Заман өзгере келе алдамшы, уақытша нәрселердің бәрі жойылар, шынайы құнды үниелер ғана қалар д.м. ~ «Өй, ит болсаң, үлкен үйдің иті бол» демекші, сені кешегі Есімжанның баласы деп, ардақтап, қолқа салып отырған жоқ па, болыс туысың. Бетеге кетіп бел қалады, ажар тайып ар қалады. Ж.Ахм. ~ Бетеге кетіп – бел қалады, бектер кетіп – ел қалады», – дейтін сөз рас болса, бастықтардың да, басқалардың да орны ауысқанда осы өңірдің арын арлап, жоғын жоқтап біз жүретін болармыз деп ойлаймын. С.Иман.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТ ШЫМШЫҒАН (ШЫМШЫР) АЯЗ
Бет үсітетін өткір суық желді аяз. ~ Бүгін аспан әлемі ашық болғанымен, шаңытқан бозғылт мұнар арасынан күннің көзі шелденіп, көк бет қатындай жылусыз бедірейіп тұр. Ауада бет шымшыған үскірік аяз бар. М.Әу. ~ Кеше ғана май тоңғысыз майда шуақ боп тұрған, таңертең тұрсақ айналаны тұсарлықтан қар басып тастапты. Табан астың сықырлап, бет шымшыған аяз бар. Т.Сәу. ~ Әзiр дене тоңазытар, бет шымшыр аяз да жоқ. Тек емiс қана шытқыл бар. М.Әу.
БЕТ ШАРПЫДЫ
Ыстық леп бетке ұрды, күйдірді. ~ Түске таман құм оттай күйіп, ыстығы бет шарпыды. Құм шоқыларды асқанда, ат толарсақтап әзер шығатын еді. З.Шүк. ~ Теңіз жақтан соққан сағым аралас ыстық жел бет шарпиды. Тас жолдың үстінде құм борасын ирелеңдеп, ойнақ салады. Қ.Жиен. ~ – Ол жағын уайымдама. Не бопты, құдай бірдеңе берер, — деді Бибі ыстық демі бет шарпығандай болып. — Кінә менен болып жүр ғой, жаным… Қ.Жұм.
БЕТ ТЫРНАДЫ (БЕТ ТЫРНАСТЫ)
а) Жанжал шығарды, жағадан алды, намысқа тиді. ~ «Ән – нә — ні!.. Астында жатып та бет тырнайды!.. Осындай итке жақсы қатын қайдан жолығады десеңші?! Сәмиға болмағанда баяғыда-ақ сүйегің тайгада қалатын сыболыш едің-ау!..» Қ.Ысқ. ~ Ара-арасында шақылдап күліп қояды. Жаңа ғана бет тырнап шиедей болған оты, суы басқа кісілердің ол енді асты-үстіне түсе бастады. Ә.Нұрп. Намысқа тию, қорлау. ~ «Нәзір қанша жамандағанымен де «Тар жол, тайғақ кешудің» қадірі енді күшейе бермек. Кітаптың суреттілік жағы күшті, тілге де бай. Ал Нәзірдің сыны толық сын емес, қыңыр, бір жақты сын, бет тырнау», — дегеніне редакция тағы да түсіндірме беріпті. К.Ахм.
ә) Ұрсысып-керісті, бір-біріне қол көтерді, жүз шайысты. ~ Әлдененің ызасы тоқалды булықтырды да, ол оқтай атылып, Нағиманың шашына шап берді. Екі әйел төбелессе, шаш жұлысып, бет тырнасар еді, Нағима оны істемей, тоқалды нақ бүйірден ұрды. Б.Майл. ~ Иә… Анау кемпіріммен, қызыммен тістесіп, бет тырнасып әлек салды. Құлағым тыныштансыншы деп үйіне апарып тастадым. М.Сүн. ~ Қашанғы жасырынбақ ойнайды. Түбінде бет тырнасатын болған соң, кейде азу көрсетіп қойған да теріс болмас. Қ.Жұм.
БЕТ ТҮЗЕДІ
а) Алған бағытына қарай аяқ басты, жүрді, бет алды. ~ Не болды, Чингиз Валиханович?! – деген үрейлі сұрауына жауап бермеген Шыңғыс үнсіз орманға бет түзеді. С.Мұқ. ~ Танабай балаларымен, малайымен езінің қырдағы жылқысына қарай бет түзеп келе жатты. Олардың арттарында аяндап, бүлкілдеп екі ақ төбет келе жатты. С.Сей. ~ Күн ысуы қайтты-ау деген шамада көш жолға шықты. Кешегі келген іздерімен кейін елге бет түзеді. А.Алт.
ә) Ниет етті, мақсат тұтты, ден қойды. ~ Түрменің іші түмегей, қара көлеңкеден топырақ көріне қояды дейсің бе? Тәуекел дариясына бет түзесем қалай болады? Б.Қыд. ~ Тоқта! Халайық, мына қасиеттi үйдi аттап өткенiмiз дұрыс болмас! – дедi ерекше бiр шабытпен саңқылдап. – Бiле бiлсек, бiздiң бет түзеп, мiнәжат етер Каhбамыз осы үй ғой. Т.Сәу.
БЕТ ТЕРІСІН (БЕС) СЫНДЫРДЫ
Бет жүзін құбылтты. ~ Келіп қалғанына өкінгендей Өтеу бет терісін бес сындырып, көш жерде серейіп мұз боп қалған екі аяғын бауырына зорға тартып алды. Қ.Ысқ. ~ Кеужірінің құжыры қанбаса да орталап қалған сигаретін сарғайып кеткен саусағының ұшымен мыжып отырып, бет терісін бырс-бырс сындырып, мыжырайып отырып: — Әй, біреудің қатынында қай атаңнан қалған кегің бар еді, қолың қышып бара жатса өз қатыныңды неге сабамайсың?! — деп Құмархан кәдімгідей жаны қинала, жағын ашпастан ысқырып сөйледі. Қ.Ысқ.
БЕТ ТАППАС
Оңбайды, опа көрмейді д.м. ~ Балпаң, балпаң кім баспас, Басарға балтыр шыдамас, Батырмын деп кім айтпас Барарға жүрек шыдамас, Жалтара қашсаң жау қашпас, Жауды аяған бет таппас, Уа, жігіттер, жандарың Жаудан аяй көрмеңіз Ғазрейіл тура келмей жан алмас! Ақтамберді ж.
БЕТ СИПАСТЫ
Құда болуға уәделесті, сөз байласты. ~ Ақбөбек бай қызы болса да басы байлаулы көп мұңлықтың бірі. Айттырулы жері бар. Онысы бір белді, шелді атаның тұқымы көрінеді. Есі кіргелі естіп келеді. Басында бата жасалып, бет сипасқан әке кесіміне қарсы тұрар қауқар аз. Ата салты, ел жоралғысы — құдалық заңына қазақтың қай қызы да бағынышты. Ү.Жлк. ~ Қуаныш үстінде Байбөрі Сарыбайға мойын бұрып: — Ау, Сарыбай, әуелі бел құда болып едік, енді бесік құда болдық.Байлықтың бақыт болмайтынын өзге білмесе де, сен екеуміз білеміз. Сондықтан тілегің қабыл болып, Тәңірім екі жастың жарасқан қызығын көруге жазсын!—деді. Отырған жұрт: — Аумин! — деп ұлардай шулап, бет сипасты. А.Сей.
БЕТ СИПАДЫ
Өлген адамға иман тілеп, құран оқыды, «Әумин!» деп бет сипады. (Сол сияқты бата оқылған кез-келген жағдайда жасалатын салт). ~ Тәсбиғын жиi тарта түсiп, өңiн Ұлжан жүзiнен шұғыл бұрып алып, тәhлил айтып, сыбырлап кетiп, дұғамен бет сипады. М.Әу. ~ Сосын бәрі Тәнтінің қасына жайғасып, ананың күбір-күбір дұғасынан кейін кішкентай қолдарымен бет сипап, дастарқандағы шелпекті таласа-тармаса жеп алады. Е.Жең. ~ Кісі аятын аяқтай беріп алақанын жәйді. Бұлар да түгел қол жәйіп үнсіз бет сипасты. С.Елу.
БЕТ ПЕРДЕСІН СЫПЫРДЫ (ЖҰЛЫП АЛДЫ)
Ел алдында әшкере қылып, шынайы жүзін, шын бейнесін көрсетті, көпке танытты. ~ Ежовтың көкірегінде жат пиғылдың жатқанын қайдан білсін Сұржекей. Сөйтсе, бұл Сталиннің емес, Ежовтың ізімен кеткен боп шықты. Сталин жолдас Ежовтың бет пердесін сыпырып сұрқия бейнесін халық алдында жарқ еткізіп ашып отыр. С.Ел. ~ Бір кейіпкердің көлеңкесінен екінші бір кейіпкердің сиқын көріп, бірінің бейшаралығына күлу арқылы екіншісінің бет пердесін сыпыру — Ілияс Жансүгіров сатирасы мен юморының астарласып көрінетін ерекшелігі. Ғ.Қаб. ~ Елтай іштей сылқ-сылқ күледі. Несін айтасың. Тотының жасанды бет пердесін жұлып алса, ауылдың көрсеқызар шөпжелке қызы шыға келеді екен. М.Қаб.

