Уақытша ғана. * Жантас. Жүзтайлақ, бүйтпес едім, қылығың асты. Ендеше, Мөржан менің жарым. Бұл маған әрі жар, әрі дос. Саған мен бір түндік. Олай болса, өзің қандай болсаң мен де сондай. Сен де маған көптің бірісің. Сен деп есімнен айрылғаным жоқ, білдің бе? Қанжығаңда кетейін бе? М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ТҮЙІР
Кіп-кішкене, болымсыз ғана. ~ Қарлығашым … қолғанатым менің, маған сендей ақылды, қамқоршы бір түйір қызды сыйға тартқан Жаратқанға мың шүкір, — деп еміренді. А.Әлт. ~ Бір түйір ірімшікті тауып алып, Ағашқа Қарға қонды ұшып барып. Тоқ санап ірімшікті көңіліне: Жей қоймай отыр еді ойға қалып. Қашаннан белгілі аңқау ала қарға! А.Байт. ~ Тап осылай, мырза, артық- кемі жоқ. Бір түйір өтірік қоссам, тәңір куә, оңбай кетейін. А.Смай.
БІР ТӨБЕНІҢ ШАҢЫН БІР ТӨБЕГЕ ҚОСТЫ
Әйгілі тұлпардардың адуынды шабысын суреттейтін метафора. * Байшұбар ол үшін ұшқан құсты аузымен тістер ертектегідей бір төбенің шаңын бір төбеге қосар, айдарынан жел ескен арғымақ. О.Бөк. * Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан нар кескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қикулатып, бұғалықсыз асауды құр- құрлатқан жиырма бесім, қайдасың деді ме, тіршіліктің мынау қолындағы қамшының сабындай… О.Бөк.
БІР ТӨБЕ
а) Мол, саны көп; қомақты. * Қазірдің өзінде Сәбит Мұқанұлы өмірінен деректі, деректі-көркем, көркем шығармалар аз жазылған жоқ. Өмірі мен шығармашылығы хақында зерттеу өз алдына бір төбе. Қ.Ерг. * Енді ол қатындікі өз бетіне. Жастығынан қорықтың ба, абыройымды ашар деп қаймықтың, ба, әйтеуір жалынышты, жалп етек болдың. Оның өзі бір төбе. М.Әу.
ә) Ерекше, жөні бөлек. * Алдап- сулаумен арбасына отырғызып алып келген Қабен ақсаққа бағышталған ыза- кек өз алдына бір төбе. К.Сег.
БІР ТОПЫРАҚТАН ЖАРАЛДЫ
Туыстығы, мінез-құлқы, шыққан тегі жағынан жақындығы бар. ~ Қүйеу балаң екеуіңнің бір топырақтан жаралғандарыңды білуші ем, о да сол, жұмбақтайды да отырады. Тапа-тал түсте түсін айтады. Әнеугүні: «Сен түсіме енген күн — бір ренішсіз өткен емес», — деп былжырайды. Ж.Нәж.
БІР ТОҒА
А) Бір қалыпты, үйреншікті. ~ Әгәрәкім, бір тоға, бір ырғақты тірлік жалықтырса, таза ауа жұтып, орман-тоғай арасына барып серуендегісі келсе, шипажайдың кез келгеніне жолдама дайын. А.Алт. ~ Жеңешем құйған шайды сүйсіне іше отырып, мейман ел ішінде өзгеріс жаңалықтар жөнінде бір тоға баяндап: — Кеше көрші ауылдан Мұрат палуанның келіп кеткенін… АҚ «Тағдыр». ~ Өзіне сөйлегендерге бір тоға ғана жауап қайырып, тоқтаусыз сөйлеп отырған Жанпейістің сөзінің мәнін ұқпаса да үшін құптағанын қояды. Ә.Әл.
Ә) Ешкімге сыр ашпайтын, тұйық мінезді. ~ Осы күнгі «Талас» совхозының директоры Әбдір Сағынтаев кластас дос еді. Жасында момын, бір тоға болатын. Әркім бір тиіп, түртпектей беретін. Сонда да селт етпеуші еді… Б.Тоғ.
БІР ТИЫНҒА КЕРЕК ЕМЕС (ТАТЫМАЙДЫ)
Еш құны жоқ, керексіз. ~ Сендердің таныстығың, жолдастығың бір тиынға керек емес. Біз ортақшылдармыз: бізде бауыр жоқ, бізде тура жол бар. Ондай жамандықтарың білінсе, тура атыласыңдар… Ж.Айм. ~ Тіпті ыза болғаным сондай, сол жерде бетіне былш еткізіп айттым да салдым: «Ендеше, сенің бір тиынға да керегің жоқ. Мен үйленгелі екі ай болды. Сен құр тұлыпқа мөңіреген сиырсың» деп. Ә.Нұрш. ~ Жаратқаннын әр бір нығметі сол болса керек, өкпеге ауа бармаса, бар тіршілік те, дүние байлығы да бір тиынға татымай, бір сәтке, сол бір жұтым ауа үшін, бар байлығыңды да бермекші боласың. АҚ «Күйген нан».
БІР ТИЫН ПАЙДАСЫ ЖОҚ (БІР ТИЫНҒА КЕРЕГІ ЖОҚ)
Түк керегі жоқ. * Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Ай сайын бас қосқан жиын болады. Мөңке би. * … не әкесін, не өзін қорлық-зорлықтан арашалауға бір тиындау да пайдасы болмады. Ж.Айм. * Майда тілдің бізге бір тиынға керегі жоқ! Ж.Айм.
БІР ТӘУІРІ
Жағымды жағы, бір жақсысы. * Соңдарынан әлдене сарын естілген. Бір сәт дыбыс иесі өкшелеп келіп қалыпты. Бұларға тұңғыш кезігіп тұрған мүлдем жаңа нәрсе. Бір тәуірі, жауға ұқсамайды. С.Ел. * Расих — башқұрт жігіті еді. Үстінде қазақы түйе жүн шекпен, басында төрт сайлы түлкі тымақ. Аяғында байпақты қара саптама. Өзге жігіттерден айырмасы шамалы. Бір тәуірі орысшаға жетік. Сұртайдың сөзін бұлжытпай аударып берді. С.См.
БІР ТЕРІНІҢ ПҰШПАҒЫ
Ортақ жұмыс, мүдде-мақсат. * Назар тыңдаушысын таң қалдыра түскісі келгендей, ресми даусын өзгертпестен. – Барлық күш–жігер қазір партияның ұранын жүзеге асыруға арналып отыр. Ендеше, сенің де, менің де илеп отырғанымыз бір–ақ терінің пұшпағы. Т.Әбд.

