Көп сөйлемей-ақ. ~ Сондықтан күзге жақындаған кезде өзі тоқтағанда, іштегі ниетін ұрыларына сездірмей, олардың жүрісін өзі де сезбегендей бола қалған. Бір ауыз сөзбен оларға ақыл да, тоқтау да айтпаған. М.Әу. ~ — Апа! — дедім, бар сағынышымды сол бір ауыз сөзбен ғана айта алатындай. Ғ.Мүс. ~ Ұлтымызда сөз киесі айрықша. Бір ауыз сөзбен тағдыр шешілген, бір ауыз сөзбен соғыс тоқтаған. «Сөз сүйектен өтеді». Ж.Аяз. ~ Осы бір ауыз сөзбен ой – мақсатын жеткізіп, әрі көңілдегі бар түйткілді сейілтпек болған Құнанбай мырза есебінен жаңылмапты. Т.Жұрт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР АУЫЗ СӨЗ АЙТПАСТАН
Әй-шәй жоқ; түк деместен. ~ Қанды көз бір ауыз сөз айтпастан құшақтауға бір де ұмтылмастан шығып бара жатқанда Бике бұрынғы қор– қорды қойып, енді ермекке менің қызығым қалмаған екен деген қауыпқа кіріп, тынышы кететін болды. Ж.Айм. ~ Әл үстінде жатқан Әкеге де өзінің әскери комиссариатқа емес, Бандыға ілесіп кеткені жөнінде бір ауыз сөз айтпастан аттарының басын Сауырдың қарлы, қарағайлы биіктеріне бұрған. К.Сег. ~ Басын төмен салған күйі ақырына дейін тыңдап отырып, бетінің отын шығара қызды шапалақпен бір тартты да, бір ауыз сөз айтпастан орнынан тұрып жүре берді. Қ.Жұм.
БІР АУЫЗ СӨЗ АЙТПАДЫ
Ештеңе демеді, үндемеді. ~ Нүнзаның қыңсылаған күшіктің дауысындай, шырылдаған дауысын естіп, жіңішке жирен мұртын тістеп, көк сасыған жұмырығын қатты түйіп, көгерген терезеге түксиіп қарады. Солай көп отырды, бір ауыз сөз айтпады. Ж.Айм. ~ Г ү л ж а н . Осының бәрін бірінші рет бүгін естіп отырмын. (Исабекке) Сабыр туралы осы уақытқа дейін неге бір ауыз сөз айтпадың? Қ.Мұх.
БІР АУЫЗ ӨЛЕҢ
Шағын ғана, қысқа қайырылған ән, өлең. ~ Нияз бір ауыз өлең айтқанда-ақ тыңдаушылар бір-біріне қарасып, сүйсініп бастарын шайқады. С.Сей. ~ Қыздар: «Мынау қай жақтан шыға келді?!» дегендей ауыздарын ашып қарай қалды. «Өзімді қошамет қып, əн салды ғой» деп, Күнікей бір ауыз өлеңді бітіре бергенде Шəмши бір қопарылып, мойнын бұраң еткізіп: – Əй, Күнікей-ай! Сен бір жанып тұрған отсың ғой! Е, көңіл ашар деп осыны айт! – деп көпшіктеген болды. Ж.Айм. * Жаңылдың есіне Ақан айтатын «Қыз сипаты» деген өлеңінің бір аузы түсті: «Алтыншы бір қыз келер толық сары, Бойына тең келмейді жанның бәрі. Лайықты өзіне тең таппаған соң, Кетпейді көкіректен қайғы-зары…» С.Жүн.
БІР АТЫМ НАСЫБАЙДАЙ (НАСЫБАЙ СЕКІЛДІ)
Түкке тұрғысыз, болымсыз. ~ Заржақ бір әнші болушы еді, кім көрінгенге қосшы болатын. Ән қадірін түсіріп, бір атым насыбайдай, арзан етуші еді. Б.Тоғ. ~ Ойбай–ау, ойбай, құдай қайда деп жүруші ем, құдай мында отырады екен ғой, – деді кеңсені қолымен көрсетіп. – Өзінің бір атым насыбай секілді мұрты болады екен… Т.Әб.
БІР АТЫМ НАСЫБАЙҒА ТАТЫМАЙДЫ (ТҰРМАЙДЫ)
Түк құны жоқ, арзан, болымсыз. ~ Соңғы кезде Қуан аты ыстық ілтипатпен ауызға Айжан арқылы түсетін, құрдастары: Өзін қойшы соның, бір атым насыбайға татымайтын. Қуанға ақша берсең жақсысың»,— деп әжуалайтын. М.Сүн. ~ Тапқан еңбеккүніме не төлейтінін бір жыл күтетінмін! Сондағы төлейтіндері – бір атым насыбайға да тұрмайды. В.Шук. ~ Өзінің ақымақтығынан, көзсіз есерлігінен, бір атым насыбайға да тұрмайтын нәрсе үшін опат болған кісі артына ақымақтықты, бейбастақтық пен көзсіз есерлікті тастап кетеді. В.Рас.
БІР АТЫМ НАСЫБАЙҒА ӨКПЕЛЕДІ
Жоқтан өзгеге бұртиды, ренжіді. ~ Бір ауыз сөзге тоқтап, бірігетінің бар да, бір атым насыбайға өкпелеп, іритінің де бар-ау. К.Қаз. ~ Аудан орталығына жолы түскенде Тұрсынғали біздің үйге соқпай кетпейді. Менің бір аңғарғаным, қазақ өкпешіл халық, тіпті «бір атым насыбайдан көңілі қалады» демекші, кішкентай нәрсеге де өкпелеп қалады. Т.Ахт. ~ Кешегі аста сау болып келіп, бір-біріңе жау болып кеттің. Шатырбай мен Нарғазының арасындағы егес емес, Қармыс пен Медет арасындағы егесті көргендей болдым-ау. Бір ауыз сөзге тоқтап, бірігетінің бар да, бір атым насыбайға өкпелеп, іритінің де бар-ау. К.Қаз.
БІР АТТАМ
Бір қадам қашықтық. ~ Аспан асты Сарыөзектің ұлы даласы бір қиырдан бір қиырға дейін созылып жатыр, бірақ Ана-Бейітке өтетін бір аттам жер жоқ. Ш.Айт. ~ Сен қанша жұбатсаң да, Бәкизат жуық арада өзіне-өзі келе алмай, талдырмаш нәп-нәзік денесі дір-дір етіп бауырыңа жабыса түсіп еді-ау. Осыдан кейін Бәкизат сені қасынан бір аттам жібермей, қос қолдап жабысып ұстап алды. Ә.Нұрп. ~ Боранқұл өзінің бір аттам ізіне екі аттап басатын Гүлсімнің адымына шақтап жүрісін баяулатса да, екі-үш тұмсық айналмай жатып Гүлсім қайта отырды. Ғ.Біл.
БІР АТАДАН ТАРАҒАН
Шыққан тегі, қаны бір. ~ Мен бастан бандит емеспін. Өйткені тап күресі дегендеріңізге де мен еліге қоймадым. Ал шынымен колхоздастырудан мен үлкен үміт күткенмін. Бірақ оным желге кетті. Мен бір атадан тараған он үйден жалғыз қалдым. Бәрі аштан қырылды. Тігерге тұяғын қоймай, бар малын тартып алдыңыздар. Б.Қыд. ~ Қазақтың айтпайтыны жоқ. Қазақ айтты екен деп жүрісімнен жаңыла алмаймын, шырағым. Ал аталастыққа келсек, бәріміз бір атадан тарағанмен, оның әулеті шынжыр балақ, шұбар төс болды, менің әулетім кисе киімге, ішсе тамаққа жарымаған. Н.Дәу.
БІР АСҚАНҒА БІР ТОСҚАН
Асып-тасып, менменсіп кеткен адамның қалай да бір жолы кесіледі. ~ Бір асқанға, бір тосқан бар– ақ деген, Талайдың қисық деуші ем құрған тезін. Шіркін– ай мұндай жүйрік туармысың, Сөйлейсің алтындай ғып сөздің жезін. Біржан сал. ~ Соған Алдар көсе иланады да, атынан түсіп, қатынға береді. Қатын атқа мініп, бесікті алдына алып, суға түсіп кетеді. Судың ортасына барған соң бесікті суға тастап жіберіп тұрып айтады: – Бір асқанға бір тосқан осы деген, бәлем, әлі жас екенсің, мұрт-сақалың шыққанда мені алдарсың, – деп, жүре беріпті. ҚЕ. «Алдар Көсе».

