Жақсы күндері артта қалды. ~ Сырқат меңдеп, басымнан бақ тайғалы, Көңілімнің жүдеулі ақ тайлағы. Р.Нияз. ~ Қазір заман түзу… Әжімбеттердің басынан бақ тайғаны қашан?! Енді ол бишара қойнындағы қатынына иелік етсе де жарайды. О.Сәрс. ~ Ей, ол Шапырашты — Дулаттың Шалтабайы еді ғой, басынан бағы тайса да ол адам ғой. Б.Қыд. ~ Күдерін үзіп Қобланнан, Ертелі-кеш зар қақты, Басынан бағы тайғасын, Болғанмен қанша ардақты, Ақмоншақ атпен Қарлыға Жетіп келді орғытып Қобланның соңынан. «Қобыланды б.» ~ Бәтима: «Мен өйтпес едім!» дейді. Айтуға жеңіл. Егер Ақбаянның орнында Бәтима болса қайтер еді? Жұрт, әрине, Ақбаянды Әлжанның басынан бағы тайған соң айырылды дейді. І.Ес.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БАСЫНАН АСЫРДЫ
а). Айтылған сөзге мән бермеді, ескермеді, естімеген болды. ~ Әлпейім күліп жіберді. Көкбай Абайдың бұл сөзін де басынан асырып, естімеген тәрізденіп былай қойды. М.Әу. ~ Лима ол сөздерді басынан асырып жібергендей, естімегендей сыңай танытатын. Ә.Тар. ~ Сәкінің үстінде шүйіркелесіп отырып, жанына жақпаған бір сөзді осылай басынан асырып тастай бергенде қою қараңғылықты жамылған ағасы үй бұрышынан бұрылып шыға келді. Қ.Түм.
ә). Біреуді елемеді, қалыс қалдырды. ~ Сіз деген оқыған азаматсыз. Такт дейтін болады, сіз оны білуге тиіссіз. Жергілікті партия, совет орындарының басынан асырып, арызды ту Москваға жазғансыз. Б.Соқ.
б) Молынан, аямай д.м. ~ Бай ұлықты күтсе есінен тандырады. Бірақ бай еш уақытта: мынаны былай қып беріңіз,— деп айтқан емес; тек сый-құрметін басынан асыра береді. Ж.Айм.
БАСЫНАН АСПАЙДЫ
Ниеті қара басының қамынан артылмайды. ~ О соғылғандар кім еді? Олар пайдасы басынан аспайтын бықсыма көңіл, бояма ұлтшылдар еді; заман қалай өзгерсе, фікірі солай өзгеріп отыратын қорқақтар еді… Ж.Айм. ~ Бірақ олардың қайғы-мұңы өз басынан аспайды, яғни бірқатар ақындар өз басынан өткен қиындықтарды ғана сөз етеді. С.Дәу.
БАСЫНАН (СӨЗ) АСЫРМАЙДЫ
Ешкімді басындырмайды, есесін жібермейді; артық сөзді көтермейді. ~ Қазақша аңшы, серілігі, ешкімді басынан асырмайтын өр көңілі де бар… Т.Ахт. ~ … алтайдың жері таулы- тасты, орман- тоғайлы, көсіліп көкжиекке сіңіп жатар кеңістік жоқ, ал адамдарды да жарым сөзді басынан асырмайтын мәрт пе деп ойлаған. О.Бөк. ~ Жастық, мастықта не көрмедік. Бірақ басымнан сөз асырған жерім жоқ… О.Сәрс. ~ Е, басыңнан сөз асырмайтын, басқаға бас ұрмайтын, арыны да, қарымы да қайтпаған, бас асауы басылмаған баламын де. К.Сег.
БАСЫНАН (БАСТАН) КЕШІРДІ
Өмірде басынан өткерген оқиға, жәйт, сезім, заман; өзі көріп-білген оқиға туралы. ~ Әсіресе, бұрын тұсаулы аттай ғұмырды басынан кешірген поэзияның шоқтықты жанры – лирикаға қанат біте бастады. Ш.Сари. ~ Өзінің басынан кешірген не түрлі уақиғаларын және кемпірдің айтқан сөзін айтып, еңіреп қоя берді. С.Ом. ~Ол бакыттың бағасын өз басынан кешкендер ғана біледі. С.Дос.туралы. ~ Ойлап отырса, содан бері ол талай-талай қуанышты да, қайғыны да басынан кешірді. С.Ом. ~ Бір сәтте нешетүрлі күйді бастан кешірдім, тіпті миым ойлауды ұмытып қалғандай болды. Ж.Шам. ~ Қолындағы микрофонды қыса ұстап, әуезді саздың иіріміне шым-шым батып бара жатқандай бір ғаламат сезімді бастан кешірді. А.Үс. ~ … кешегі алдынан жан баласы өтпейтін Сталин дүрбелеңін, берідегі жуан жұдырығымен ауаны түйгіштеп «кускинь мать!» — деп кіжініп сөйлеген Хрущев, жазылған парақты қолынан сұсытып әзер оқыған Брежнев, сосынғы тәуелсіз ел боп ес жию кезеңін бастан кешірді. Д.Дос.
БАСЫНАН (БАҚ) ҚҰСЫ ҰШТЫ
Бақытынан айрылды. ~ Білмеймін не боларың, қайран көлім, Жарайды тең болмаса күн мен түнің. Итиіп қарашекпен келіп қонса, Басыңнан құсың ұшып кетер сенің. М.Жұм.
БАСЫНА ШЫРМАУ САЛДЫ
Бейнеттен айырмады, әуре-сарсаңға салды. ~ Қайғымен шал басын көтерместен екі күн жылаумен жатқанда кемпірі жатқан шалының қасына келіп, төмендегі өлеңді айтып, бұ да жылапты. Әй, алла, біз сорлыға мал бермедің, Болмаса бағып-қағар ұл бермедің, Жалғыз қыз ортамызда ермек қылған, Басына салып шырмау әуреледің! ҚЕ. («Балықшы шал»)
БАСЫНА ШЫҒАРДЫ
Бетімен жіберді; еркінсітті, қорлығына төзді. ~ Соны басындырып, басымызға шығарып, құтыртып алған бар күнә өзімізде. Қарын шашы алынбаған бала сияқтымыз ғой. – Қорқақпыз, қуыс кеуде құр сүлдерміз, тірі қаңқамыз. Ғ.Біл
БАСЫНА ШАҚҚАНДА
Әрбіреуіне есептегенде. ~ Түтін салығынан құтқарамын деп от басын кем жаздырған өзің едің, переселен басқармасы: жан басына шаққанда мұжықтар сыбағасынан күр қалып, қазақтар шалқып жатыр, артық жерді қайта бөлісеміз деп шатақ шығаруда. Қ.Ысқ. ~ Ауылыңа барып қайт дегенде, ағайынға жағдай айтып жылу жина деген сөзім емес. Ақсақалдардың алдынан өт. Сонда өкпе-кінәдан мені де аршып аласың… — Аға, түсіндім… — Үйсе көп, үлессе азғантай дүние ғой. Үй басына шаққанда, төрт тоғызы бес қарадан келмейді. Таңсыққожа Әліқұл тұқымы жиырма шаңырақтан асқанын еске алып отыр. З.Шүк.
БАСЫНА ҮЙ ТІГІП, БАУРЫНА ҚАЗАН АСТЫ
Отау құрды, үйлі-баранды болды. ~ Жастық шағын ауылда өткізген ол есейіп, бой жеткен соң осы Минчиннің етегінен ұстап, екеуі де ел қатарлы ерлі-зайыпты боп, басына үй тігіп, баурына қазан асты. Е.Мұх. ~ Ол осы кеңес өкіметі арқасында басына үй тігіп, бауырына қазан асып, қатын құшақтаған, түтін түтеткен. І.Жанс.

