БАУЫРЫ ЖЕР СЫЗДЫ

Жерге тиді. ~ Кеш түсе батыстан жел көтеріліп, қап- қара бұлттарды үйір — үйірімен тықсыра қуып келіп еді. Бауыры жер сызған сол бұлттар бірін- бірі жентектей басып, бірін- бірі желкелей қуып, қабат — қабат жөңкіліп оралды, жөңкіліп оралды да, қапырық ауаны нығыздап, көк пен жердің арасын найза бойындай аласартып тастады. C.См.

БАУЫРЫ ЖЕР СЫЗДЫ Read More

БАУЫРЫ ЖАЗЫЛДЫ

Шабысын үдетті; ағыза жөнелді. ~ Ұшқан құспен жарысып, Әбден қызып алғасын Тұлпардың бауыры жазылды. Төрт тұяқтың басқан із Жер ошақтай қазылды, Тақиядай көрмеді Жібек сындай қызыңды. «Қыз Жібек». ~ Астындағы торы бедеудей бауыры жазылып алған Күнікей, құдай берген өнерді аясын ба? Ж.Айм. ~ Шаппай бәйге алайын деп пе едің? Он бес шақырымсыз аттың бауыры жазылмайды, одан да әрі созу керек, — деп атына сенгендер киіп кетті. Б.Майл. ~ Жануар бауыры жазылған соң, қайыстай созылып, бүктетіле тартты. З.Шүк.

БАУЫРЫ ЖАЗЫЛДЫ Read More

БАУЫРЫ ЖАЗЫҚ

Жүйрік аттың белгісі. ~ Мен мұны туған күні- ақ тұлпар деген едім, сол рас екен, көрдің бе, сырты қысқа болғанымен бауыры жазық, нағыз тұлпардың өзі. Ә.Әб. ~ Ат болатын құлынның, бауыры жазық келер Адам болатын баланың, маңдайы жазық келер. М.-М. ~ Өзі санды, дөңгелек келсе көтті. Сырты қысқа, бауыры жазық келіп, Арты талтақ, ұмасы үлпершекті. Шідерлігі жуандау, бота тірсек Бейне жел тынышты, екпінді мініп жүрсек. Абай.

БАУЫРЫ ЖАЗЫҚ Read More

БАУЫРЫ БҮТІН

Басы аман, төрт түлігі сай, қайғы-мұңсыз. ~ Мүсірәлі тіршілік шіркіннің тұрақсыздығын, бұл жалғанда бауыры бүтін бенденің жоғын, түбінде баршамыздың барар жеріміз бір екенін айтты. Т.Әл. ~ Сендер ғой, — деді қария манағы Көкібай баласына қарап. — Бағана аз ғана бөгелгенім үшін сөктіңдер, жұмысқа кедергі жасағандай болдым. Балам бар, бауырым бүтін шағым еске түсіп, ойға батып кеткенмін. Биікке шыққан соң қыстау жаққа көз саламын деп… — Қария кінәлі адамдай төмен қарады. З.Ғ.Им. ~ Еліміздің ұйтқысы болып келе жатқан әдет-ғұрпы бар. Сендей ақылды адамдар сол ұйытқыны бұзбас болар. Бүгін басы аман, бауыры бүтін ел, ертең, басы ауырып, балтыры сыздамасын біле бермейді. Ғ.Мүс.

БАУЫРЫ БҮТІН Read More

БАУЫРСАҚ МҰРЫН

Домалақ келген, келте мұрын. ~ Ағам отау болып, енші алып кетті. Інім Семейде оқуда. Шешеміз жылқы жылы құрт аурудан қайтыс болған соң, әкеміз бір кедейлеу адамның ақ құбаша, бауырсақ мұрын жаңа өспірім қызын беріп қойған жерінен он бес қараға бата бұзып алып еді, тоқал бұ күнде әкейдің мойнына мініп алды. Ж.Айм. ~ Бауырсақ мұрын , қамыт аяқ Базарбай: «Қуан аға екеуіңіз шақырып келтіре алмайтын, имандай ұйитын адамымсыңдар. Жә, райымнан қайтайын»,— деп ет- жеңді ірі денесі іркілдей, маңғаз кергісе де ілкіде көнген. М.Сүн. ~ Көріксіз емес, қолаң шашы беліне түскен, үлкен тана көз, бауырсақ мұрын жуан сары қыз. О.Сәрс. ~ Қозы қарыны томпайып кеткен, анау бауырсақ мұрын мен етекті ерін, сұйық қасы сол баяғы қалпы… М.Сүнд.

БАУЫРСАҚ МҰРЫН Read More

БАУЫРҒА ТАРТТЫ

Жақын көріп, ішіне тартты. ~ Алыстағы ағайынға ақыл айтып, бауырға тартуға елдер арасын¬дағы алауыздықтар бөгет болды ма, кім білсін?! Сәбит Мұқановтың Қытайға ат басын бұрып қайтқанын айтпағанда, Қазақстандағы мүйізі қарағайдай қаламгерлер «Шетел қазағында не бар, не жоқ» онымен санасқысы келмеді. Ж.Шәк. ~ Елім деп еңіреп келген қандастарымызды бауырға тарта білейік. БАҚ.

БАУЫРҒА ТАРТТЫ Read More

БАУЫРҒА БАСТЫ (САЛДЫ)

Отбасы дәстүріндегі бала асырап алудың бір түрі.
~ Мынау кенжеңіз бе? — Жоқ. Жақын ағайынның баласы. Кішкентайынан бауырға басып алғанбыз. Б.Тоғ. ~ Бұл үйде шет елден әкелінген бала бар деп естігенбіз. Аудармашы Кареннен бауырға басқан баланың аты-жөні, ұлты қайдан екенін қайта-қайта сұраймын. Ол да жауап беруден жалығар емес. Ә.Ысқ. ~ Менің әкелгенім алты-ақ бала. Бәріңе жетпейді. Және, қазір баурыма салдым деп алып, ертең өгейсітіп жүрсек тағы қазақшылыққа жатпайды. М.Мағ.

БАУЫРҒА БАСТЫ (САЛДЫ) Read More

БАУЫР ТҰТТЫ

Туыс көріп, ішке тартты, өзіне жақындатты, жақсы көрді.
~ Қазақ пен орыс төбелесіп жатса, орыстікі зорлық деп ұққысы келеді. Бірақ орыстан көрген жақсылығын ұмытпайды, орысты да бауыр тұтқысы келеді. Ж.Айм. ~ Оны Зиба әпкем біледі екен, Изаға: «Әулиеатаға кел, Төлен майданнан қайтқанша менің қолымда бол» деп хат жазыпты. Ай, бауырмалым-ай, бұрын көрмеген Изаны бауыр тұтып, келінім деп түсініп, жанына шақырғанда қаншама қасиет жатыр… Ш.Мұр. ~ Сол үйде жатып біраз оқыған соң Ташкентке барып, зоотехникумға түскен, оны осыдан бір жыл бұрын бітіріпті. Өзі де Ташкентте оқыған Әли Әбиболланы бауыр тұта бастады. Б.Тоғ.

БАУЫР ТҰТТЫ Read More

БАУЫР ЕТІНЕН ЖАРАЛҒАН

Туған баласы, төл перзенті. ~ Қайсысын айтайық, әлі есімде аталас бір ағамыз кіндігінен перзент көрмей, інісі бауыр етінен жаралған баласын қиып ағасына берді де, отбасымен нағашыларына көшіп кетті. Ж.Аяз. ~ «Тоқал байдың бауыр етінен жаралады» деп бауыр басып қалғаныңды мен білмеймін бе?. С.Смат. ~ Перзент десем, бауыр етінен жаралған екі баланы туыстарына тастап, оқымыстыға қашып кеткені несі? М.Қаб.

БАУЫР ЕТІНЕН ЖАРАЛҒАН Read More

БАУЫР ЕТІ БАЛА

Бел баласы. ~ Немере бауыр еті баладан гөрі ыстық. Әжең нені ойласа, соны айтатын ақ көйлек адам. Кезінде бүкіл ауылға ерке келін атанған, бетін бар, жүзің бар демей тура айтады»,- дейтін көкем де. М.Қаб. ~ Буддаға астындағы алтын, күмбезді сарайынан, сұлу жардан, бауыр еті баладан, жан қиысқан достардан безіп, бүкіл Үнді жерін жалаң аяқ, жалаң бас қайыршы боп безіп кетуіне себеп болған не? Т.Әбд. ~ Қайғы жамылып, қасірет арқалап жүр ме екен?! Сыңарынан айырылды ма, жоқ әлде бауыр еті – балапандарын жоғалтты ма?! Д.Рам.

БАУЫР ЕТІ БАЛА Read More