Түк істемейді, шөптің басын сындырмайды; онсыз күні жоқ. ~ Күні кеше бұл екі колхоздың арасына жаяу жүгіріп кете беруші едік. Енді жұрт машинасыз бір адым аттамайды. Бұл күнде екі арадағы жалғыз аяқ суыртпақ жол да жоғалған. Ш.Мұр. ~ Өзі сұйық ішпесе бір адым аттамайтын есектен бетер пақыр екен. Бағанағы алып кеткенім жұмырына жұқ болмады — деп, Рахия алдына қойған бір кесе шәйдi суытпай-ақ сіміріп сап, «тағы құй» дегендей кесені шиіріп жіберді. Қ. Түм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР АДАМДАЙ КӨРМЕДІ
Саны көп дұшпанын оп-оңай қырып салды. ~ Етіне киген жейде еді, Маңдайы шып-шып терледі. Біршымбайдың қайраты Барған сайын өрледі. Самсап тұрған ерлерді Бір адамдай көрмеді. «Қара Қыпшақ Қобыланды».
БІР АДАМДАЙ
а) Тәп-тәуір, ешкімнен кем емес д.м. ~ «Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деп ешкім мұның бетінен қаққан жоқ. Жылқының бабын бір адамдай біледі. Өзіне де бір үйір жылқы бітті. К.Қаз. ~ Бай үйінің айран-шалабын көз сатқанша, еліне қосылған көп артық. Аштан өліп жатқан ешкім жоқ. Әкесі бір адамдай күнін көреді. З.Шүк. ~ Өзіне салса, балдырлардың арасынан мәңгілік орын тапса, ешбір өкінбейді. Былайғы өмірдің қызық– шыжығын бір адамдай көрді ғой. Қалғаны жер басып тірі жүргендерге… Қ.Жиен.
ә) Ұйымдасқан түрде, жинақы әрекет етті. ~ Жауынгер түгел, жолдас лейтенант! Сигнал бойынша бәрі бір адамдай вагонға мінді,– деп баяндады Байсарин. Т.Ахт. ~ Ал үш бұрыштың артқы екі бұрышында келе жатқан екі жігіт алдындағы бала жауынгерге төніп солдаттарды қағып тастап отырады. Осылай бір адамдай қимылдаған үш жігітті қандай жау болса да ала алмайды. І.Ес. ~ Қуаланды қу байтал халімде жарық көрді. Жұрттың бәрі бір адамдай жақсы қабылдады. Көргісі келмегендер көрмей-ақ қойсын. М.Мақ.
БІР АҒАТТЫҚ КЕТТІ (ӨТТІ, ЖАСАДЫ)
Жаңсақ басты, қате жіберді. * Тыңдай беріңіз. Кешегі ұлы Отан соғысында жүрген кезімде мен бір ағаттық жасадым. С.Шайм. * Қасында қонақтарың бар, жай да емес, қалам ұстаған жігіттер. Бұлардан ол да бір ауыз ілтифат күтеді. ─ Бір ағаттық кеткен екен. ─ Оны түзету қиын емес қой. Қ.Ысқ. * — Мәке! Бір ағаттық өтті. Білместік менен болды. Шарбағым құлап жатыр… ешкі кебенектің жүрмейтін жері жоқ. Бақшамды таптап… Үйге қайтайын, ә… С.См. Төлебай ағаны білдім. Анау кім екенін түсінбедім. — Төлебайға мойын бұрды. – Сіз де кешіріңіз, аға, ініңізден бір ағаттық өтті. Енді қайталанбайды. Б.Ыбыр. * Сіңлім, әлгінде өкпелеп қалған жоқсың ба? — Тәте-ау, неменеге өкпелейін. Қайта, сіз… мені кешіріңіз… Бір ағаттық жасап алғаным… С.См.
БІР АБҰЙЫРЫ (АБИЫРЫ)
Сәті болғанда; бір жақсысы. ~ Құлагер болмағанда кім екенін бай аңдап қалатын еді. Бір абұйыры жүйрік аттың арқасында жігіт құтылып кетті. Ж.Айм. ~ «Бір абұйыры, жалғыз екен, — деді шал іштей бір есеппен. — Бұған тағы біреуі қосылып, екі жақтамаса болғаны. Біреуіне алдыра қоймаспын» деп кісесінен үлкен қара кездігін алып, қолына оңтайлап ұстап жүрді. Қ.Жұм. ~ Тегінде, Әзиевті суқаны сүймейді. Тереңдеп ештеңені ойлай алмайтын болбыр адам сияқты. Әйтеуір, бір абиыры — туыстары көп. С.Мұр.
БІР АБҰЙЫРСЫЗДЫҒЫ
Қырсық шалғанда; ұят болғанда д.м. ~ Кездікті қалың теріге қадап, қолмен де іреп сыпыра бастадым, ол сөйлеп жатыр: «Үйіме жетіп, мал жаруды үйренгеннен былай қыр елінің жылқысынан жылқы қоймадым… Қысқартыңқырап айтайын, содан алдыңғы жылы ғана қапы соғып қақпанға түстім. Бір абұйырсыздығы ұлы дәретке отыра беріп, нақ қыл құйрықтан түскенім. Шайнап тастайын деп бұрылсам, аузым жетпейді. Ж.Айм.
БІР (ЕШ) ӨТІРІГІ ЖОҚ
Айдан анық шындық. ~ Рас, рас… ─ деп Алтын көзін сүртті. — Бір өтірігі жоқ. Оны інім деп қалай жақтайын, ісі қисық болса… С.Шай. ~ Бұл үшін мемлекеттен миллиондаған сом ақша алады!—дедім мына мен. — Ал енді өздерің көріңдер! Мен осында өтірік айттым ба? — Бір өтірігі жоқ. С.Бақ. ~ Ол тегінен салмақты, біртоға бала болатын. Көп нәрсені, әсіресе кербездікті, тектілікті содан үйрендім десем бір өтірігі жоқ. О.Бөк. ~ Бұл келіншектің сұлу жүзін, жұмыр мойнын, сол¬қылдаған денесін құмарта бір шолып өтті де, құданың құдыреті, сол жерде ғашық болды да қалды. Еш өтірігі жоқ. Т.Сәу.
БІР (АСТЫҢҒЫ) ЕРНІМЕН ЖЕР ТІРЕП, БІР (ҮСТІҢГІ) ЕРНІМЕН КӨК ТІРЕП
Ерекше күш-құдырет иесінің сипаты. ~ Алты ат кетіп қалған соң, Бір сарғыш ат келеді Жауған күндей сіркіреп, Жарылған жердей күркіреп, Бір ернімен жер тіреп, Бір ернімен көк тіреп. «Ер Қосай». ~ Наполеон үстіңгі ернімен көк тіреп, астыңғы ернімен жер тіреп, даңқы әлемді тітірентіп тұрғанда, қыз құрып қалғандай, Жозефина деген жесір әйелге үйленіпті. Ш.Мұр.
БІР-БІРІНЕ СЕП
Біріне- бірі көмек, сүйеу, алданыш. ~ Табайынан айрылған Жүзік те, Жақсыбаладан айрылған Айгүн де жарым көңіл. Үш жесір бір сәт сөйлессе де бір-біріне сеп. Жағдайын білейін деп, бір күні Шәйі Жүзіктікіне барды. Б.Нұр. ~ Құдай жарылқағанда Еренсіз демеу. Бұл жасы қырықтардағы бітімі еркек тақылес, діні жуас, сөзі аз әйел еді. Шөпті екеулеп тиеп, бір-біріне сеп. Ара-кідік қол суытқанда басқадай әңгімесі жоқ Еренсіз күйеуін жоқтайды. Н.Дәу.
БІР-БІРІНЕ ҚАЙРАП САЛДЫ
Арандатты, арасына от салды. ~ Кезінде қызыл империялар (жүйеден кеңестік және қытайлық) қазақтарды басқаруда олардың рулық алауыздығын пайдаланып, бір-біріне қайрап салып отырған еді. Ж.Шәк.

