БОЙЫН БАУРАДЫ

Бүкіл денесін елітті, ерекше ләззатқа бөледі. ~ Олардың ойларына өзі туралы не келіп, не кетіп жатқанына Еркеш онша алаңдаған жоқ. Өз ішіндегі сезімге үңілген. Аш өзегіндегі тілемсек, бір тамақ іздеген тойымсыз ниеттен басқа тіпті басқа, бірақ соған орайлас сағыныш, аңсауға ұқсас бойын баураған күйді ұқты. К.Өтж. ~ Тек келген жігіттердің бірі домбыра алдыртып, қоңыр даусымен әндете бастағанда ғана шырайлы өңі жылып, бойын баурап алған ән иесіне ықыласты көз тастады. Құлақтың құрышын қандыра шырқаған жез таңдай әншінің есімі Әсет болып шықты. АҚ «Таразы өмір».

БОЙЫН БАУРАДЫ Read More

БОЙЫН БАЛҚЫТТЫ

Елжіретті, ләззат сезімге баулыды. * Мәгініт қуаты сондай-ақ, сөйлеген сайын ұйытып, бойымды балқытып əкетті. Ж.Айм. ~ «Құрысыншы бәрі де» – деп, қолын тарақтап басына жастады. Денесіндегі ұсақ– ұсақ су моншақтар біртіндеп кеуіп, күн нұры өне бойын балқытты. О.Бөк.

БОЙЫН БАЛҚЫТТЫ Read More

БОЙЫН АУЛАҚҚА (АУЛАҚ) САЛДЫ (ҰСТАДЫ)

Бөлектенді, бөлінді, жақын тартпады, жат санады; алыстап кетті, қашқақтады, жақындағысы келмеді.. ~ Кейбір оқығандарда қара халықтан бойын аулаққа салғысы келіп, қызыққа, салтанатқа салынғысы келетін салқындық, ірілік мінездердің ұшығы сезіледі. Ж.Айм. ~ Бике əйелдерге тілі тие берген соң, олар да Бикеден бойын аулаққа салуға айналды. Бірнеше күннен кейін, қанды көз кіргенде, қанжарын əзірлеп қоюды ұмытты. Ж.Айм. ~ Алғашқыда әйелім шал-кемпірден бойын аулаққа салып, ыдыс-аяғын араластырмай жүрді. Біраздан кейін ол да мұрнынан шаншылып, сабақтан бас көтере алған жоқ. Б.Тоғ. ~ Сонымен бірге қазіргі пәлелі қоғамнан бойын аулақ салу, ауылдастарынан түңілу, безіну де жоқ емес. Қ.Жұм. ~ Егер өз белінен шыққан бала шынымен шалқақтап бойын аулақ салар болса, бұл ерегіскенде бойындағы барын орыс-кәріс демей – оңтайы келгенге тастап кетуден тайынбайды. О.Сәрс. ~ Өзіне сеніп тапсырған қызмет үшін неден аянды бұл? Тіпті туған шешеден де, жақын бауыр ағайыннан да бойын аулақ ұстады ғой. Ө.Ахм.

БОЙЫН АУЛАҚҚА (АУЛАҚ) САЛДЫ (ҰСТАДЫ) Read More

БОЙЫН (ӨЗІН) СЫРҒАҚ ҰСТАДЫ

Ешкімді өзіне тым жақындатпай, белгілі бір қашықтықта ұстау туралы. ~ Осы әдетті білетін Шепе Күнтайды «құрдас» деп тілін де, қолын да жұмсап қатты ойнап жүрді. Қалжыңның қандай түріне болса да «құрдастық болар» деп шыдайтын Күнтай бір сәтте арамдығын сезіп қалды да, бойын сырғақ ұстауға айналды. С.Мұқ. ~ Үлкен қара көзді, қоңқай әдемі мұрынды, қияғы ұзын мұрты мен иегіне шоқтала өскен сақалының түсі де шымқай қап-қара, сұр өңді Тілеміске Шыңғыс мұнша әдемі көрікті қимаған, оның үстіне, тықылдаған пысықтығын да ұнатпаған, егер елей қалса, үйреніп алғаннан кейін басынып кетер деген қауіппен, бойын сырғақ ұстаған. С.Мұқ. ~ Махаббат мәселесінде өзін Самарқаннан бұрын да сырғақ ұстайтын Айбарша, Дәулет майданға аттанғалы ол жөнде тіпті сырғақсып алды. С.Мұқ.

БОЙЫН (ӨЗІН) СЫРҒАҚ ҰСТАДЫ Read More

БОЙЫ ШЫМЫРЛАДЫ

Бүкіл бойын билеген ерекше сезімнен жүрегі дір етті. ~ Біресе Ұмсындықтың күйеуі қол ұстаған түні: «Жан терге түсіп, қиналдым» дегенін есіне түсіріп, қорқады. «Жеңешемді өкпелетіп алам ба» деп тағы ойлайды. Ойын-сауықта омырауынан қысқанда, тамағынан сүйгенде бойы шымырлап кететінін ойлағанда: «Одан да тəтті ме екен» деп тағы қызығады. Ж.Айм. ~ Дәрмен күреске шыққанда, дымын қыспаған, жүрегі селт етпеген, бойы шымырламаған жан болған жоқ шығар. Ж.Айм. ~ Айдай ару Нәзилә жұрт арасынан сытылып шыға бере ауыздық сүзіп, аласатып тұрған жынды жиренмен құйындатып келіп қатарласқанда, сұрша қыздың өзіне қарап жәудіреген отты көзін көріп, Боранқұлдың бойы шымырлап кетті. Ғ.Біл.

БОЙЫ ШЫМЫРЛАДЫ Read More

БОЙЫ ҮЙРЕНДІ

а). Жақын тартты, жатырқамайтын болды. ~ Аз күнде болса жолы бірігіп, бойы үйреніп қалған аға-жеңгесіне туыстарша ашық еркелей амандасып, асығыс жеткен арман-тілегіңде де хабарлай бастады. С.Бег. ~ – Тіпті, бөтендігі жоқ, – дейді келесіде басын шайқай масаттанып. – Алғашқы күндері үркек еді. Қазір мені мен шешесін қойшы, осы бәріңе, бүкіл ауылға бойы үйреніп қалды. М.Мағ
ә) Үрейден айықты. ~ Әр кез көзі іліне сол бір түсті қайталап көре беретін болды. Тіпті құбыжыққа да бойы үйреніп қалған іспетті. Қ.Мүб.

БОЙЫ ҮЙРЕНДІ Read More

БОЙЫ ТҮРШІКТІ

Әлдебір жөнсіз іске сескеніп, бүкіл денесін үрей жайлады, денесі тітіркенді . ~ Шалдың сөзін үнсіз тыңдаған Ақан: – Е, қария, осы күнгі ағайынның достығынан, жын-шайтанның достығы артығырақ көрінеді, оларды ренжітіп қайда барам, – де қалжыңға аударған. – Көзім жын қаққан есалаң адамның көзі сияқты шығар, ә? — Қаншама қалжыңға басса да, осы сөзден соң серінің де бойы түршігіп, іштегі үрей үдей түскендей еді. С.Жүн.

БОЙЫ ТҮРШІКТІ Read More

БОЙЫ СЫРЫҚТАЙ (ҚОЛЫ ҚҰРЫҚТАЙ)

Бойы тік, серейген арық, қолы ұзын. ~ Осы институтқа аспирант болып келіп жиырма алты жасында диссертация қорғағанда бұл сол жұрттың сүйіктісі еді, еркесі еді: бойы сырықтай, қияқ мұрт, күлімкөз жігіт жада қауымға бірден сіңіп кеткен, сен кімсің, қайдан келдің деген ешкім болған жоқ … Ә.Тар. ~ Сол жыланқұрттай ирелеңдеген немені Жәкең несіне қорғап қалды десеңші! Егер анау сырықтай бойында адамдықтың титтей жұрнағы болса, кешегі күні Жәкең он күн бойы төсек тартып жатқанда көңілін сұрап, бір рет ат ізін салар еді-ау. Д.Әш. ~ Бойы сырықтай, қолы құрықтай, ұзын сирақ, өзі ап-арық болған соң «Антенна» аталып кеткен Тимофей — украин. С.Досан.

БОЙЫ СЫРЫҚТАЙ (ҚОЛЫ ҚҰРЫҚТАЙ) Read More

БОЙЫ СЕРГІДІ

Жаны жайланды, денесі тыңайып қалды. ~ Бағана Қасқабұлақ жотасына шыққанда бұлардың маңдай алдынан Шыңғыс аса соққан салқын самалға бойы сергіп, көңілі көтерілген Қасымбек Құлақасқаны сипай қамшылап, ақырын ыңырсып əнге басқан: «Ауылдың қонған жері Қоғалы көл, Қоңыр қой қозысы өлсе, болады тел. Асығып Ақбілекке жетер күні Алдымнан қоңыр салқын соғады жел». З.Қаб. ~ Жас жігіт алаулаған ыстық денесін таң самалына төсеп, бір сәт бойы сергіп қуана күлімсіреп тұр. Ә.Нұрп.

БОЙЫ СЕРГІДІ Read More

БОЙЫ СЕРГЕК

Еті тірі, іске дайын адам туралы. ~ Сырым. Не дермін?.. Қарагөз есінен шатасып, мен тентіреп құшнаш болам деп, бойы сергек кісі болып, тірі қалып өмір етем деп ойлап па ем? Жаратқан ие, неге ұшыраттың мені? Не қылдың? М.Әу. ~ Ол бағана мызғып алғанына дән ырза. Бойы сергек. Көңілі көтеріңкі. Түксиген қараңғы дүниеге көз тігіп, ширақ басып келеді. Мюлгаузеннің темір тәртібін қатты тұтынатын полк бүгінде қас қарайған бойда өзді–өзінің вагонына кіріп апты. Ә.Нұрп.

БОЙЫ СЕРГЕК Read More