Алла жар болсын д.м. ақ тілеу, бата. ~ ЬӀнта, бейілімен соған қарай ауып кетіпті. Бізге жоқ болып, қолымыздан шығып кеткен бала. Тек бетінен жарылғасын! М.Әу. ~ Шоқан да бірге кетіпті. Бұл хабарды естігенде: – Бетінен жарылғасын, – деді Шыңғыс қатал даусын жібітпей. С.Мұқ. ~ Бәрін билеп-төстеп әкеткен мына қатын сараң. — Е, бетінен жарылғасын! Біздің үйде де бәрін билеп кеткен бір жан бар… Оның да бетінен жарылғасын! Ғ.Мүс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БЕТІНЕН БАСТЫ
Қысылды, ұят көрді, арланды. ~ Алтыбақан басына қараңғыда көрінбей барған жігіт жастардың аузындағы үрейлі сөзді естіп, Жалмұқаннан жасқана отырып айтқан. Ақтоқтыны жоғалтқан Тастан да қашан табылғанша бетінен басып, үйіне келмей қойды. С.Жүн. ~ Есіктің алды көл болып жатыр. Есегін жетелеп, жағаға келді. Су ішті. Беті-қолын жуды. Енді қалған екі қыстау… Олай қарай жүруге бетінен басқандай… З.Шүк. * Елден келген кісілерді іздесе, бұл, әдетте, Теміркенің көк дүкеніне баратын. Онда Тәңірберген жатыр деп есіткесін бетінен басты. Ә.Нұрп. * — Әлеумет алдында сөйлесуге беттеріңнен басасыңдар, ә, жасырын жымысқы әрекетке үйренген бейшара мүбәшаралар. С.Жүн.
БЕТІНЕН АЯЗ СҮЙДІ
Беті суықтан қызарып кетті. ~ Жеткенше аяқ-қолын домбықтырып, Бетінен тызылдатып аяз сүйген. М.Дулат
БЕТІНЕН АЛА ТҮСТІ (алды)
Арс етіп, ожар түрде жауап берді, қарсы шықты. ~ Тұмсыққа жейтіндігін бұрын да сезуші едім. – Ондай әулиелігің болса бетінен ала түспей айға бата қып жүрдің бе? – Бетінен алған емес, тура ғана төбе құйқасын шайнап, төбесіне шай қайнатқан рәуә болар еді. Ғ.Біл. ~ Ас-суың әзірленді ме? — Келіншегі бетінен ала түсті. – Сенің-ақ қолқабысыңды көрмедік. Қараң қалып бара жатқандай, кеңсеге жүгіресің де тұрасың. Қонақ шақырасың да, бар шаруаны маған қалдырып, қараңды батырасың. Аяу, ойлау деген жоқ қой сенде. Д.Дос. ~ … тұнжыраған малай Григорий бұл жолы жаңа барыняны жақтап, соны қызғыштай қорғап, Федор Павловичтің бетінен ала түскенде өзінің жаман малай екенін де ұмытып кететін болады… Ф. Дост.
Ашуына мініп, дөрекі уәж айтты. ~ Мына кісі төреге насыбайды тастасаңшы дегенде, анау: «мен насыбайымды тастайын, бірақ, Шыңғыстың бөктеріндегі шашты сайтаныңды сен де тыйсаңшы!» деп бетінен алыпты дейді. М.Әу. ~ Қадыр сабырлылық тілеп, басу айтса, бетінен алды. Шаруадан басқаны білмейтін жуас күйеу, көк айыл әйеліне қарсы ештеме айта алмай, мұрнын тескен өгіздей жетегіне еріп жүре береді. С.Жүн. ~ Қанабалға да не зорлық, мүмкін оған да жоғарыдан бір тықыр таянған шығар.
– Тықыр-мықыр! Неғылған тықыр. Осы сен де күн жаумай су боласың да, отырасың, – деп ашуға булыққан Нұртаза Сүлейменнің бетінен алып тастады. С.Жүн.
БЕТІНЕН (ЖҮЗІНЕН) БОЗДАҒЫ ШЫҚТЫ
Өңінің әрі кетіп, қаны қашты, жүдеу тартты, жабырқады. ~ Адамның қарны ашып, күйі кетіп, әлсіреген кезде, бет-әлпеті, өң-түсі өзгеріп, қаны қашып, бозарып, сұрланып, беті шаңыттанып, бет түгі үрпиіп көрінген сол сәтін қазақтар «бетінен боздағы шықты» дейді. Ж.Баб. ~ Ел басшысының жүзі көктемгі қыр беткейді елестетті. Қабырғадағы айнаға қарап еді, өз бетінен боздағы шығып кетіпті. Көзін тайдырып әкетті. Д.Дос. ~ Аш қойшыға нан керек, Боздағы шыққан бетінен, Тоңса да қойшы жан керек, Қалмайды қойдың көтінен. С.Сей. ~ Қарадық та, селт етпей жанарымыз, Алжығанға санадық Ананы біз. …Бораны ұлып, бетінен боздағы ұшқан, Сұлап жатыр далада жаралы күз. М.Мақ. ~ Түлігім жатқан тепсеңге Өгей шөп әкеп өсірдім. Өгейлік емей немене, Қамшысын жедім көшірдің. Боздағы шыққан бетінен, Жетімі құсап жесірдің. Н.Айт. ~ Жолдыбай көзін қулана сығырайтып, жүдеу жүзінен боздағы шыққан арық қызды, жас балаша тік көтеріп, маңдайынан сүйді. Т.Рыс.
БЕТІНЕН (ЕКІ БЕТІНЕН) ҚАНЫ ТАМҒАН
Жүзі шырайлы, ажарлы. ~ Сұңғақ бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей құлаш жаурын, тіп-тік келген, ат жақты, екі бетінен қаны тамған аққұба түсті. І. Ес. ~ Жаңа ғана жігіттердің бәрін оригинал деп мақтағаның қайда? Апайларымыздың да бетінен қан тамып тұр. М.Қаб. ~ Екеуінің алғаш қосылған кезі Уәзипаның әлі күнге көз алдында. Ол күндерде бұл отыздың мол ішінде болса да, құрсақ көтермегендіктен екі бетінен қаны тамған керім келіншек болатын. С.Мұр.
БЕТІНЕН (БЕТТЕН) АЛДЫ
Қарсы келді, ожар мінез көрсетті. ~ Қарамастан қайғыға ұрған көзге, Үлкен жолдың үстінде тұрған кезде, – Беттен алды кетіріп берекені, Есіп есер суық жел қырдан кезбе. А.Әлім. ~ Сосын шешесінің осынау өкімет өкілінің бетінен алып, талауын қалай қайтарып тастайтынын да, сол арадағы ұлына, Павелге өктем пішінмен, жаны ауырып қарайтынын да анық көрді… В. Рас. ~ Өзім де қатып кеткендей қатты елірдім бүгін. Ерлан, Мұрат ағайлардың бетінен алыппын. Қасен, Семейхандарды алдадым. Білгенімді істеппін. М.Қаб. ~ Қ а д ы р ж а п. Әй, сен үлкендердің бетінен алма. О несі-ай… Бригада, бригада деп қайдағы бір жоқ нәрсені… Т.Ахт. ~ Ең сүйгені мектеп еді, шәкірттері беттен алып тұрса онда қалай қала алады? Қара жұмыстың өзіне түспесе тыныштық жоқ сияқты. Ғ.Мұст. ~ Батырхан: «Бiр сөз айтсаң арс етiп беттен алған, қатыннан ұяты жоқ сақта құдай!» деген өзi бiлмейтiн, танымайтын дана ақынның мәтел боп кеткен сөзiн есiне түсiрдi. Р.Рай. ~ Жай табан етігін қонышынан басып, жаман тымағын қисайта киіп, іш ауру болған адамдай көзі тікірейіп, Шегір алдыңнан шығады. — Е, ылау жалғыз маған міндет пе екен? Жектір басқадан,- деп ол орындаушыны беттен ала түседі. Б.Май.
БЕТІНЕ ШІРКЕУ, ЖОЛЫНА ТҰСАУ (БОЛДЫ)
Бір жағынан жұрттан ұят болды, бір жағынан жолын кесті, кедергі келтірді. ~ Арифметикасы түспегірден үшінші тоқсанның қорытындысына екілік шығып, бетіне шіркеу, жолына тұсау болғаны бар емес пе? Т.Нұрм.
БЕТІНЕ ШІРКЕУ ТҮСТІ (КЕЛТІРДІ, ЕТТІ, САНАДЫ)
Абыройына кір келтіретін, жұрт алдында ұятқа қалдыратын сөз не іс туралы. ~ Ал менің практикалық жұмыста анық бір көзім жеткен нәрсе, пікір таласы болмаған жерде шындық болмайды, оның бетіне шіркеу түседі. Б.Қыд.~ Шешесі «керек адамдардың» бетіне шіркеу келтіретін әлденені ұлы айтып сала ма деп қауіптеніп тұр, одан басқа не дейсің. М.Қаб. ~ Ал қыз бала жасымай жарқырап жүруі үшін заманына сай білім алып, ертең ешкім бетіне шіркеу етпестей тәрбие де алуы тиіс. З.Төл. ~ Ал ендi құда болғым келген ниетiмдi қолдап, қоштамағаныңызды бетiңе шiркеу санамай-ақ қой. К.Сег.
БЕТІНЕ ШІРКЕУ БОЛДЫ
Ұятқа батты; ел бетіне қараудан қалды. ~ Көзілдірікті кішкене қыз төмен қарады. Ұялып қалды. Екі жастың арасындағы манағы бір оқыс қимыл әсіресе осы баланың бетіне шіркеу бола беретін сияқты. C.Шәй. ~ Ел маңынан өткендер «қарақшылар қонысы», «ұрының ұясы», «алаяқтар ауылы» деп өтетін болса керек. Қара таңба әркімнің бетіне шіркеу болып, жүздері төмен жүреді. Б.Мом. ~ Рулардың тегін, дәстүрін жете ұғындырып, ағайынның бетіне шіркеу болатын олқылықтарды іліп алып, әжуаға айналдыруға машықтандырады. Б.Омар. ~ Кешегі қауесет бетіне шіркеу боп, бойын тежеп, аяқ-қолын бүріп
отырғанын қарашы, лағынет! З.Шаш. ~ Өзi Жосалыдағы орта мектептi бiтiрiсiмен, Алматыдағы университетте оқып жүрген кезiнде, әкесiнiң өткендегi қызметi бетiне шiркеу боп, окумен қош айтысқан. Б.Алд.

