің белгісіндей болып түн құшағында мүлгіп тұр. Т.Әбд. ~ Пәлі, саған большевиктердің үгіті әбден өтіп кеткен екен! Халқыңның бағы тайған кезіне куә боп отырған соң, аузыңды қу шөппен сүртесің ғой. Т.Сәу. ~ Демек, қазақ пен жоңғар хандығы қатар тұяқтанып, бір-біріне бетпе-бет бағытта шеңгелін жая қозғалды. Араларын бағы тая бастаған Шағатай ұлысының жұқа ғана шымылдығы бөліп тұрды. Т.Жұрт.
БАҒЫ СЫНАЛДЫ
Сын сағаты туды. ~ Содан кейін заманның ағымы аяқ астынан күрт өзгеріп, жылқы емес, адам бағы сыналатын басқа бір бәйге басталып кетіп еді. Т.Әбд.
БАҒЫ ӨШТІ
Күні қараң болды, бақытсыздыққа ұшырады. ~ Күні кеше ғана қатарының алды болған, ертеңіне сенімді жігіттің аяқ-асты маңдайындағы бағы өшіп, сор жағылады деп кім ойлаған… З.Төл. ~ Қолыма домбыра алып, зар илеймін, Үніндей ботасы өлген нар інгеннің. Жетімді кім тындайды бағы өшкен, Еліме арыз айту — бар білгенім. «Біржан-Сара».
БАҒЫ ӨРЛЕДІ
Бағы жанды, жолы ашылды. ~ Жарты жыл өтпей мектепке директор болып, одан колхоздың парторгтығына жоғарлатылды. Бағы өрлеп келе жатқан алымды жас жігіт жұрт аузынан түспейтін. Т.Сәу.
БАҒЫ МЕН СОРЫ
Бағын ашуы да, сор болып қадалуы да мүмкін жағдай. ~ Халықтың тұрмыс халін өз көзімен көру үшін қамқор патшаның анда-санда елді аралайтын әдеті бар. Әкім біткеннің бағы да, соры да осындайда. Т.Сәу. ~ Жазған табиғат сыйға тартқан он сегіз саланың, тым құрығанда бір рет уағы келіп, мезгілінде өзінен-өзі түскен жоқ… Иә, он сегіз сала — тек Кербұғының маңдайына ғана дарыған бағы мен соры… О.Бөк. ~ Өйткені күй өнерін жан дүниесімен сүйе білетін нәзік талғамды Күнкөсемнің шырт ұйқысынан күй үні ырғағын бұзбай оятып, оның көңіл күйі дөп басып шығу – күйдің ырғағы және күйшінің бағы мен соры. Ж.Баб.
БАҒЫ ҚАЙТТЫ (ҚИСАЙДЫ)
Жолы болмады, сәтсіздікке ұшырады. ~ Бірақ жәй ойлағаны болмаса, ұсақ аң емес, сойылмаған бітеу қасқырды атқа өңгерсе, жүйрік аттың бағы қайтады дейтін ырымды білетін аңшы қынындағы кездікті суырды… С.Жүн. ~ Әдетте, ұрыста бағы қайтқан отырықшы елдің әскері ешқашан қайырылып соға алмайды. Т.Әсем. ~ Бұл күнде бәрінің бағы қайтқан. Бәрі де баяғы аруағынан айрылған. Ә.Нұрп. ~ Жыл өтер-өтпесте Тобылдан тағы бір елшілік тағы келді. Үлкен орданың тағынан қағылып, бағы қисайғандай боп жүрген Қайыптың иығы қайтадан шыға бастады. Ә.Кек.
