Тәртіпті (заңды, салтты т.т.) қасақана бұзды, бассыздыққа барды. ~ Тексеру кезінде той жасалып, аяқталғаны белгілі болды. Бірақ кафе иесі той-жиын өткізуге тапсырыс қабылдағанын мойындады. Кәсіпкер мен той иесі заңды белшесінен баса отырып, жалпыға ортақ ережені бұзғаны белгілі болды. БАҚ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕЛШЕДЕН (БЕЛШЕСІНЕН) БАТТЫ
а) Суға, балшыққа, қарға … т.т. белуардан кіріп, шыға алмай қалды. ~ Тас кемпір табалай күліп, ағып түскен көзімен мені шығарып салып, сан ғасырлар тұрған күйі жерге белшесінен батып, мелшиіп қала берді. Ш.Айт. ~ Алдарындағы омбы қарға белшесінен батып, бақырып жатқан көшбасшыларын көріп, тағы үйір кілт тоқтады. Ә.Кек.
ә) Тереңінен бойлады, біржола берілді, сіңісіп кетті. ~ Бақытсыздыққа белшесінен батқан халықты көрді. Оңбай шошыды. Гаутама патша тағын тәрк етіп бақытсыздыққа белшесінен батқан халықты құтқару жолын іздеп жолға шықты. С.Елу. ~ Алғашқы бірінші сұраққа «иә» деп қап, сосын шегіне алмайық. Өтірікке белшемнен бата берем. Б.Соқп. ~ Және үй демей, көше, клуб демей, жүріп те, тұрып та ойлана береді. Әйешті шығарып салып келе жатып та қалың ойға белшесінен батады. М.Қаб. ~ Қисыны, бұл арадағылар көзі тірісінде ұрлық, үй тонау, жазықсыз адам өлтіріп, қан қарызына белшесінен батқандар сияқты. Т.Рыс. ~ Батпаққа белшесінен батпай тұрғанда заң орнына сезігімді білдірейінші деп талап қылғанымды өздерің білесіңдер. М.Сүн.
б) Пайдаға (не зиянға) молынан кенелді. ~ Тек жаманшылық, жаулықты қатты ұлғайтатын іс болады. Енді мол бәлеге белшесінен батқан деген осы. М.Әу. ~ «Райымның» тышырақайы есіне түсті. Ол қазір қамау судың балығына белшесінен батып жатқан болар? Жолы болғыш сыралғы неме мынадан кейін есіріп шыға келер-ау. Ә.Нұрп.
БЕЛУАРДАН ҚАН КЕШТІ
Соғыс тауқыметін, қан майданды бастан өткерді. ~ Танкке қарсы таяқпен Арпалысып күресіп, Діңкелеткен біз едік. Ынтымақты табанды, Құрыш тәртіп болатты, Бұлжытпастан бұйрықты, Жалтартпастан жарлықты, Белуардан қан кешіп, Намыс туын көтеріп, Жалғыз да болсаң алтауға, Шыдап көрген біз едік. Б.Мом. ~ «Біз майданда болдық. Белуардан қан кештік. Тылда жүріп, көз жасымызды көл еттік. Күн-түн демей еңбек етіп, жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Сөйтіп оны абыроймен ақтадық. Бұл Жеңіс бізге арзанға түскен жоқ». Б.Мом.
БЕЛУАРДАН КЕШТІ
а) Белінен келетін шөп, қар, суды басып өтті. ~ Суықпен осылай арпалысып, жолды көлденеңдей жал-жал боп ыққа үймелеген оппа қарды кейде тізеден, кейде белуардан кешіп, базар алабынан Ботагөз аман етті де, слабодкаға кірді. С.Мұқ. ~ Экранда кіп-кішкене ақ үрпек қыз көк шалғынды белуардан кешіп, жүгіріп келеді. М.Қаб. ~ Ленинград қорғанысында белуардан шалшық су кешіп, лайсаң окопта, күздің суық жаңбыры мен немістің ыстық оғының астында тапжылмастан бір ай тұрған. Ш.Мұрт.
ә) Неше түрлі қиындықты басынан өткерді. ~ Осы кезге дейінгі өмірі ат үстінде өтіп келеді. Соқтықпалы-соқпақты күрделі жолдан өтті. Жан азабын шекті, қайғы-қасірет теңізін белуардан кешті. Д.Рам. ~ «Бәле, жас жігіттің өмір көргені жаксы. Ол — соғыстың сұрапылын белуардан кешіп келген азамат. Енді ел өміріне қансын. Ә.Нұрш.
б) Белшесінен батты; молынан татты. ~ Осы кезге дейінгі өмірі ат үстінде өтіп келеді. Соқтықпалы-соқпақты күрделі жолдан өтті. Жан азабын шекті, қайғы-қасірет теңізін белуардан кешті. Д.Рам. ~ Азғындап-тозғындап тіршіліктің қоқысын белуардан кешіп жүрсе де, осынау тамшылар көкірегінің әлдебір кір шалмаған терең қатпарынан шымырлап шығып жатқандай. Т.Сәу.
БЕЛУАРДАН КЕЛЕДІ
Белге жететін, белшеден келетіндей. ~ Солодов қолына берілген билікке сәйкес, осыдан екі жыл бұрын орман өнеркәсіп шаруашылығына, ағаш түбірін тым биік, белуардан келетіндей етіп қырыққаны үшін, ақшалай айып төлеткен. В. Расп. ~ Санчо бұған қатты қуанып, дәудің басын көргені рас екенін, тіпті мынадай бір ерекшелігін: бастың сақалы белуардан келетінін де есінде сақтап қалғанын айтып, принцессаны сендіре бастады. М. Серв.
БЕЛУАРДАН БАТТЫ
а) Тым көп, ағыл-тегіл, шамадан тыс. ~ Қазынаның алдына белуардан бататын шырыш, желім толтырып қоялық, қараңғыда білмеген адам түсіп кетсе, шығып кете алмайтын қылып, осындай амалмен ұсталық, – депті. БС. ҚЕ.
ә) Беліне шейін, белшеден батты. ~ Тау арасының сіресіп бүтін жатқан күртік қарын кешіп келеді. Ара-арасында белуардан батып-батып та кетеді. Тырмысып жүріп шығады, әйтеуір… Борша-борша терлей бастады. Екі көзін ілгеріге қадап ентелей түседі. Ә.Кек.
БЕЛУАРДАН БАТПАҚ КЕШТІ (БАТПАҚҚА БАТТЫ)
Өмірдің талай қорлығын көрді, қиындығын бастан кешті. ~ Талай рет белуардан батпақ кешіп жасаған жорықтарымызды есіне түсірді. Ә.Нұрш. ~ Әзіл де болса шындық еді. Белуардан батпақ кешіп, таңнан қара кешке дейін дірдектеп жүріп теретін мақтамыз кербез кемпірдің шүйкесіндей-ақ. Соғыс кезінде масақ теріп күн көргеніміз рас, бірақ мақта теріп күн көру одан да қиын екен. Қ.Ысқ. ~ Кейде ойымды еріксіз сүйрелеп ала бағанның ар жағына алып шығам. Жат ел демей, жақсылығын көргім келді. Қараңғы бір түн ішінде белуардан батпаққа батқандай болам. Бар ойыңнан бір-ақ айрылып, адам үшін арман деген немене, өз еліңде салтыңа кіріп болған қандай қимасың бар еді, бәрінен жұрдай болғандай селк етіп қалам. Ғ.Мүс.
БЕЛКҮЛЛІ ҰМЫТТЫ
Біржола естен шығарды. ~ Ал жарайды! Мектеп ашылсын дейік! Сонда қалай болғаны?! Алланы, пайғамбарды балаларымыз белкүллі ұмытып кете ме?! — Қызғылт томпақ шекесін жұдырығымен ысқылап, төбеге ұрғандай тоқтап қалды. С.Ом. ~ Орысша оқығандарың жақсы, әлбетте. Бірақ өздеріңнің ана тілдеріңді белкүллі ұмытуға хақыларың жоқ сендердің! С.Ом.
БЕЛІНІҢ КҮШІ, БЕТІНІҢ АЖАРЫ (ҚЫЗЫЛЫ) ТҰРҒАНДА (БАРДА)
Күш-қайраты, жастық шырайы, көркем келбеті барда. ~ Кәрі шалға тиген қыршын жаста не сын бар. Белінің күші, бетінің ажары тұрғанда теңін іздейді де, пақыр. Ә.Нұрп. ~ …қор болмас жағыңды ойла. Беліңнің күші, бетіңнің қызылы бар кезде қатарыңды тауып ал! Ә.Нұрп.
БЕЛІНЕН БЕЛ ҚАЛМАДЫ
Әбден шаршап, белін жаза алмай қалды. ~ Әлгілердің бейнетінің ауырлығы сонша: сорғалаған тері жүзін жуып, көйлек, дамбалы былжырап денесіне жабысып шай ішкізбеуші еді. Белінен бел қалмайтын. Д.Дос.

